Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
«Көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық негізін қалыптастыру мәселесі біздің елдеріміздің айнымас міндеті болып қала беретіні сөзсіз. Өңірдегі мемлекеттердің бірлескен күш-жігері мен қуатты экономикалық әлеуетінің арқасында Орталық Азия аумағы сауда, инвестиция, ғылым және инновация саласында зор мүмкіндіктері бар кеңістікке айналып отыр.
Елдеріміздің жалпы аумағы – 3 882 000 шаршы шақырым, халқының саны 80 миллионнан асады, ал ішкі жалпы өнімі 450 миллиард долларға жуықтайды. Әлемдегі уран қорының шамамен 20, мұнайдың 17,2, табиғи газдың 7 пайызы – біздің аймақтың еншісінде. Орталық Азия көмір өндіруден әлемде 10-шы, электр энергиясын өндіруден 19-орында тұр», деп жазды Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл жағдай елдеріміздің сыртқы факторларға лайықты төтеп беруін қамтамасыз етіп, сауда-өндіріс саласындағы циклдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бірлескен экономикалық жобаларды тиімді іске асыру осы үдеріске оң ықпал ете алады.
«Экономикаларымызды технологиялық жағынан дамыту – маңызды міндет. Біз табиғи ресурстарға тәуелділіктен біртіндеп арылуымыз қажет. Осы ретте медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар саласын қамтитын креативті индустрия мен цифрландыру ісі экономикаға тың серпін беретін күшке айнала алады. Өңір елдерінің осы бағытта бірлескен жобалар әзірлеуге әлеуеті де жетеді», деп жазылған мақалада.
Сондай-ақ цифрлық және креативті индустрияның жаппай қарқын алуы шикізатқа сүйенген экономикадан зияткерлік сипаттағы өндіріске дәйекті түрде көшуге ықпал ететін болады.
«Орталық Азияның ықпалдастығы біздің елдеріміздің ұлттық экономикалық өсімінің басты себепшісі болмағанымен, оның негізгі қайнар көзінің бірі бола алатынына сенімдімін», деді Қ.Тоқаев.