«ЗИКСТО» АҚ – қаладағы байырғы кәсіпорындардың бірі. Қазір онда 300-дей адам еңбек етеді. Тәуелсіздік алғалы әртүрлі өндіріспен айналысып, соның ішінде автотіркеме, канистр өнімдерін көбірек шығарды. Кейін теміржол вагонын құрастыратын және темір бұйымдарын шығаратын маманданған ірі зауытқа айналды.
ҚТЖ-ны вагонмен қамтиды
Бұрын жайдақ платформа мен жүк вагонын құрастырып келген зауыт соңғы жылдары жолаушылар вагонын құрастырумен де айналысады. Былтыр «Қазақстан темір жолының» еншілес кәсіпорны «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға жолаушы тасымалдайтын 88 вагон жеткізді.
Биылғы жартыжылдықта тағы 29 купе мен 15 плацкарт вагонын өткізді. Қазір олар 12 вагон тартатын Қызылорда-Семей бағытымен жүретін пойыздарға тіркелген. Биыл жыл аяғына дейін «Жолаушы тасымалы» АҚ «ЗИКСТО»-дан 157 вагон алуға келісімшартқа отырған. Зауыттың өзі жыл аяғына дейін барлығы 300-дей жолаушы вагонын құрастыруды жоспарлаған. ҚТЖ-дан артылғанын кәсіпорын шетелге, жекеменшік тапсырыс берушілерге сатуды қарастырып отыр.
«ЗИКСТО»-ның былтырғы вагондары қазір Алматы-Маңғыстау, Алматы-Өскемен бағытында қатынайтын пойыздарға тіркеліп, жолаушы тасымалдап жүр. Тапсырыс берушілер вагондар сапасына риза. Барлық вагон желдеткішпен, ауа жаңғыртатын фильтрлермен, түтін иісін сезетін датчиктермен, биотуалеттермен, тіпті тамбурларда бейнекөрініс жазатын камералармен қамтамасыз етілген. Купелерде электр қуатын беретін нүктелермен бірге USB де бар. Купелік вагондардың сыйымдылығы тапсырыс берушінің сұранымы бойынша 18 немесе 36 орындық болса, плацкарт вагондар 54 адамға лайықталған.
Шикізат шетелден әкелінеді
«ЗИКСТО» вагондарын зауыт мамандары 40 жылға дейін пайдалануға жарамды деп жариялаған. Бірақ оның шындығына әлі көз жеткен жоқ. Техникалық сипаттамасына қарағанда, көміртекті құрыштан жасалған конструкциялардың төзімділігі 28 жылға жетеді делінген. Тек тоттанбайтын-инерттік құрыштан жасалған конструкциялар 40 жылға дейін шыдас беруі мүмкін деп жазылған.
Қазір зауыттың жаңа корпусы салынып жатыр. Ол толығымен аяқталғанда жоғарыда аталған өндіріс жоспарын орындауға мүмкіндік туады.
Кәсіпорынның мамандануы негізінен құрастыру болғандықтан мұндағы негізгі кәсіп дәнекерлеушілер мен металконструкциясын дәлдейтін слесарьлардың үлесінде. Олардың шеберлігі болмаса жоғары сападағы бөлшектердің жымдасуы қиын. Сондықтан өндірістің осы қырына зауыт басшылары қатты көңіл бөледі. Мұнда шведтердің плазмалық кескіштері мен дәнекерлеу құралдары қолданылады. Отандық шикізат жолаушы вагондарының 10 пайызын ғана құрайды, қалғанының бәрі шетелдік бөлшектердің еншісінде.
Жылдық есебіне қарасақ кәсіпорын былтыр мемлекеттік бюджетке 5,7 млрд теңге салық түсімін аударған. Жалпы, 40 млрд теңге көлемінде табыс түсірген.
Зауыт атауы қандай мағына береді?
«ЗИКСТО» көпшілікке мәлім зауыт болғанымен, атауының не мағына беретінінен көп адам бейхабар. Сөздің алғашқы «ЗИК» деген бөлігі «Завод имени Куйбышева» дегенді білдіреді. Кезінде Петропавл қаласында КСРО «Әскери-өнеркәсіптік кешенінің» бақандай бес зауыты орналасқан еді. Соның ішінде ең үлкені «Ленин атындағы ауыр машина жасау зауыты» болып, онда орта қашықтыққа ядоролық оқтұмсықтарды жеткізетін зымырандар шығарылды. Құрамында 10 мыңнан артық адам жұмыс істеген. Екінші үлкені осы Куйбышев атындағы зауыт еді, мұнда 5 мыңдай адам жұмыс істеп, нәпақасын айырды. Зауыттың өзінің стадионы, балабақшасы, мәдениет үйі, тұрғын үйлері, жазда дем алатын лагерьлері болды. Әскери зауыт болғандықтан мұнда кім көрінгенді көшеден алмай, тексеріп қана қабылдайтын. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы сол кездің жағдайымен қарағанда өте жақсы болды деп айтуға болады. Білетіндердің айтуынша, мұнда теңіз торпедосы, миналар, су асты бомбалары шығарылған.
Ал зауыттың сүйегі 1895 жылы Мәскеуде қаланған. А.Бари деген неміс кәсіпкері оны қазандық мен резервуар шығару үшін тұрғызған екен. Кеңес өкіметі орнаған соң зауытты иесінен тартып алып, мемлекеттің меншігі еткен. Соғыс басталған 1941 жылы ол Петропавлға №239 зауыт деген құпия атпен көшіріліп, 18 қыркүйектен бастап алғашқы станогы жұмыс істей бастапты. Шығарған өнімдері негізінен әскери-теңіз күштеріне арналған. Содан, 1994 жылға дейін Куйбышев атындағы зауыт болып келді. 1994 жылы мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасына сәйкес, акционерлік қоғам болып құрылып, жекеменшікке берілді. Зауыттың акционерлері негізінен өзге ұлт өкілдері болып, қазақша атауды қаламай «Завод имени Куйбышеваның» жоғарыда айтқанымыздай «ЗИК»-ін қалдырып, негізгі сүйегіне 100 жыл болғандықтан «СТО»-ны жалғай салған. Сөйтіп, зауыттың қиын түйінді «ЗИКСТО» дейтін жұмбақ атауы пайда болған.
Әлеуметтік жауапкершіліктен айнымады
Осы «ЗИКСТО» көктемгі су тасқыны салдарын жоюда айрықша ерлік көрсетті. Сол кездегі бас директордың міндетін атқарушы Айдос Бекмағамбетов Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевпен меморандумға қол қойып, тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 700 млн теңге көлемінде көмек беретінін жария етті. Бұл сомаға жаңа тұрғызылған үй мен сатып алынған пәтер иелеріне тұрмыстық техника, үй жиһаздары сатып әперілетін болды.
«Біздің кәсіпорнымыздың акционерлері зардап шеккен тұрғындардың қасіретін жеңілдетуге шешім қабылдады. Мұндай ахуал әркімнің де басында болуы мүмкін. Сондықтан біз әр отбасыға тоңазытқыш, кір жуатын машина, электрплита және төсек ағаштар сатып алып береміз», деген еді ол.
Кәсіпорын уәдесінде тұрып, айтқан дүниелерін жеткізіп беріп жатыр. Олар барлығы 520 жаңа үй мен 197 пәтер иелерін осылай риза қылмақшы.
Солтүстік Қазақстан облысы