• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қылмыс 08 Тамыз, 2024

Бопсалағандар әділ жазасын алды

40 рет
көрсетілді

Бұрын «кісі тонау» деп жазатын қылмысты қазір «қорқытып ақша алу» деп жазатын болдық. Өйткені қазіргі тонау кісі­нің қалтасындағыны тартып алу ғана емес, ұрып-соғып, қор­қы­­тып, онлайн несие рәсімдеу сынды қылмыстарды да қам­тиды.

Петропавл қаласында төрт адам­нан тұратын ұйымдасқан қыл­­мыс­кер тобы биыл қаңтар–ақпан айларында сту­дент­терді қорқытып, сондай қыл­мыс­тар жасаған. Жастары 20 мен 23 ара­лы­ғындағы бұзақылардың үшеуі бұрын сотталған болып шық­ты. Олар қалталы студенттерді аң­дып, олардың қымбат дүниелерін тартып алумен қатар жалдаған пәтерлеріне алып келіп, ұрып-соғып қорқыту арқылы онлайн несие алғызған. Әсіресе бір жалдамалы пәтерде тұратын ауылды жерден келген колледждің 18 жасар оқушысы бұзақылардан қатты жапа шеккен. Қарақшылар оның әлеуметтік желідегі жазбаларына назар аударған. Онда байғұс студент өзінің байлығымен, ұстаған дүниелерінің қымбаттығымен мақ­танған. Оны көрген бұзақылар сту­денттің соңына түсіп, ақыры оны жал­­дамалы пәтерге алып келіп, қоқан-лоқы көрсетіліп, күш қол­­дану арқылы барлық ақшасын тар­­тып алу­мен қатар, қымбат телефонын 50 мыңға сатқызып, ақша­­ларын қал­та­ларына басқан. Қор­­қытып алғызған не­сие­лерін де тар­­тып алған. Бір жолы, студент үйін­­де жоғында, есігін бұзып кіріп, 70 мың теңгенің дүниесін ұрлап кеткен.

Жас бозбала құқық қорғау органдарына шағынуға қорыққан, өйткені бұзақылар оның пайдасыз екенін, өздерінің олармен сыбайлас екенін айтып, баланы психо­логиялық тұрғыдан әбден басып тастаған. Ата-анасы алыс­та, маңында басқа да жақындары жоқ бозбала сөйтіп, қарақшыларға әб­ден жем болып, барлығы 400 мың тең­ге­нің ақшасы мен дүниесінен айырыл­ған.

Облыстық ПД бастығының орынбасары, полковник Асқар Мұха­мет­қалиевтің айтуына қара­ғанда, оқу орындары мен мүдделі мем­лекеттік органдар арасында өзара іс-қимылды тиімді іске асы­ру шеңберінде жүргізілген про­фи­лактикалық шаралардың бірін­де боп­салауға ұшыраған студент жедел уәкілдерге жүгініп, басынан кешіп жүрген қасіретін айтқан. Сөйтіп, ҰҚҚКБ қызметкерлері қыл­мыс­керлерді дереу ұстаған.

Петропавл қалалық сотының ше­шімімен қарақшылар Қылмыс­тық кодекс­тің қорқытып ақша алу, бас еркі­нен айыру, ұрлау және денеге орта дәре­жедегі жарақат салу салу баптары бойынша сотталып, үшеуіне 4-тен 8 жыл араларындағы бас еркінен айыру жаза­сы берілді. Ал бұрын сотталмаған төр­тіншісі 4 жылдық шартты жазаға кесілді.

 

ПЕТРОПАВЛ