• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жастар Бүгін, 08:30

Жастарды жігерлендіретін шаһар

Фестивальдар шаһарына айналып келе жатқан Алматыда жастардың белсенділігі жоғары. Бүгінде қалада олардың бастамаларын қолдайтын 11 комьюнити орталық жұмыс істейді. 25 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, ғылыммен айналысатын жастарға 348 млн теңге көлемінде гранттық қолдау көрсетілген.

Алматыда 14–35 жас аралығын­да­ғы жастардың саны ­712 мың­­нан асады. Бұл – қала хал­қы­ның 32 пайызы. Ең бастысы, жастар қаланы көгалдандыру, экологиялық мәдениетті қа­лып­тастыру, тұрмыстық қалдық­тарды қайта өңдеу ісіне белсенді араласып келеді. Мәселен, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында шаһарда 5,7 мыңнан астам адамның қатысуымен 55-тен аса экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 1,8 мың­нан астам ерікті атсалысты.

Атап айтқанда, «Plastic Hunt», «Plastic-FREE Week», «Қағаз boom», «EcoQuest Almaty», «EcoQala Fest», «Эко-рейнджерлер» жобалары, сондай-ақ түрлі эко­логия­лық челлендж мен ағар­тушылық акциялар оң нәти­жесін берді. Сонымен қатар #ТазаSnap, #EcoSortChallenge, #EcoStyleDay, #ЭкоСана және «Эко-сторителлинг: Менің жасыл әдетім» секілді бастамаларға 3 мыңнан астам адам қатыс­қан. Бұдан бөлек, «EcoБақылау» рейдтері ұйымдастырылып, базарлар мен сауда-ойын-сауық орталықтарында «EcoСана» ақпараттық акциялары өткізілді. Алматының барлық ауданында жастардың, студенттер мен еріктілердің қатысуымен тұ­рақ­ты түрде ауқымды сенбілік ұйымдастырылады.

Қаладағы 35 жоғары оқу орнында эколог мамандармен кездесулер, «Taza Student Campus» акциясы, қалдықтарды сұрыптауға арналған форсайт-сессиялар мен «Green Campus» алаңдары өткізілді. Оларға 2 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ Азаматтық авиация академиясында «Жасыл академия» экологиялық мәдениет орталығы жұмысын бастады.

Қазіргі таңда жастар комьюнити орталықтары тұрмыс­тық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға ба­сымдық беріп отыр. Осы мақ­сатта пластик бөтелкелерді қабылдайтын фандоматтар орнатылып, пластик қақпақтарды қайта өңдеуге жинау жүйесі жолға қойылған.

Комьюнити орталықтары­ның негізгі бағыттарының бірі – жастарға психологиялық және құқықтық көмек көрсету, жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу, кәсіби бағдар беру және кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдіру. Жыл басынан бері 210 мыңға жуық адамды қамтыған 980-нен астам іс-шара өткізілді. Ал жыл соңына дейін тағы төрт комьюнити орта­лығын ашу жоспарланып отыр.

Алматы халықаралық жастар орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Соның нәтиже­сінде қала Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесіне ие болды. Осы орайда былтыр алғаш рет 12 тамыз – Халықаралық жас­­тар күні кең көлемде аталып өтіп, мыңдаған жастың басын қосқан «Alma Love» фестивалі ұйым­­дастырылды. Сонымен қатар заманауи урбанистикалық мәдениетті дамытуға бағытталған «City Makers» қалалық қауым­дас­тықтар фестивалі де алғаш рет өткізілді.

Жастарды жұмыспен қам­ту бағытында да оң нәтиже бар. Мәселен, 2025 жылы 24,4 мың­нан астам жас жұмыспен қам­­­тылып, 12 мыңнан астамы түрлі оқу бағдарламасынан өтті. Соның нәтижесінде олардың 7,2 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. NEET санатындағы жас­­тар­­дың үлесі 6,4 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендесе, жас­­тар арасындағы жұмыссыз­дық деңгейі 4,1 пайызға дейін қыс­қарды. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 3,7 мың жас жұмысқа орналасқан.

Алғаш рет әкімдік деңгейінде ғы­лыми жобаларды гранттық қар­жыландыру тетігі енгізілді. Осы мақ­сатқа 348 млн теңге бөлі­ніп, 10 жобаны қолдау көз­делді. Ғылыми зерттеулер эколо­гия, жасанды интеллект, энер­гетика, денсаулық сақтау, қала­лық инфрақұрылым және цифр­ландыру бағыттарын қамтиды. Биылғы 20 мамырға дейін Алматы және еліміздің өзге аймақ­­­­­­­­­­­­тарын­­дағы жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институт­­­тарынан 228 өтінім келіп түскен.

«Алматы жастардың жан-жақты дамуына және өзін-өзі жүзеге асыруына барлық мүмкіндік жасалған қала ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Бүгінде жастар білім, ғылым, еріктілік және әлеуметтік бастамалар арқылы қаланың қоғамдық өміріне белсене араласуда», дейді қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар