• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Тамыз, 2024

Мұнайлы өңірдің мүмкіндігі мол

156 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы экономиканы өркендету үшін терең өңдеуге көшу, өнімнің ішкі құнын арттыру мәселесіне көңіл аударып отыр. Мұндай қадам экспорттың шикізаттық бағытынан бас тартып, отандық экономиканы әртараптандыруға жол ашады. Осы орайда өңірге сапармен келген Премьер-министр индустриалды жобаларды іске асырып жатқан компаниялар жұмысына, мұнай-газ химиясы секторының дамуына назар аударды.

Аймақта кейінгі кезде мұнай-газ химиясы саласын өркендетуге бетбұрыс жасалды. «Қашаған» кен орнында жобалық қуаты жылына шамамен 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салынып жатыр. Бұл инвестициялық жобаны «GPC Investment» ЖШС іске асыруды қолға алды. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстарының 11 пайызы аяқталды. Осы нысанның жалпы дайындығы – 23 пайыз. Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» компаниясына зауыт құрылысының қарқынын жеделдетіп, 2026 жылға дейін аяқтау жүктеліп отыр.

Бұл зауытқа газ жеткізу үшін «Қа­шаған» кен орнын игеретін «North Caspian Operating Company» (NCOC) компаниясы құбыр салу жобасын іске асырады. Қазір бұл компания «QazaqGaz»-бен бірге жылына 700 мың тон­наға дейін сұйытылған көмірсутекті газды нарыққа жеткізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Фаза 2А желісімен жылына 2,5 млрд текше метр, Фаза 2B желісімен жылына 6 млрд текше метр газ тасымалдау жоспарланған.

Олжас Бектенов «Kazakhstan Petroche­mical Industries Inc.» ЖШС (KPI) полипропилен өндіру зауы­тының да жұмысымен танысты. Интег­рацияланған газ химиясы кешені – «Теңіз» кен орнынан шикізатты қайта өңдейтін алғашқы жоба. Мұнда жылына 500 мың тонна полипропилен шығарылады. Кешен іске қосылған 2022 жылдан бері 341,4 мың тонна түйіршікті полипропилен өндірілді. Мұнда қазір құрылыс, медицина, автомобиль жасау, азық-түлік және тоқыма өнеркәсібі салаларына қажетті 10 полипропилен маркасының өндірісі жолға қойылған.

Кешен елдегі полипропилен құнын тұрақты төмендетуге ықпал етіп отыр. Жұмыстың бастапқы кезеңінде поли­пропиленнің 1 тоннасы 650 мың теңге болған. Қазір 450 мың теңгеге дейін төмен­деген. Ресейде полипропиленнің бір тоннасы 1 280 долларға (612 мың теңге) жетеді. Бұл баға Беларусьте – 1 295, Өзбекстанда – 1 090 доллар.

Зауыттың негізгі міндеті – ішкі қажеттілікті қамту. 2022 жылы отандық полипропилен нарығындағы KPI кәсіп­орнының үлесі 2%-ды құрады. Импорт 63%-ға жетті. Екінші тоқсанға қарай көрсеткіш өзгерген. Қазір зауыттың үлесі 25 есеге жуық өсіп, 49%-ды құрап отыр. Импорт 22%-ға дейін төмендеді. Өткен 6 айда KPI кешенінде 133 мың тонна өнім өндірілді. Келесі жылға арналған жоспар – 507 мың тонна полипропилен. Кәсіпорын өндіріс қуаты жөнінен Өзбекстан өндірісінен 5 есе (100 мың тонна), Түркиядан – 3,5 есе (144 мың тонна), Түрікменстаннан – 3 есе (171 мың тонна), Әзербайжаннан 2,7 есе (180 мың тонна) алда тұр.

«Ішкі нарыққа өнімді төменгі бағамен өткізуді қамтамасыз етуге ұмтылуымыз керек. Басты міндетіміз – отандық өндірушілерді қолдау. Отандық өнімдер арқылы шағын және орта кәсіпорындар одан әрі дамиды. Сондықтан дайын өнімді бірінші кезекте ішкі нарыққа жөнелту керек. Өнімнің артығы ғана экспортқа жіберілуге тиіс. Бұл саясатты қатаң ұстану қажет. Себебі KPI кәсіпорны ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады», деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысына «Дос­сор-Атырау» автожолын қайта жаңар­ту жобасы таныстырылды. Ұзын­дығы 86 шақырым республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Атырау – Астра­хан» магистралінің учаскесін 4 жолаққа дейін кеңейту ұсынылып отыр. КPI зауытында шығарылатын полипропилен беріктікті арттыру және жалпы пайдалану сапасын жақсарту үшін жол құрылысында қолданылады. Осылайша, зауыт өнім­дерін құрылыс индустриясында да кеңінен қолдану жоспарда бар.

Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының жобалық қуаты жылына 5,5 млн тоннаны құрайды. Қазір бұл зауытта мұ­най өнімдерінің 35-ке жуық түрі шы­ғарылады. Биылғы 7 айда шикізатты қайта өңдеу көлемі 3,4 млн тоннаны құрады. Зауытта хош иісті көмірсутек өндіру мен мұнайды терең өңдеудің технологиялық кешендері 2003-2018 жылдар аралығында үш сатылы жаң­ғыр­ту аясында салынды. Бұл бензол мен параксилол өндірісін іске қосуға, отын сапасын К4/К5 экологиялық санатына дейін жеткізуге, қайта өңдеу тереңді­гін 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

«Жартыжылдық қорытындысында мұнай өндірудің 1,6%-ға тө­мен­дегенін көріп отырмыз. Бірақ эко­но­­миканың басқа салаларында өсім бар. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталып, 6 айдағы көрсеткіш 5,1% деңгейінде тұрақтады. Құрылыс жұмыс­тарының көлемі 8,6%-ға, көлік және қоймалау – 7,3%-ға, ақпарат пен бай­ла­ныс 8,7%-ға артты. Өңдеу өнеркәсібі салаларында өндірістің машина жасауда 9,4%-ға, металл бұйымдарын өндіруде 30,3%-ға, химия өнеркәсібінде 5,3%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Ел экономикасы шикізатқа тәуелділіктен арылып, өңдеу өнеркәсібіне басымдық бере дамуға тиіс», деді Олжас Бектенов.

Өңірде экология мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, мұнай өңдеу жұмыстарын дамытуды ескере отырып, экологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. 2025 жылға қарай қоқыс полигондары толы­ғы­мен санитарлық талаптарға сәйкес­тендірілмек.

Үкімет басшысы облыстағы өңдеу өнеркәсібінің 10% үлесін иеленіп отырған, тау-кен секторындағы кәсіп­орындарға арналған құрал-жабдық шығаратын «Жігермұнайсервис» зауытында болды. Олжас Бектеновтің пікірінше, нарықтың ішкі қажеттілігін өтеу үшін өндірісті одан әрі кеңейтіп, қуатын арттыру қажет.

Экономика саласындағы жоғары білікті мамандар даярланатын «APEC PetroTechnic» жоғары колледжі түлек­терінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90%-дан асады. Түлектер білімін ірі мұнай-газ, мұнай сервисі, энергетика және IT компанияларда табысты қолданып жүр. Үкімет басшысы отандық кадрларға сұранысты арттырудың, шетелдік жұмыс күшіне қажеттілікті қысқартудың маңызын атап өтті. Оқу-ағарту министрлігіне қазіргі жағдайды талдауды, осындай мекемелердің санын басқа өңірлерде де көбейту мәселелерін қарауды тапсырды.

«Оқу орындары әлеуетті жұмыс берушілермен ұзақмерзімді серіктестік орнатуы керек. «APEC PetroTechnic» колледжі – осындай мекемелердің бірі. Біздің елімізде осы тәріздес мекемелер көп болуға тиіс. Өйткені мұндай оқу орындары жалпы білім беру жүйесінің дамуына қуатты серпін береді. Сұранысқа қажетті дағдылары бар әрі әлемдік нарыққа еркін шыға алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға жол ашады», деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

Атырау облысы