Биыл шөп шүйгін. Малсақ қауым шындап кіріссе, екіжылдық мал азығын еркін жинап алуға толық мүмкіндік бар. Кей жылдары сараңсып шалғыны шалғыға ілікпейтін табиғи шабындықтың өзі қалы кілемдей құлпырып тұр.
Запорожье селосындағы «Стимул» шаруа қожалығы шөп шабуға маусым айының ортасы ауа кіріскен болатын. Қазір мал қоралары маңында тайланып, буылған 300 тонна шөп үюлі тұр. 200 бас ірі қара, 800 жылқы бағып отырған шаруа қожалығына қыстан қысылмай шығу үшін кемінде мың тонна шөп қажет. Әттең, күн сайын дерлік жауын жауып, алға басқан қадамын ілгері аттатпай тұр. Әйтсе де шөп буыны қатқанша еңсере жұмыс істеуге талпынған шөпшілер ауа райының әрбір ашық сәтін тиімді пайдаланып, атжалға түсірілген шөпті әлсін-әлсін қопара кептіріп, желге қақтырып, орама дайындап жатыр. Егер ауа райы мүмкіндік берсе, екіжылдық шөп қорын жасап алмақ.
– Бағымдағы мал қыстан күйлі шығуы үшін бұрынғыдай жалғыз шөп пен сабанға иек артуға болмайды, – дейді шаруашылық басшысы Сергей Чепурной. – Пішендеме де дайындамақпыз. Кейінгі жылдары мал азығын байытуға бағыт алдық. Кейінгі екі жыл бойы арпа мен сұлыны араластырып, ұнтақтап, мал азығын дайындауға көштік. Ол үшін мал азығын дайындайтын шағын зауыт салып алдық.
Бұл жұмысты өндіріс шебері Анатолий Колесник қадағалайды екен. Ал шабындықта уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқан майталман механизаторлардың бірі – Олжас Әубәкіров. Ол «Беларусь» тракторын жүргізеді. Техника тізгіндегеніне он жыл болыпты. Механизаторлар курсын аяқтап келген соң өзге шаруашылықта жұмыс істеген. Ауыл адамдары бір-бірін жақсы таниды емес пе, алдынан жұмыс үркіп отыратын Олжастың тындырымды еңбегін көрген шаруа қожалығының басшылары ат-түйедей қалап, өздеріне шақыртып алыпты. Бір жақсы жері шаруа қожалығындағы техниканың бәрі өнімді жұмыс істейтін шетелдік тракторлар. Айтпақшы, Олжас – әке жолын қуған өрендердің бірі. Әкесі Есілбай – бұрынғы Қима ауданының Есіл кеңшарында табаны күректей қырық жыл жұмыс істеген механизаторлардың бірі.
Олжастың өз айтуына қарағанда, мектепте оқып жүргенінде-ақ трактор тізгіндеген әкесінің алдына отырып, жұмыс қайнап жатқан далаға барғанды жақсы көрген. Әкесі көңілі түскенде сайын далада трактор тізгінін де ұстататын. Кекілінен сипап отырып келісті кеңесін беретін. Осылайша, өзінің адал еңбегін жалғастыратын арлы ұрпағын тәрбиеледі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Олжас та сайын дала төсінде ақық дән өсіріп, ақтылы мал бағатын дала ерлеріне ұқсағысы келді. Оның ішінде асқар тау әке бейнесі, оның еселі еңбегі, парасатты бейнесі өміршең өнеге іспетті.
Оныншы жыл механизатор болып келе жатса да, білмейтін тұстары болып қалады. Ондайда көрші ауылда тұратын әкесіне телефон соғып хабарласады. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «ақыл қалтасы» жанында.
Сөз арасында Запорожье селосы аудандағы үлгілі елді мекендердің бірі екенін айта кетсек, артық болмас. Ауылда қалып, туған елдің түтінін түзу ұшыруға бір азаматы ретінде атсалысуды парызы санаған Олжастың көңілі қалаған жұмысы, тұрақты табысы бар. Бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласып, тіл табыса алатын ұжымның ортасында. Одан артық ештеңе тілемейді де.
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы