11 тамыз күні Париждегі Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев анасы Күлипа Бижановамен бірге Жаркент қаласындағы облыс басшылығы сыйға тартқан жаңа үйге барды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыс әкімі Күлипа Бижановаға Қазақстанның мақтанышына айналған батыр ұлды тәрбиелеп өсіргені үшін алғыс айтып, тұрғын үй кілтін салтанатты түрде тапсырған болатын.
Жаңа үй заманауи жиһаздармен, тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Бұл өз кезегінде Күлипа Бижанованың қолайлы жағдайда өмір сүруіне үлкен септігін тигізеді. Демеу Жадыраев бұл үйдің анасына жылы ұя, жайлы мекен, ал өзі үшін қуана-қуана келетін сүйікті шаңырағы болатынын атап өтті.
Салтанатты қабылдау кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев: «Алып анадан туады», халқына лайықты перзент бола білген осындай ер азаматты тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін ең алдымен, Демеудің анасы, Сізге алғысымызды білдіреміз. Құрметтің үлкені, сыйдың төресі ең бірінші анаға жасалуы керек», деген болатын.
Жадыраевтар отбасы Демеудің спорттағы қажырлы жолының және алдағы жетістіктерінің белгісіндей болған жаңа үйге көшуді бастады.