АСТАНА. 12 маусым. Бүгін футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында Қазақстан құрамасы Түркиямен кездеседі. Алматыдағы «Орталық» стадионда өтетін матч жергілікті уақытпен сағат 22:00-де басталады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Қазақстан футбол федедерациясы таратқан мәліметке сүйенсек, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Юрий Красножан 26 футболшыны тізімге қосқан. Алайда, жарақатына байланысты бұл ойынға Таңат Нөсербаев қатыса алмайды. Есесіне, Германияның екінші бундес лигасында доп тебетін Генрих Шмидтгаль сапқа қосылды.
Ал Түркияның бас жаттықтырушысы Фатих Терем Алматыға сайдың тасындай іріктелген футболшыларды алып келді. Себебі, турнирдің финалдық кезеңіне шығу үшін түріктерге бұл матчта жеңіс ауадай қажет.
Айта кетейік, осыған дейін өткен 5 тур қорытындысы бойынша Қазақстан жалғыз ұпаймен көш соңында келеді. Ал 5 ұпайы бар түріктер 4-сатыға жайғасқан. Топ басында 13 ұпаймен Чехия тұр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әзірге 17 мың билет сатылған. Бұл ойынды «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді деп жоспарлануда.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: kff.kz.