Көкшетаулық «Дарбаев» жеке кәсіпкерлігінің басшысы, азық-түлік тауарларын көтерме сатушы Көбентай Дарбаевтың сауда саласындағы сәтсіздіктері мен табысын, сергелдеңге түскен сәттерін, табыстың тайқазанын қайнатқан тұстарын көңіл таразысына тартқан кезде осылай ой түюге болады екен.
Зеренді ауданындағы Үлгілі аулының тумасы Көбентай Қайыркенұлы – Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумының түлегі. Еңбек жолын 19 жасында «Ермаковка» кеңшарында тракторшы болып бастаған. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін ауылдағы білім ошағында сабақ берген. Оқу өндірістік бригадасын басқарған.
– Менен табыс сыры неде деп сұрайтын болса, ең алдымен, еңбекте дер едім, – дейді Көбентай Қайыркенұлы.
– Қазір ата-аналар ұл-қыздарын өбектеп, желге, күнге тигізбей өсіреді. Біздің толқын қабырғасы қатып, буыны бекімей жатып-ақ еңбекке араласты. Ауыл балалары үлкендерден қалыспай шөп шауып, отын дайындап, мал бағып есейді. Тіршілік осылайша жас жеткіншектерді шар болаттай шыңдады. Олар қызылды-жасылды дүниедегі кез келген қиындықты кәтепті нардай көтере білсе, көзін ашқаннан жұмыс істеп, ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, төзімді болып өскендіктерінен. Ал төзім қашанда табысқа жетелейді, – деді кәсіпкер.
Өмір өрнектерін ой көзімен шолып, бағамдайтын болсаңыз, Көбентай Қайыркенұлының да басынан кешкен қиындығы аз емес екен. Өтпелі кезеңде кеңшарлар тарап, ауыл адамдары екі қолға бір күрек таба алмай қиналғаны есте. Дәл осы кезде облыс орталығына қоныс аударған. Бірқатар мекемеде механик болып жұмыс істеді. Замана аужайын бағамдаса, ендігі тірлік кәсіпкерлікте тәрізді. 1994 жылы нар тәуекел деп белді бекем буып, кәсіппен айналысамын деп шешкен. Қытайдың ала сөмкесін арқалап, Ресейдің Қорған қаласына сапар шеккен. Сондағысы – шұжық тасу. Ертеректе алған көнетоз, көксау көлік төбеден ұрған танадай төрт тағандап жүрмей тұрған. Кейін тиыннан құраған алғашқы табысына көлігін жөндеді. Күндердің бір күнінде шекарада кеден пайда болды. Бұрынғыдай ала сөмкесін арқалап емін-еркін барып келу жоқ. Қыруар құжат қажет екен. Енді сауданы ел ішінде жасауға көшкен. 1994 жылы алғашқы ГАЗ-53 автокөлігін сатып алды. Желі оңынан тұрғандай. Бұрынғыдай жаяу емес.
1995 жылы «КамАЗ» сатып алған. Ол кезде Щучье ауданындағы құс фабрикасының жанында жылыжай бар еді. Қызанақ пен қияр өсіреді. Бір барғанында олардың көліктеріне резеңке дөңгелек керек екенін білді. Келер жолы тиеп ала барған. Әлгі бартердің белең алған тұсы. Резеңке дөңгелекті қияр мен қызанаққа айырбасты. Қолма-қол ақша ешкімде жоқ. Алып келіп облыс орталығындағы базарларға өткізген. Ол тұста шағын базардан көп дүние жоқ. Сауда жасап, нәпақа табуға ұмтылған қыз-келіншек, тұрмыс төсегінде жатқызбай, тиын тапсам деп талпынған әжелер. Олар көкөністі өткізіп беруге алады. Алғаш аузы күйгені де осы тұста. Өткізіп беруге алған адамдар көкөніс өтпей жатыр, ақшасын тұтас өткізген кезде береміз деп жауарқатады. Апта аралатып соқса, апай да жоқ, қызанақ та жоқ. Сан мәрте сақалын сипап қалған.
Кейін Қызылордадан күріш тасуға көшті. Өтімді. Бірақ жол азабы шыдатар емес. Сол кезде Көкшетаудан Қызылордаға барып келуге жанармай үшін бес мың теңгесін шығындаса, жол бойындағы жолаушының жүгін тексеруге құдіреті жететіндер жиырма теңгесін қақшып алады. КамАЗ-бен жұрттың жүгін тасып беріп, табыс таппақшы болған. Бұл жерде де алдап кететіндер аз болған жоқ. Сонда да төзді, амал қанша.
Азық-түлік саудасының жілігін шағып, майын ішкен маман ретінде өнімдердің неліктен қымбаттай беретінін кейіпкеріміз былай сараптап, таразыға тартады.
– Ең алдымен, азық-түлік молшылығын жасауымыз керек. Ол үшін ауылдың алпыс екі тамырына қан жүгірткен ләзім. Әрі мал өнімдері өзімізде өңделсе, ырыс молаяр еді. Көтерме сауданың жөні бөлек. Көтерме саудадағы азық-түлік бағасының тұрақсыздығына әсер ететін жанама себептер көп. Мәселен, бір вагон қант сатып алдым екен дейік. Бір келісі – 350 теңгеден. 23 миллион 800 мың теңге жұмсайсыз. Бөлшек саудада бір келісін 360 теңгеден сатамыз. Әр келіден табатын 10 теңге табыстың ішінде тасымал шығыны, жүкті арту, түсіру, жұмысшылардың еңбекақысы, салық дегендей, барлығы қосылады. Ол екі ортада қант арзандап кетуі мүмкін. Өзге көтерме саудамен айналысатын адамдар жаңа бағамен қант әкеледі. Алғашқы алғандікі өтпей қалады. Ендігі себеп – көрші Ресейдің әсері. Биыл Ресейден қант жеткізілмейді деген қауесет болды. Демек қанттың қымбаттауы әбден мүмкін. Үш вагон қанттың 40 пайыз ақшасын төлеп, келісімшарт жасадық. Ол кезде Ресей рублі 4,7 теңге болатын. Арада аз уақыт өткен кезде рубль 5,6-ға көтерілді. Міне, осындай тұрақсыздық көтерме саудадағы азық-түлік бағасының құнына әсер етеді.
Қазір жеке кәсіпкерлік қанатын кеңге жайып келеді. Тауар өндірушілермен тікелей жұмыс істейді. Бұл өте тиімді. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, «Май», «Қостанай Мелькомбинаты» АҚ, «Арал Тұз», «НайМир», «Корона Трейд», «Көксу қант зауыты», «Фирма Колос» серіктестіктерімен байланыс орнатқан. Тауарды негізінен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының 600-ден астам сауда нүктелеріне таратады. Атбасар қаласында филиалы бар.
– Көтерме сауда саласындағы кәсіпкерлерге өз қоймасының, теміржол тұйығының болуы шарт. – Біздің 2 152 шаршы метр қоймамыз, 9 автокөлігіміз бар. 36 адам жұмыс істейді, оның 8-і – сауда өкілі, – дейді кәсіпкер.
Зор еңбекпен кәсібін оң жолға қойған кейіпкеріміз бұл күнде қайырымдылықпен де айналысады екен. Жастарға айтар кеңесі де мол. Бүгін бір биікке жетсе, ол – ең алдымен тұла бойындағы табиғат сыйлаған тындырымдылығы, қажыры мен қайраты. Босағасына ырыс үйірілсе, төзімділігінен.
Көкшетау