Солтүстікке көшу мәселесі арбаның майланбаған доңғалағы секілді сықырлаумен жүргізіліп келеді. Толып жатқан бюрократиялық барьерлер алақанына түкіріп, көшіп келемін деуші көптеген қандасымызға да, қоныс аударушыға да кедергі келтіріп отыр.
Әсіресе алыс шетелдерден келушілердің жағдайы қиын. Мысалы, Ираннан келген қандастарымыздың құжаттарын парсы тілінен қазақ немесе орыс тілдеріне аударып бере алатын мамандар жоқ. Әлеуметтік желідегі аудармашы қызметі кейде ауа жайылып кетеді. Құжаттарын жөндей алмай жүргенде ықтияр хаттарының мерзімі де аяқталып қалып, қиыншылықтарға тап болады.
Қазір Петропавлда «Отандастар», Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымдарының филиалдары қолдарынан келгенше қандастарымыздың көші-қонының сәтті болуына қол ұшын беріп отыр. Ал «Теріскей – бізге аманат!» деген ұран көтеріп жүрген «Тәуекел» қоғамдық қорының істері тіпті зор. Қордың басшысы Бурахан Даханов күндіз-түні осы іспен айналысып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндеті жұмыспен қамту орталығына жүктелген. Алайда олардың түрлі цифрға ие болып отырғандығынан басқа, белсенділігі төмендеу екені белгілі.
Биыл Солтүстік Қазақстанға қоныс аударушылар мен қандастардың отбасын қарсы алуға 191 елді мекен белгіленген. Келген қандастар мен қоныс аударушылар осы елді мекендерден өздеріне ұнаған үйлерді сатып алады. Оның жарты ақшасы мемлекеттік бюджеттен төленеді. Оның көлемі 4 млн 283 мың теңгеге дейін. Бұл – сегіз миллион теңгенің үйін алатын көшіп келушілер соның жартысын ғана төлейді деген сөз. Мұндай тәсіл 2023 жылдан бастап енгізілді, бұрын қоныс аударушыға арнайы үйлер салынатын. Бірақ ол үйлердің көбі сапасыз болып шыққандықтан, баспанамен қамту осындай әдіске көшірілді. Қалтасында үйдің жарты ақшасы да жоқ ағайындар үкімет берген 4 миллион теңгені банктен ипотекалық несие алып, алғашқы жарна ретінде салуына да болады.
Әрине, бұған қол жеткізу де оңай емес. Ондайлар тек көшіп келушілер арасынан сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс істейтіндеріне, отбасында еңбекке қабілетті басқа да мүшелері болғандарға және кәмелетке толмаған балалары болғанда ғана беріледі.
2024 жылға облысқа 2 909 адамды қабылдау квотасы берілген. Оның 2 707-сі – жұмыс күші артық облыстардан қоныс аударушы, ал 207-сі – қандастар. Әзірге соның 1 324-і көшіп келді. Оның ішінде 1 205 қоныс аударушы және 119 қандас. Айта кететін жайт, көшіп келушілердің 661-і – еңбекке қабілетті жастағылар, 592-сі – балалар, 48-і – зейнеткер.
Көшіп келушілердің барлық құжаты тиісті талапқа сай болса, отбасы мүшелерінің әрқайсысына 258 440 теңгеден жәрдемақы беріледі. Бұл 70 АЕК-ке тең. Ал көшіп келушілер өздеріне ұнаған тұрғын үйді таба алмай, жалдаған үйлерде тұрып келсе, 12 айға дейін коммуналдық және жалдау шығындары үшін отбасының құрамына байланысты ай сайын 55 380 теңгеден 110760 теңгеге дейін өтеледі. Көшіп келген ағайынның ұл-қыздары техникалық және кәсіптік білім алуға оқығысы келсе курстарға тегін жолдамалар беріледі.
Әрине, жұмыспен қамту орталығының шенеуніктері қоныс аударушылар мен қандастарды тартуға өздері жүре алмайды. Сондықтан 10 миллион теңгенің тендерін жариялап, оны жуырда Әнуар Тоқпановтың «Рух-Тіл-Жаңғыру» қоры жеңіп алып, жұмысқа кірісті. Әзірге оның қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облысына барып, біршама қоныс аударушыны шақырып келді. Мұнда келгендерге көмек қолын созып, түрлі жағдай жасайтын ақпараттық-түсіндіру орталығын ашты.
«Мұндай қолдау коронавирусқа дейін де болған, алайда ол жабылып қалды. Біз екінші рет ашылып отырмыз. Міндетіміз – Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударғысы келген жандарға кеңес беріп, көші-қон үдерісі туралы түсіндіру. Call-орталықтағы мамандар қоныс аудару жайын жоспарлап жүрген адамдардың сауалдарына телефон арқылы түсініктеме береді. Заң тармақтары, үй алу мәселесі, жұмыс туралы сұрақтардың барлығына біздің орталықта жауап алуға болады. Біздің жұмысымыз жаңа жылға дейін созылады», дейді Әнуар Тоқпанов. Бұл азаматтың өзі осындай, түрлі ұлттық шараларға белсенді қатысып жүрген елшіл жігіттердің бірі еді, енді мынау ісіне оның тұсаукесерін атап өтуіне қатысқандар сәттілік тіледі.
Ал Бурахан Дақановтың республикалық «Тәуекел» ұйымына қаржылық тұрғыдан мықты қолдау керек. Ол жуырда «Достық» үйінде өзінің «Тәуекел. КZ» ақпараттық порталының жобасымен таныстырды. Бұл порталға қоныс аударушылар мен алыстан келетін қандастарға арналған барлық ақпарат тоғыстырылмақшы. Соның ішінде әр ауданның инфрақұрылымдары, қай жерде орналасқаны, облыс орталығынан қанша шақырым қашықта екендігі, қысы мен жазының ауа райы, халқының құрамы, қанша фермер бар екендігі, оларға қанша кәсіби жұмысшы керектігі, қарсы алу шарттары, облыс аумағының жетістіктері – бәрі-бәрі осы порталда жарқырап тұрмақ. Көшіп келушілер ешкімді іздемей, ешкімге жалынбай, барлық ақпаратты осы порталдан алып, ондағы қажетті телефондармен қалаған жеріне хабарласа алады. Ал қажет деп жатса, «Тәуекел» ұйымы оларға қол ұшын беруге дайын.
Бұл шаруа Бураханның екі жылдан бері айтып келе жатқан дүниесі еді. Алайда сол порталды ашуға, жүргізуге қаржы тапшылығы болғандықтан, әлі күнге қол жеткізілмеген. Бурахан өзінде қаражат жоқ екендігін ашық айтады. Жобаны біреулердің бір реттік шағын көмегімен ғана жасаған. Бірақ оны жүргізетін техникалық қызметкерлерге, редакторына, алынатын ақпараттарға төлейтін ақшасы жоқ. Ал қалталы демеушілердің азаматтың күйіп-пісіп жүрген елдік ісін тануға әлі өрелері жетпей отыр. Бәлки алдағы уақытта есті-басты бір бай азамат қол ұшын берер деген үміт бар.
Солтүстік Қазақстан облысы