Қара жолдың бойында жатқан Қаратұрық ауылдық округіндегі 6 елді мекенде 13 мыңнан аса адам тіршілік етеді. Негізгі кәсіптері – мал шаруашылығы. Десе де кейінгі жылдары жеке кәсіптің кілтін тауып, несібесін молайтып отырғандар қатары еселеп артқан. Соның нәтижесінде биылға арналған салық жоспары 59 млн 447 мың теңге болса, бүгінде округ бюджетіне 57 млн 910 мың теңге түсіп, жылдық болжамның 97 пайызы орындалған.
«Округімізде кәсіпкерлік субьектілеріне қолдау көрсету мақсатында шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасалған. Қазір округте 101 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген. Оның 97-сі тұрақты жұмыс істеп, 212 адам жұмыспен қамтылды. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жұмысқа орналасқан азаматтар саны 48 адамды, яғни 22 пайызды құрады. Ауыл азаматтарын жұмыспен қамту жалғасын таба береді», дейді Қаратұрық ауылдық округінің әкімі Айбек Ілебаев.
Уақыт көшінен қалмай, жаңашылдыққа ұмтылуды ұмытпаған округ тұрғындары кәсіп тетігін таба білу арқылы тіршіліктерін түрлендіре түскен. Соның нәтижесінде округ аумағында 56 азық-түлік, тұрмыстық, 3 құрылыс дүкені, 4 сұлулық салоны, 3 көлік жөндеу орталығы және 1 сплитерлік кірпіш шығаратын кәсіпорын ашылып, күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті затты алыстан іздемей, ауылдан тауып, тұрмыстарын жандандырып жатыр. Аталған нысандарда 138 адам жұмыс істейді. Биылғы жартыжылдықта кәсіпкер санының артуына округтегі «Бекет» сауда орталығының ашылуы айрықша әсер еткен. Себебі аталған сауда орталығында 41 жеке кәсіпкерге орын ұсынылған.
Жеке кәсіп ашамын деген ынталы азаматқа «Ауыл аманатының» тигізер көмегі көп. Былтырдан бері 54 азамат жеке құжатын тапсырып, қазір 33 жеке кәсіп иесі 224 млн 400 мың теңге көлемінде 2,5 пайыздық несиеге қолжеткізіп, мал өсіріп, бақша егуді бастап кеткен. Биыл 21 кәсіпкердің құжаты рәсімделіп жатыр екен.
Ауыл тұрғындарын маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтып отырған 518 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Аталған шаруа қожалықтары шамамен мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Шаруа қожалықтары негізінен өсімдік шаруашылығы және мал өсірумен айналысады.
«Округіміз тау бөктеріне жақын орналасқандықтан, табиғи-климаттық жағдайы бақ өсіруге қолайлы. Кейінгі он жыл ішінде жалпы сомасы 8,7 млрд теңге инвестиция тарту арқылы интенсивті жеміс бақтарының көлемі осы күні 692 гектарға жетті. Бұл бақтардың барлығы тамшылатып суару әдісін қолданады. Тамшылатып суару әдісін бұлардан бөлек 100 гектар жері бар «Егемен-2024» өндірістік кооперативі, 40 гектарды алып жатқан «Баттал» шаруа қожалығы, сондай ақ 250 гектар жерге спринглер құрылғысын орнатуды биыл қолға алған «Абди Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайдаланып жатыр», дейді ауыл әкімі Айбек Ілебаев.
Ол округ бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарының инвестиция көлемі биылғы жартыжылдықта 1 млрд 514 млн теңгені құрағанын алға тартты. Инвестицияның қомақты көлемін, яғни 1 млрд 314 млн теңгені «Абди Агро» ЖШС тартып отыр. Аталған шаруашылық 1 000 басқа арналған мал бордақылау кешені құрылысын салуды бастап кеткен. Сондай-ақ «Сады Умай» ЖШС қаз өсіру фермасын аяқтап, ендігі кезекте алма бағын отырғызуға күш салып жатыр.
Ал «Риччарден» ЖШС алма бақ өсіруде өзгеге үлгі болып, алманың жоғары сапалы 7 түрін жайқалтып өсіріп отыр. Алма бақтың төбесі түгелдей арнайы тормен жабылған.
«Ол жеміс ағаштарын бұршақ ұрудан, құстан қорғайды. Шаруашылыққа тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Алманың голден делишес, айдарлет, ред делишес, гренни смит, фуджи, гала, мельба сынды танымал сорттарын күтіп-баптап өсіреміз. Жеміс жинау науқанында жұмысшылар саны 30-ға жуықтайды. Негізі 14 адам еңбек етеді. Техникамыз да жеткілікті. Жоғары сапалы өнімдерімізге көршілес Ресей мемлекетінен сұраныс түседі. Ал басым бөлігі еліміздің барлық аймағының сауда нүктелеріне таратылады. Бақ аумағында сыйымдылығы 400 тонналық алма сақтайтын қоймамыз бар», дейді алма бақтың меңгерушісі Садыржан Якупов.
2013 жылдан бастап бос жатқан жайылымдық жерге Италия, Германия технологиясына негіздеп алма көшеттерін отырғызған шаруашылық алғашқы 5 жылда шетел мамандарымен бірлесе жұмыс істеген. Соның нәтижесінде жоғары сапалы мол өнім алуға қол жеткізген.
Шаруашылық қарамағындағы 50 гектардың 21 гектарына алма, қалған жерге абрикос пен қара өрік өсіріп отыр. Алма бақта 2 мың текше метрлік су жинайтын бассейн де бар. Тәулігіне бір мәрте суарып, уақтылы дәрумен қосып отырады. Былтыр әр гектардан 30-35 тоннадан өнім алған. Ал биылғы көктемгі үсік салдарынан өнім көлемі кемитін көрінеді.
Қаратұрық аулында «Ауыл аманаты» бағдарламасының шапағатын көріп отырған кәсіпкердің бірі – Мұрат Рахметәлі. Бағдарлама аясында 2,5 пайызбен 6 млн теңге рәсімдеп, оған етті бағыттағы бұқашықтар сатып алып, бордақылауға кіріскен. Қорасындағы қазақтың ақбас, «Алатау» тұқымды ірі қаралар орташа таза салмағы 300-350 келіге дейін ет береді. Осы күні бордақыда тұрған 20 бас ірі қараны жеткілікті жемшөппен қамтамасыз ету мақсатында 1 500 түп жоңышқа мен 15 тонна жүгері жемін сатып алғанын айтқан жеке кәсіпкер Мұрат Рахметәлі бұған дейін жұмыссыз отырғанын да жасырмады. Төрт бала тәрбиелеп отырған отбасы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қорасын малға толтырып, кәсіптің кілтін ашып, несібелерін молайтты.
Жалпы, Қаратұрық ауылдық округі тұрғындарының еңбекке епті екенін байқау қиын емес. Биыл шаруа қожалықтары 2 600 гектар жерге дәндік жүгері мен 410 гектарға көкөніс отырғызып, күтіп-баптап жатыр. Сондай-ақ округте 10 454 бас мүйізді ірі қара, 5 100 бас жылқы және 34 500 бас қой-ешкі өсіріледі.
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы