Биыл – әйгілі әнші-композитор, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Мұхит Мерәліұлының туғанына 185 жыл. Үш жүзден ән оздырған өнер саңлағының мерейтойы туған жерінде кеңінен аталып өтіп жатыр.
Осындай мағыналы да мәнді іс-шараның бірін жақында Қаратөбе ауданы ұйымдастырды. «Мұхит баба ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция аясында аудан делегациясы Ақтөбе облысының Қобда және Ойыл аудандарына барды.
«Біздің бұл сапарымыздың мақсаты – Мұхит Мерәліұлының мол мұрасын насихаттау, ұлттық өнерді дәріптеу және өңіраралық мәдени байланысты нығайту» деген еді делегацияны басқарып барған аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев. Шынымен де ауы-лы аралас, қойы қоралас жатқан көршілес өңірдің бір-бірімен осылай етене араласуы, өнер алмасуы ертеден келе жатқан үрдіс екен.
Осы сапарда батысқазақстандық дәстүрлі әнші, Мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжановпен бір көлікте отырып, әйгілі әншінің өмір жолы мен шығармашылығына қатысты талай сырға қанық болдық. Мұхит ән мектебінің көрнекті өкілі болған Ғарифолла Құрманғалиевтің соңғы шәкірттерінің бірі Сағадат ағаның өзі де Мұхит мұрасын дәріптеп, дәл осындай өнер сапарына талай шыққан екен.
– Мұхит әншінің өмірінде бұрмаланған тұстары көп болды ғой. Мысалы: «Мұхитта мал дегенде жалғыз сиыр, Болады баспағымен екеу биыл» деген жолдарды әйгілі әншінің шығармасы деп жүрдік. Бай-балпаңнан безген, жарлы-жақыбайды жақтаған кеңес заманының талабы солай еді ғой. Бұл жолдарды Ғарекең – Ғарифолла Құрманғалиев амалсыз айтты. Әйтпесе хан-төренің тұқымы, үш жүзден ән оздырған сал Мұхит кедей болды дегенге кім сенеді? Қазірдің өзінде сахнаға енді шыққан жас әншінің өзі аз уақыттан кейін түкірігі жерге түспей, байып шыға келмей ме? Өнерді сыйлайтын қазақ қауымы өнерпазды әрқашан көкке көтерген. Мұхит та ауқатты болған, – дейді Сағадат Рахметжанов.
Әуелі маңдай тіреген жеріміз – Ақтөбе ауданының Қобда ауданы. Екі автобус, бірнеше көлікпен келген экспедиция мүшелерін Қобда ауданының әкімі Ізгілік Досмұратұлы бастаған өкілдер жылы қарсы алды. Кездесу кезінде аудан басшысы бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, Мұхит Мерәліұлы мұрасын ұлықтау ұрпақ парызы екенін атап өтті. Өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты дамытуға бағытталған мұндай игі шараларды әрдайым қолдайтынын айтты.
Батысқазақстандық меймандар Қобдада қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоғын қойып, жергілікті тарихи-өлкетану музейімен танысты. Осылайша, көрші өңірдің тарихи тұлғалары мен мәдени мұрасы жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Кездесудің шарықтау шегі – «Қаратөбем – ән мен жырдың ордасы» атты концерттік бағдарлама болды. Кеш Мұхит Мерәліұлының «Зәуреш» әнімен ашылып, халықтық ұлт аспаптар оркестрі, дәстүрлі әншілер мен жас өнерпаздар қазақтың бай музыкалық мұрасын кеңінен насихаттады.
Мұхит әндерін Қобда өңірі ерекше сүйіп тыңдайды екен. Айтпақшы, әйгілі «Айнамкөз» әні дәл осы Қобда өңірінде, Құралай есімді сұлуға арналған көрінеді. Басынан аяғына шейін лирикаға толы, ешбір қайғының ұшқыны жоқ, сүйгенін, жақсы көргенін сағынған әуенге тұнған осы шығарманы Александр Затаевич «Айнамкөз» – үлкен, жылы жүректен шыққан ән» деп бағалаған екен.
Затаевич демекші, «Қазақтың мың әні» еңбегінде зерттеуші Мұхит әндерін барынша жинап, алғаш рет кәсіби баға берген. «Мұхит – қазақтың баяны» деген теңеу дәл осы Затаевичтен қалған.
«Баян аспабында орта есеппен 200-ден 260-қа дейін түйме болады. Яғни баян аспабы осынша дыбыс шығарып, күрделі музыкалық композицияларды ойнауға қабілетті. Мұхит Мерәліұлының да кәсіби шеберлігін Затаевич осылай бағалап тұр ғой. Қазақтың басқа ешбір әнші-композиторына Затаевич мұндай баға бермеген» дейді Сағадат Рахметжанов.
Келесі ат басын тіреген жеріміз тарихы терең Ойыл кенті болды. Кезінде әйгілі Көкжар жәрмеңкесінің орталығы болған, ғасыр басында Күнбатыс Алашорда – Ойыл уәлаятының тірек мекені экспедиция мүшелерін ерекше құрметпен қарсы алды. Бұл жерде де Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев өзі бас болып, қаратөбелік өнерпаздарға құрақ ұша қызмет етті. Бұл жерде де жергілікті зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен конференция және мазмұнды концерт ұйымдастырылып, Мұхит мұрасы мен ұлттық өнердің тағылымы кеңінен насихатталды.
Қазақ «өнерде жоқ шекара» дейді. Шынымен де Қаратөбеде туып-өскен Мұхиттың шығармашылық ғұмыры Ақтөбе өңірімен қабысып, араласып жатыр. Байтаққа жақсы таныс әйгілі «Зәуреш» әні де осы Ырғызда жасаған Зәуреш қызға арналған.
«Уа, Зәуреш, сенің үшін
елден келдім,
Баяғы өзің өскен жерден келдім.
Сен неге мен келгенде
тебіренбейсің,
Иіскеп бір сүйейін деген едім?»
деп келетін «Зәуреш» әні – қазақтың жоқтау әндерінің ішінде шоқтығы биік шығармасы, қамырықты қайғы, реквием емес пе?
Осы сапарда Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев әнші-композитордың өмір жолы, шығармашылығы, ұрпақтары туралы дерекке толы әңгімесімен жиналған жұртты көп ақпаратқа қанықтырды. Қаратөбе ауданы көркемөнерпаздарының «Қаратөбем ән мен жырдың ордасы» концерттік бағдарламасы тыңдаған жанды бейжай қалдырмады. Әсіресе «Мөлдір бұлақ» дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің оқушылары Әміре Амангелді, Кемеңгер Темірбек, Мансұр Олжағали және Жанайым Ғаділше орындаған әндер халықтың көңілінен шықты. «Пай, шіркін, Мұхиттың ізбасарлары бар екен! Мұхит туған топырақ әлі де таланттарға кенде емес екен!» деп таңдай қақты көпшілік.
Әрине, әйгілі әнші-композитордың мерейтойы бес-он жыл аралатып әлі талай келе береді. Ал халықтың танымын жаңғыртып, асыл өнерді насихаттау, бүгінгі ұрпақтың санасында мәңгі тірі ұстау әрдайым міндет болса керек. Мұхит баба ізімен жүріп, ұлттық өнерді төбеге көтерген экспедиция мақсатына жетті деп ой түйдік.
Батыс Қазақстан облысы