Францияда өтіп жатқан Париж жазғы Олимпиясының жетінші күні мәресіне жетті. Жарыс жолына шыққан спортшыларымызға бұл күні де жүлде бұйырған жоқ.
Алдымен бокстағы батыраштық әрекет жайында. Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновтің (71 кг) алғашқы жекпе-жегінде-ақ иорданиялық боксшыға есе жіберуі көп жайтты аңғартады. Одан кейін аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтың һәм Махмұд Сабырханның (57 кг) да бірінші жекпе-жегінде испаниялық қарсыластарынан аса алмауы орасан сын. Қамшыбек Қоңқабаев 2019 жылы дәл осы испан боксшысы Аюб Дриссиді Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатының екінші айналымында сұлатып түсіріп, нокаутпен жеңген еді. Арада өткен бес жыл ішінде қарсыласы өзінің деңгейін қалай көтергенін әйгілей алды. 92 кг салмақ дәрежесінде жазғы Олимпия ойындарының ширек финалына жеткен Айбек Оралбайды қаны кубалық Әзербайжан боксшысы Домингеске анық есе жіберді деп айтқан артық болар. Жерлесіміз қарсыласын қанша тықсырғанымен де төрешілер қарсыластың ұпайын артық жазды. Басқаны қайдам, ең алдымен боксшы Мұхамедсабыр Базарбайұлына ауыр тиді бұл қысастық. Өзі жазғы Олимпия ойындарының жолдамасын соңғы іріктеуде иеленді. Ел ішіндегі «от пен судан өткізген» іріктеуі тағы бар. 63,5 кг салмақта Олимпиада дуына қосылған Мұхамедсабыр Базарбайұлының обал-сауабы Олимпия ойындарының төрешілеріне. Боксшымыз іріктеу кезеңіндегі екі жекпе-жегін де тамаша өткерді, талассыз жеңіске жетті. Ал ширек финалда грузин Лаша Гурулидің қабағынан қанын сорғалата сабаған. Бірақ төрешілер «түйені де көрместің» кебін келтірді. Қарсыласының қабағын жерлесіміз соққысымен емес, басымен қағып жарып жіберді дейтіндер де табылды. Бірақ Мұхамедсабыр қасақана «мүйіздесе», рингтегі рефери жекпе-жекті әлдеқашан тоқтатар еді. Амал қанша, бесінші боксшымыз жазғы Олимпия додасын орта жолдан аяқтады.
Әлем чемпионы, Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері Геннадий Головкин басқаратын Ұлттық олимпиада комитеті жерлесіміздің жеңілісіне себепкер болған төрешілердің үстінен шағым түсіргенін мәлімдеді.
«Ұлттық олимпиада комитеті Мұхамедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз төрешілердің шешімімен келіспейміз және PBU-дан (Paris boxing Unit) түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Мұхамедсабыр Базарбайұлы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жеткені талассыз еді. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз», деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева.
Ұлттық олимпиада – комитет бұған дейін де боксшыларымыздың жекпе-жегіне қазылық еткен төрешілердің шешіміне наразылық танытып ескерту жасаған еді. Осындай әділетсіздік салтанат құрғандықтан да бокс жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасынан сызылып қалуы мүмкін деген күмәннің бұлты қоюланып келе жатқандай.
Дзюдо күресінен додаға қосылған Кәмила Берліқаш та (+78 кг) жазғы Олимпия ойындарын алғашқы айналымнан аяқтады. Моңғол балуаны Адиясурен Амарсайханға есе жіберді. Бұл күрес түрінен Париж жазғы Олимпия ойындарына 8 балуан (5 ер, 3 әйел) барған-ды, бұйырған медаль – 1 алтын, 1 қола. Спортшыларымыз енді командалық тартысқа түседі.
100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде отандасымыз Әділбек Мусин өз тобында 5-орын алғанымен, жалпы нәтижеде 29-сатыға тұрақтап, жартылай финалдық кезеңге жетпеді. Әділбек үшін де жазғы Олимпия ойындары аяқталды.
Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев Е тобында қара үзіп келгенімен, жалпы есептегі нәтижесінде 25-сатыны місе тұтты.