Күні кеше ғана елордадағы Mega Silk way орталығында Әділхан Ержановтың «Дала қасқыры» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Киножоба Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы және «Golden Man Media» компаниясының қолдауымен түсірілген. 15 тамыздан бастап ел кинотеатрларына жол тартпақ.
«Дала қасқыры» – триллер мен драма элементтері астасқан туынды. Шығармашылық топ сценарийге алты жыл бұрын кірісіп, түсірілім жұмыстары 2021 жылы басталған.
Фильм түсірілімі елімізде, атап айтқанда, Алматы және Жетісу облыстарының аумағында өткен. Оған 100-ден астам маман жұмылған. Қауіпті трюктерді еліміздің каскадерлері орындады, бұған қоса Белоруссиядан арнайы мамандар да шақырылған. Фильмде жоғалған ұлын іздеген Тамара есімді әйелдің оқиғасы баяндалады. Ол көмекке жүгініп, детектив жалдайды және бұл шешімі күтпеген салдарға әкеледі.
«Дала қасқыры» – зорлық-зомбылық, кек қаншалықты өзін ақтайтыны, күшті әйел туралы фильм. Кейіпкер бір қарағанда әлсіз көрінеді, бірақ іс жүзінде оның мінезі мен рухы мықты. Фильм халықаралық аудиторияның назарын аударды. Халықаралық фестивальде жүлделі орындарға ие болып, табысқа жетіп жатыр», дейді фильмнің продюсері Әлия Меңдіғожина.
«Дала қасқыры» жақында Канададағы «Fantasia Film Festival» фестивалінде топ жарды. Дүбірлі додада фильм актерлері Берік Айтжанов пен Анна Старченко «Үздік актер» атанған еді. Сонымен қатар фильм операторы Еркінбек Птыралиев Оскар академиясының мүшесі болды.
«Дала қасқыры» – жанрлық кино. Баласын жанұшыра іздеген ананың ешнәрседен тайсалмай, кедергілерге қарамай, тіпті қауіппен бетпе-бет келе алға ұмтылатынын баяндайды. Туындының басқа сюжеттік желісі жоқ, ол орын алған оқиғаның айналасын ғана айшықтап, көрерменге тап-тұйнақтай етіп жеткізеді», дейді режиссер Әділхан Ержанов.
Еске салсақ, аталған туынды өткен жылы Роттердам кинофестивалінде жоғары бағаланды. Сондай-ақ Бельгияда өткен халықаралық кинофестивальде бас жүлде иеленді. ReimsPolar 2024 кинофестивалінде де марапатталған болатын.