АСТАНА. 12 маусым. Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің биылғы финалдық додасы өтетін күн 5 шілдеден 4 шілдеге ауыстырылды. Бұл туралы «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай шешім 5 шілдеде Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылатын шаралардың тығыздығына байланысты қабылданып отыр. Осылайша, алтын «Тайтұяқ» пен чемпиондық белбеу иегерін, сондай-ақ, жылдың үздік палуанын анықтайтын «Қазақстан барысы» турнирінің V финалдық жарысы Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде 4 шілдеде өтеді. Басталу уақыты сағат 12:00-де.
Аталған сайысқа билеттер келесі аптадан бастап сатылымға түседі. Билет сатылатын орындар «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының ресми сайтында жарияланады.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі.