Биыл Батыс Қазақстан облысында оқушыларға кеңсе тауарлары, мектеп формасы, спорттық киім, аяқкиім тағы басқа сатып алуға жалпыға бірдей білім беру қорынан 450,0 млн теңге қарастырылған.
Бұл жөнінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Луара Батырғалиева хабарлады. Өңірде екі айлық «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Оның айтуынша, биыл бірінші жартыжылдықта өңірде жергілікті бюджет есебінен 10 370 балаға көмек көрсетілген.
– Бұл көмек Жалпыға бірдей білім беру қорынан бөлінді. Жәрдемді ең алдымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, бұл көмекті алмаса да жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен болған отбасы балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасы балаларына, сондай-ақ білім беру ұйымының алқалы басқару органы мақұлдаған өзге де санаттарға беріледі. Биыл облыс бойынша осындай оқушыларға 450,0 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Ол кеңсе тауарларын, мектеп формасын, спорттық киім, аяқкиім тағы басқа қажетті нәрселерді сатып алуға жұмсалады, – деді Луара Қайрекенқызы.
Бүгінгі күнге 1001 оқушыға жәрдем беру үшін олардың ата-аналарының карт-шоттарына жалпы сомасы 43,4 млн теңге аударылған.
Жоғарыда айтқандай, қазір бұл акция еліміздің барлық ауыл-ауданында өтіп жатыр. Біз өңірдегі ең үлкен Ақжайық ауданындағы ахуалды білу үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдинге хабарласқан едік.
– Өткен оқу жылында ауданымызда әлеуметтік қорғалмаған отбасынан шыққан 914 балаға 14 534 137 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оқушыларға кеңсе тауарларын төмен бағамен сату үшін кәсіпкерлерді жаппай тарта отырып мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастырдық. Оның ішінде Сәтимола кен орнын игеруші «SRPM Resources Ltd» компаниясы бірнеше мектепке: Ғабдолла Махамбетов атындағы орта мектебіне – 1 054 600 теңге, Хиуаз Доспанова атындағы орта мектепке – 700 000 теңге, Тайпақ мектеп-гимназиясына – 350 000 теңге, Құрман Байсықов атындағы орта мектепке – 1 400 000 теңге, Сарытоғай орта мектебіне – 2 250 000 теңге, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке – 1 050 000 теңге, Краснояр негізгі мектебіне – 700 000 теңге, яғни барлығы 7 504 600 теңге көлемінде көмек көрсетті, – дейді Ерболат Мұратқалиұлы.
Бұдан да бөлек, Ақжайық ауданында әлеуметтік осал 769 отбасының 1467 баласына өткен оқу жылында жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан 59 511 789 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліпті. Бұл – облыс бойынша ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Жалпы, әр мектептің жанынан құрылған арнайы алқа мүшелері көмек сұрап келген ата-аналардың әрбір өтінішін мұқият қарап, мұқтаж жандарға мүмкіндігінше көмек қолын созып отырады. Орал қаласында Нұрлан Саттықов басқаратын Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 мектептің қамқоршылар алқасында тұрғандықтан, осы жолдардың авторы да бұл мәселемен жақсы таныс. Аталған мектепте 2024–2025 оқу жылына дайындық барысында аз қамтылған 55 оқушыға 43 407 теңгеден берілді.
– Таратып айтар болсақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын 20 оқушыға, отбасы табысы күнкөріс деңгейінен төмен 31 оқушыға және қамқоршылықтағы 2 оқушыға жәрдем бердік. Ол балалар жаңа оқу жылына дайын. Бұдан бөлек, төтенше жағдайға ұшыраған 2 оқушыға да қаржылай көмек берілді. Айта кетейін, өтініштер мен құжаттар әлі қабылданып жатыр. Біздің демеушілеріміз көпбалалы 5 оқушыға мектеп сөмкесі мен спорттық аяқкиім алып берді. Мектеп қамқорындағы оқушыға демеушілер 55 000 теңге көмек берді. Осы «Мектепке жол» акциясы аясында түрлі мекемелер мен демеушілерге қатынас хат жолдап, бастаманың мән-маңызын түсіндіріп жатырмыз. Акция жалғасып жатыр, – дейді Нұрлан Нариманұлы.
Батыс Қазақстан облысы