Атырау облысының су айдындарына шомылуға әлі рұқсат берілген жоқ. Басты себеп – табиғи сипаттағы төтенше режімнің әлі де сақталуы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Аблановтың айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасына сәйкес Атырау облысындағы су айдындарында оқыс оқиғаларды болдырмау үшін шомылу маусымына дайындық іс-шарасы ұйымдастырылған. Ал облыс әкімі 20 мамырда суға шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарын бекіткен.
«Қазір облыста суға түсуге тыйым салынған 70 қауіпті учаске анықталып отыр. Оның ішінде Атырау қаласының аумағында – 17, Индер ауданында – 10, Махамбетте – 19, Қызылқоғада – 15, Жылыойда – 7, Құрманғазы ауданында осындай 2 учаске бар. Бұл учаскелерде 238 тыйым салынған белгі мен 9 ақпараттық стенд орнатылды», дейді Б.Абланов.
Оның айтуына қарағанда, бұл жөнінде облыс тұрғындарына бірнеше рет ескерту беріліпті. Су айдындарына күнделікті рейд жүргізіліп келеді. «Біз барша көпшілікті шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалды. Өңірдегі су айдындарының тереңдігіне байланысты қауіп әлі де жоғары күйде қалып отыр. Алайда соған қарамастан рұқсат етілмеген әрі арнайы жабдықталмаған тұста суға түсу азаяр емес. Тіпті суға батып жатқандар бар. Өкінішке қарай, судың құрбаны болғандардың арасында жасөспірімдер бар», деп мәлім етті Б.Абланов.
Төтеншеліктер суға батудың себебіне талдау жүргізіпті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, судағы жазатайым оқиғаның 95 пайызы мас күйінде шомылу, өз күшін асыра бағалау, балалар арасындағы еркелік салдарынан болатыны анықталған. Ал 5 пайызы – денсаулықтың күрт нашарлауынан және құрысу салдары.
«Атырау облысында суға түсуге рұқсат етілген 46 орын белгіленді. Оның бесеуі Атырау қаласында орналасқан. Ал Құрманғазы ауданында – 11, Қызылқоғада – 19, Махамбетте – 9, Жылыой мен Индер ауданында бір-бірден суға түсу орны бар. Бірақ шомылу маусымына рұқсат берілмесе де суға түсетіндер кездесіп отыр. Мәселен, 1 маусымнан бері 193 рейд жүргізіліп, 67 адам жауапқа тартылды», деді Б.Абланов.
Оның мәліметінше, су айдындарындағы қауіпсіздік күн сайын бақылауға алынған. Қазір Атырау қаласы мен Құрманғазы, Махамбет, Индер аудандарында құтқару стансасы бар. Бұл стансалардың әрқайсысында 9 құтқарушы жұмыс істейді. Әр стансадағы құтқарушыларға 4 қайықтан бөлінген. Бұған қоса қазір 80-ге жуық құтқарушы су айдындарындағы қауіпті саналатын 24 аумақта кезекшілік атқарып жүр.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының басшысы Әділхан Жұмалиевтің мәліметінше, кейінгі үш жылда суға батқан 43 адам қайтыс болған. Су айдындарында жантәсілім еткендердің 15-і – кәмелетке толмаған жасөспірімдер.
«Биыл жаз мезгілі басталғалы бері облыстың су айдындарында қауіпсіздік іс-шаралары күшейтілді. Қазір өңірдегі су айдындарында «Балаларды судан қорғаңыздар» акциясы өтіп жатыр. Жергілікті құтқарушылар 8 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарып қалды. Соған қарамастан биыл суға батып, қайтыс болғандар аз емес», дейді Ә.Жұмалиев.
Оның айтуынша, оқыс оқиғаға себепкер болатын бірнеше жайт бар. Біріншіден, бұған тұрғындардың су айдындарындағы тыйым салынған тұста суға түсуі әсер етеді. Екіншіден, ата-аналар балаларды жағалауда қараусыз қалдырады. Үшіншіден, құтқарушылардың қауіпсіздікті сақтау туралы ескертуін елемейді. Төртіншіден, өз күшін асыра бағалау да өкінішке ұрындырады. Бесіншіден, кейбір тұрғындар жүзе алмаса да суға түсуге әуестігін тежей алмайды.
«Рұқсат етілмеген тұста шомылудың соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмірін сақтау үшін рейдтік іс-шараларды жиі өткізеді. Атырау облысында табиғи сипатта жарияланған төтенше жағдайға байланысты суға шомылу маусымы әлі ашылған жоқ. Бірақ тұрғындар бұл талапқа бағынбай жүр. Жақында Көкарна және Бесікті елді мекенінің тұсында 4 жасөспірім суға батып, қайтыс болды. Осыған байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік талаптарын сақтауды, белгіленбеген аумақта суға түспеуді ескертеміз», деп мәлім етті Ә.Жұмалиев.
Мәселен, 1 тамызда Атырау қаласына таяу орналасқан Құрманғазы ауылындағы бір отбасының екі баласы суға кетті. Ұл мен қыз күндізгі мезгілде Жайық өзеніне суға түскен. Өкінішке қарай, екеуі де судан кері шықпай, батып кеткен.
«Сол күні, 1 тамызда сағат 14.53-те екі баланың суға батқаны туралы хабар түсті. Құтқарушылар оқиға орнына барып, жедел іздестіруге кірісті. Түс қайта сағат 16.20-да 2017 жылғы ұлдың мүрдесі Жайық өзенінен табылып, жағалауға шығарылды», деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жайық өзеніне батқан қызды іздеу 1-3 тамыз аралығында үздіксіз жүргізілген. Осы күндері сүңгуірлер Жайық өзеніне 20 мәрте түсіп, 12-15 метр тереңге бойлаған. Су астындағы іздестіру аумағы 6 мың шаршы метрден асқан.
«Өзенде әлі қатты ағыс бар. Су астында іздестіру жұмысына кедергі болатын бөгде заттар да көп. Мұның бәрі су астындағы көру мүмкіндігін төмендетіп, іздестіру жұмысына қиындық туғызды. Осындай себептерден суға батқан адамды табу мерзімі кешеуілдейді. Ең маңыздысы – қауіпсіздік ережесін сақтау, әсіресе балалардың су айдындарына шомылуына жол бермеу», деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Дәл сол күні Құрманғазы ауданының Х.Доспанова ауылында бір жасөспірімнің Шарон өзеніне батып кеткені туралы хабарланды. Суға батқан 2010 жылғы жасөспірім екені анықталды.
Тілсіз жау санатындағы суға кеткендер дерегінің жиі қайталануы – өкінішті жайт. Әсіресе бір айға жетпейтін мерзімде 6 жасөспірімнің Жайық өзеніне батып кеткені алаңдатады.
Атырау облысы