Суға шомылу науқаны басталғалы Қапшағай көлінің жағасы адам аяғынан босаған емес. Сондықтан жағажайдың тазалығы – басты назарда. Өткен сенбіде Қонаев қаласында экологиялық мәселелерге назар аудару және өңірдің туристік тартымдылығын арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Таза жағажай» ауқымды экологиялық іс-шарасы өтті.
Б
астамаға мүдделі азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер мен танымал спортшылар жиналды. Сөйтіп, 100 ерікті 2 миллион турист демалатын үш шақырымдық жағажайды қоқыстан тазартуға белсене қатысты. Атап айтсақ, қоршаған ортаны тазартуға туризм басқармасы мен қызметкерлері, ардагерлер мен аналар кеңесінің өкілдері, өңірдің төрт ауданынан «Алатау жастары» қозғалысының белсенді жастары, сондай-ақ ел спортының жұлдыздары, оның ішінде қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы Сора Рахмонова, джиу-джитсу, грэпплинг, ММА бойынша ел чемпионы Жұмаш Батырбек, джиу-джитсудан чемпион Юлия Вольвич және «Сағадат батыр» клубының барлық шәкірті келіп, табиғат жанашыры екенін анық байқатты.
«Қоршаған ортаның тазалығы – баршамыздың міндетіміз. «Таза жағажай» акциясы туған өлкеміздің сұлулығын болашақ ұрпақ үшін сақтауды қажет етеді. Бұл іс-шара еліміздің аймақтары үшін жақсы дәстүрге айналары сөзсіз», деді тазалық жұмысына мұрындық болған Алматы облысы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлы.
Қонаев қаласының жағажайлары жергі- лікті тұрғындар үшін де, көптеген турист үшін де сүйікті демалыс орны саналады. Маусым басынан бері мұнда 750 мыңнан аса адам келіп, жаздың соңына дейін бұл көрсеткіш екі есеге артады деп күтіліп отыр. Акция барысында еріктілер бір тоннадан аса қоқыс жинап, үш шақырым жағалау сызығын тазартып үлгерді. Іс-шараны ұйымдастырушылар қатысушыларға алғысын білдіріп, қала тұрғындары мен қонақтарын табиғатты аялап, жағажайларды таза ұстауға шақырады.
Айта кетерлігі, «Таза Қазақстан» экоакциясы басталғаннан бері 600 мыңнан аса адам қатысып, 7 мың гектарға жуық аумақ тазартылды. 20 мың тонна қоқыс жиналды, сондай-ақ 55 мыңнан аса көшет отырғызылды. Іс-шараға 3,5 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Қонаев қаласындағы жағажайға 60-тан аса қоқыс жәшігі мен контейнерлер орнатылды. Сәуір айынан бері «Таза Қазақстан» іс-шараларында барлығы 29 мыңға жуық адам белсенділік танытты.
Алматы облысы