Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына әзірлік барысымен шетелдік блогерлер танысты. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде шетелдік блогерлерге отандық туризмді дамытудың жоспарын, өркендеу үдерісі мен ұлттық спорт түрлерінің өрісін таныстырды.
Таиланд, Малайзия, Қытай, Оман, Түркия, Әзербайжан, Вьетнам, Италия және Қырғызстаннан келген блогерлер ұлттық ойындардың елімізде қарқын алып келе жатқанына көз жеткізді. Келген қонақтардың арасында әлеуметтік желіде оқырмандары 1 миллионнан асатын блогерлер де бар. Іс-шара аясында қонақтар қазақ күресі, құсбегілік, асық ату, тоғызқұмалақ, мангала, овари, мас-рестлинг және дәстүрлі садақ ату спорт түрлерімен танысты. Еліміздің туристік әлеуетін күшейтіп әрі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын миллиондаған шетелдік блогер ортасында насихаттауға мүмкіндік беретін іс-шара барысында меймандар көп жайтқа қанықты.
8-13 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 89 елден 2 мыңнан аса спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Этноспорт додасына қатысушылар спорттың 21 түрінен 97 медаль жиынтығы үшін тартысқа түседі.