• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Тамыз, 2024

Жаяу-жалпы жолға шықты

93 рет
көрсетілді

Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталуына да санаулы күн қалды. Этноспорт Олимпиадасы саналатын дүбірлі доданы тамашалауға ықыласты туристердің де қатары артатыны сөзсіз. 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан аламанның даңқын алты құрлыққа жеткізуге құмбыл жандар да жетерлік. Солардың бірі – 74 жастағы зейнеткер марафоншы Сәрсенбай Қотырашев.

Кеше Астана қала­сы­нан зейнеткер марафоншы Қазақстан – Ресей – Моңғолия – Қытай бағыты бо­йынша кезекті сапарына ат­танды. Бірнеше елге табаны тиетін қария бұл жолғы саяхатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына арнайтынын айтты.

Өскеменнен Алтай ай­ма­ғына өтіп, ары қарай Моң­ғо­лияға аялдап, Қытайдың астанасы Бейжіңге жол тартатын қарияны кеше елордалықтар ақ жол тілеп, тілеулестік танытып, сәттілік тіледі.

«Бірнеше елдің шекарасын басып өтетін саяхатымды Астана қаласында өтетін Дү­ниежүзілік көшпелілер ойын­дарының құр­метіне арнаймын. Этноспорт сайысын өткізу арқылы өзіміз­дің төл мәдениетімізді, баба­ла­рымыздың ат үстінде жүріп, өркениетті өмір сүргенін күл­лі әлемге әйгілейміз. Көш­пелі халықтың ұрпағы бол­ған­­­дықтан, дүниежүзілік доданы насихаттауға бел будым. Былтыр Атыраудан атта­нып, Түркияның Ыстанбұл қа­ла­сына дейін жаяу жүрдім. Биыл Еуропа елдерін аралауды жоспарлап едім, құжаттық ре­сім­деуде кілтипан болып, реті кел­­меді. Моңғолияның Ұлан­ба­тыр қаласынан Қытай астанасы Бей­жіңге дейін, жалпы 3 500 шақы­рымды басып өтпекпін», дейді марафон­шы.

Сәрсенбай Қотырашев ба­­ла күнінен жаяу жүрумен шұ­ғылданғанын айтты. Бүгінде зейнеткер марафоншы күніне 35-40 шақырым жол өндіреді. Саламатты өмір салтын насихаттап, көпшілікке үлгі көрсетіп жүрген қария қызығы мен қиын­дығы қатар өрілетін әр саяхатында мейірімді жандардың қамқорлығын көп көргенін де жеткізді.