Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банк секторына қатысты соңғы деректерді жариялады. Назар салсақ, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторының активтері негізінен өтімді активтердің 5,8%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге өсуі есебінен биыл маусымда 3,9%-ға немесе 2,1 трлн теңгеге ұлғайып, 55,3 трлн теңгені құраған. Ал экономикаға берілген кредит 2,0 пайызға, 30,1 трлн теңгеге дейін көбейіпті.
Экономикаға несие ұсыну көрсеткіші жыл басынан бері 7,7%-ға артыпты. Оның ішінде ұлттық валютада 1,5 пайызға, 27,6 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 7,4 пайызға, 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Нәтижесінде, теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 91,6 пайызды құрады.
«Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы маусымда 2,0 пайызға, 11,8 трлн теңгеге дейін артты. 2024 жылдың басынан бері 4,5 пайызға өсім көрсетті. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 1,6 пайызға, 9,8 трлн теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері 1,5 пайызға жоғарылады. Шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне қарыздар 5,8 пайызға, 5,9 трлн теңгеге дейін көбейді. Ірі бизнеске қарыздар 4,0 пайызға, 3,9 трлн теңгеге дейін азайды. Бұл негізінен осы санаттағы банктердің бірінің ШОБ қарыздары санатына қайта жіктелуіне байланысты. Жеке кәсіпкерлерге берілетін кредиттер бір айда 3,8 пайызға, 1,9 трлн теңгеге дейін артты», делінеді ҚНРДА хабарламасында.
2024 жылғы маусымда бизнес субъектілеріне 1,4 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілген, бұл 2023 жылғы маусыммен салыстырғанда 11,1 пайызға артық. Биыл 6 айда 8,2 трлн теңге сомаға берілді, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 19,8 пайызға көп.