Атырау облысында жыл басынан бері электрлі көлік жүргізушілерінің 930 мәрте жол ережесін бұзғаны тіркелді. Алайда мотокөліктер мен электрсамокатты тізгіндегендер полицейлердің заңды талабын орындамай, оқиға орнынан қашып кетуге тырысады.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, кейінгі кезде мопед, мотоцикл мен скутер жүргізушілері жасаған жол-көлік оқиғасы жиілей бастады. Мәселен, биыл жыл басынан бері электрлі көліктердің жүргізушілері тарапынан 930 құқық бұзушылық тіркелді.
«Құқық бұзушыларға әкімшілік хаттама толтырылды. Арнайы айып тұрағына 120-дан астам скутер, мопед қойылды. Жүргізушілердің басым бөлігі жылдамдықты асырып, алдындағы көлікті басып озады. Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай, қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Тәжірибеге сүйенсек, мұндай көлік түрлерін жасөспірімдер жүргізеді. Кәмелетке толмаған жүргізушілер жолда жүру ережесін жиі бұзады», дейді Ә.Сейдуалиев.
Оның пікірінше, жасөспірімдердің дені мотоцикл, мопед пен скутерді құжатсыз жүргізеді. Ал ата-аналары балаларының осындай заң бұзуына, тіпті қауіпсіздігіне мән бермейді.
«Тек Атырау қаласында жыл басынан бері электрлі көлік жүргізушілер бұзған 106 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатының салдарынан 53 адам дене жарақатын алды, 5 адам қайтыс болды», деп мәлімдеді Ә.Сейдуалиев.
Баласына мопед алып берген тұрғынның бірі – атыраулық Тимур Рақышев. Алайда оның ұлы бір жыл бұрын жол апатына түсіпті. Қазір дәрігерге қаралып жүр.
«Ата-ананың бәрі балаларын қуантқысы келеді. Мен де бір жыл бұрын 14 жастағы ұлымды қуанту үшін мопед алып берген едім. Бірақ баланың бір күнгі қуанышын емес, болашағын ойлау қажеттігін кеш түсініп отырмын. Қазір көшеде мопед айдап жүргендер жол ережесін жиі бұзады. Тіпті олардың жүрісінен қорқатын болдым. Мопедшілер екі күннің бірінде жол апатына ұшырап жатыр. Зардап шегетіндер де – мопедшілер мен скутершілер. Көбінің жасы әлі 18-ге де толмаған. Қазір арбада отырған баламды көргенде, бір күнгі қуанышы үшін болашағына балта шаптым-ау деп өкінемін», дейді Т.Рақышев.
Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Насиполланың айтуына қарағанда, былтырғы 29 маусымда жол қозғалысы туралы заңнамаға өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес енді скутер, мопед, самокат жүргізушілеріне талап күшейтіліп отыр. Олардың жолда жүру ережесін бұзғаны анықталса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 127, 440, 620 және 593-баптарына сай әкімшілік хаттама толтырылады.
Мәселен, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 15 жастағы жасөспірім мопедпен келе жатып, өзге көлікке соқтығысқан. Бұл іс Атырау облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Жол қозғалысы ережесін бұзған жасөспірімнің анасы Р.С-ға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 127-бабы 3-бөлігімен әкімшілік іс қозғалған.
«Р.С-ның кәмелетке толмаған 15 жастағы ұлы Н.Л. биыл мамыр айында Құлсары қаласында «Самурай» мопедін жүргізуші куәлігінсіз жүргізген. Сөйтіп, «Toyota Camry» маркалы көлігімен соқтығысты. Анасының ұлын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауының салдары кәмелетке толмаған жасөспірімнің әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген. Анасының кінәсі іс құжаттарымен толық дәлелденді. Ол сотта кінәсін мойындап, ұлының әрекеті үшін кешірім сұрады», деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот қаулысымен Р.С. жоғарыда көрсетілген баппен кінәлі деп танылды. Оның жеке басы, жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай, құқық бұзушылықтың сипаты ескерілді. Сот қаулысымен жасөспірімнің анасына 51 мың 688 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Мұнайлы шаһар маңындағы Водников ауылында мопед жүргізушісі Kia Sportage автокөлігіне соқтығысты. Жол апатының салдарынан мопедтің жүргізушісі оқиға орнында мерт болды. Көз жұмған жігіттің жасы 20-да.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында тіркелді. Мұнда кәмелетке толмаған жасөспірім мотоциклмен келе жатып түйеге соқтығысқан. Ауыр жарақат алған 14 жастағы жасөспірім оқиға орнында көз жұмды.
Атырау облысы