Алатаудың етегіндегі халық тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар аудандарында осы күні үш ауысымды 39 мектеп бар, яғни 26 мыңнан аса оқушыға орын жетіспейді. Осыған орай, облыста үш ауысымды мектептер мен оқушы орны тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 53 мектеп салыну жоспарланған. Биыл 26 жайлы мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру көзделген.
Пайдалануға берілген нысан ішін мүлікпен толтыру да – маңызды міндет. Қазір өңірдегі осынау қажеттілікті «Алатау прогресс кз» ЖШС өтеп отыр. 2009 жылы құрылған компания осы уақытқа дейін өндірісті дамыту және өндірістік қуаттылықты арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Өндіріс аумағы 20 мың шаршы метрге, ал құйылған инвестиция көлемі 4 млрд теңгеге жетті. Кәсіпорын 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр.
Германия, Қытай және Ресейден жеткізілген заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорында жоғары сапалы стандарттарға сай жиһаздар өндіріледі. Жобалау және өндіру кезеңдерінде жиһаздың ыңғайлылығы мен сапасына айрықша көңіл бөлінеді. «Алатау прогресс кз» оқушы мен мұғалім үстелін, орындық, шкаф және арнайы жиһаз шығарумен айналысады.
Кәсіпорын басшысы Берік Жиенбаев зауытта өндірілетін мектеп жиһазы тапсырыс берушілер тарапынан жоғары бағаланып, сұранысқа ие екенін ерекше атады. 2023 жылдың қорытындысында кәсіпорынның өндіріс көлемі 2 млрд теңгені құраған.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының шапағатын бизнес өкілдері де сезініп жатыр. Себебі құрылыс қарқын алып, өндірілетін өнімдерге сұраныс еселеп артты. Соның нәтижесінде өткен жылдың табысын биыл жарты жылда орындадық. Осы жоба аясында облыста 17 мектеппен келісімшарт жасалды. Біздің «Altamir» брендтік жиһаздарымызға өзге өңірлерден де тапсырыс түседі. Мектеп жиһаздарының сапалы әрі заманауи, экологиялық таза өнімнен өндірілуіне, сондай-ақ оқушы жасы мен бойына сай келуіне баса көңіл бөлінеді», деді кәсіпорын басшысы.
Өңірге іссапармен келген Мәжіліс депутаты Максим Рожиннің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептердің ішкі жабдығына 100 пайыз отандық өндірістің өнімі қолданылуға тиіс.
«Сәйкесінше, заманауи жиһаз да барлық қауіпсіздік талабына сәйкес болуы шарт. Кейінгі кезде өнім өндіруде отандық өнімнің үлесі артып келеді. Дегенмен оның көлемін ұлғайту және дайын өнімді сату аумағын кеңейту бағытында әлі де ауқымды жұмыс істеу қажет. Өйткені экономиканың негізгі бөлігі болатын жеңіл өнеркәсіптің мысын импорт басып тұр. Біз өз тарапымыздан отандық өнім өндіруші кәсіпорындарға көмектесуге дайынбыз», дейді депутат.
Қарасай, Жамбыл аудандарының тұрғындарын тұрақты еңбекпен, мардымды жалақымен қамтамасыз етіп отырған өндіріс ошағына білікті маман тарту да – кәсіпорын саясатының маңызды бір тармағы. Бүгінде кадр тапшылығының алдын алу үшін аудан орталығындағы кәсіптік колледждермен меморандум жасалып, жас мамандарды еңбекке тарту және шетелдік заманауи құрылғыларды басқаратын операторлықты оқытып, меңгерту істері жүйелі жолға қойылып келеді.
«Altamir» металл өңдеу цехында жұмыс істегеніме 15 жыл болды. Цехқа келген металл алдымен қиылып, содан кейін иіліп, соңғы сатысында дәнекерленеді. Мұнда өз ісіне жауапты әрі тәжірибесі толыққан 40 адам екі ауысымда жұмыс істейміз. Еңбекақымыз тұрақты төленеді. Еңбек қауіпсіздігін үнемі жадымызда ұстаймыз», дейді цех бригадирі Әлихан Абзалұлы.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде 369 мектеп салу көзделсе, биыл соның 217-сіне тапсырыс берілген. Жаңа мектептерді отандық өніммен қамтамасыз етудің басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдай отырып, жергілікті халықты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту.
Алматы облысы