Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауданының әрбір тұрғыны телеграм желісіндегі арнайы бот арқылы қоқыс шашылған жердің суретін желіге жүктеп, коммуналдық қызмет өкілдерін шақыра алады.
Экологиялық мәдениет, қоршаған ортаның тазалығы бүгінде жастың да, кәрінің де бойында қалыптасып келеді. Бұған көктемнен бері жүйелі жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының да әсері зор болды. Осы бастама басталғалы бері Ақжайық ауданында түрлі іс-шараға 7 800 адам қатысыпты. Сөйтіп, ауданның елді мекендерінде өткен сенбіліктерде 41 техниканың күшімен 85 тонна қатты тұрмыстық қалдық далаға шығарылған. Жыл басынан бері өңірде 2 242 түп жай терек, 4 700 түп жеміс ағашы егіліпті.
– Бұл жұмыс тек биыл басталған жоқ. 2021-2025 жылдар аралығында облыс елді мекендерін көгалдандыру және жасыл аймағын құру жоспарына сай былтыр да 20 138 көшет егілген еді, – дейді Ақжайық аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Айбек Замеров.
Шынында да, «Таза Қазақстан» акциясы жай ұран емес, оның астарында барша азаматтың бойында экомәдениетті қалыптастыру, тұрақты тазалыққа деген ұмтылыс жатыр. Сондықтан елді мекендерде тұрмыстық қалдықты жинау, уақтылы шығару мәселесі жүйеге түсуі керек. Айбек Дамирұлының айтуынша, қазір округ орталықтарында қалдық төгетін 18 жер белгіленген. Ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміне берілген бұл орындардың 11-і қоршауға алынған.
Жақында ғана Ақжайық ауданының орталығында қатты қалдықты төгетін 50 темір контейнер және пластикалық қалдық жинайтын 25 контейнер сатып алыныпты. Бұл тоғыз жолдың торабында тұрған ірі кенттің тазалығын сақтауға барынша ықпал етері сөзсіз. Бұған дейін аудан бойынша тұрмыстық қалдық төгетін 140 темір контейнер, пластикалық қалдыққа арналған 72 контейнер болған екен. Осылайша, ауданның қоқыс жинайтын контейнер қоры бірден 35-40 пайызға жаңарып отыр.
– Біз бұрын контейнерлердегі қоқысты осы шаруаға оңтайландырылған техникамен жинайтынбыз. Жуырда аудан орталығына арнайы қоқыс таситын көлік сатып алдық. Бұл қоқыс жинаушы мекеме қызметкерлерінің жұмысын механикаландырып, қолын ұзартатын болды, – дейді А.Замеров.
Батыс Қазақстан облысы