Шымкенттің екі тұрғыны жалған купюралар мен есірткі заттарын сатумен айналысқан. Осы факті бойынша тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тергеу барысында ҚМА қызметкерлері қара-жасыл түсті өсімдік тектес затты сатып алған. Оларды сарапшыларға беріп, зерттеу жүргізген. Олар зерттеу объектісінің жалпы салмағы 5 кг болатын «гашиш» есірткі заты екенін анықтады.
Есірткі сатумен айналысқан азамат жалған ақша сатумен де әуестенетін болып шықты. Ол 10 000 АҚШ долларын (100 дана номиналымен 100 АҚШ долларын құрайтын банкноттар) сату барысында ұсталды.
Сондай-ақ жедел іздестіру шараларын өткізу барысында оның сыбайласы анықталды, одан 13 100 жалған АҚШ доллары табылып, тәркіленді. Оның тұрғылықты жерін тінту барысында салмағы шамамен 1 кг гашиш табылды.
Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, біреуі 11 жылға, екіншісі 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды.