• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 17 Тамыз, 2024

Құрылысы қарқынды Қосшы, берекесі мол «Родина»

112 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола өңіріне жұмыс сапарымен барды. Президент алдымен Астана іргесіндегі Қосшы қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған 1 500 орындық мектеп-гимназияны аралап көріп, жаңадан іске қосылған «IL-TOV» ЖШС жұмысымен танысты.

Ұлттық жобаның бір ошағы

Қосшы қаласының жаңа ауданында орналасқан мектеп «Болат Өтемұратов қорының» жеке инвестициясы есебінен салынып, жергілікті білім бөлімінің басқаруына берілген.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының стандарттарына сай бой көтерген білім ошағында қазіргі кезде екі ауысыммен 2 700 бала оқиды. Мектепте 280 орындық акт залы, 360 орындық асхана, 2 спорт залы, информатика, химия, физика, биология, технология және музыка кабинеттері бар.

Мектеп директоры Дидар Асқа­р­о­ваның айтуынша, оқушылар тек білім алып қана қоймай, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында спорт секция­ларына және шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, би, хор, фортепиано, домбыра секілді үйірмелерге тегін қатыса алады.

Мемлекет басшысы роботтехника, мобилография, автомобиль жүргізуді виртуалды үйрену, шет тілі кабинет­терін, мектеп кітапханасын аралап көріп, ұстаздармен және оқушылармен әңгімелесті.

– Қазақстанның озық мемлекетке айналғанын қаласақ, осындай роботтехника сияқты бағыттарды үйрену керек. Бұл – өте қажет. Балаларымыз әрқашан білімді болсын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұжымға сәттілік тілеп, мектепке өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабын және Қазақстанда шығарылған автобусты сыйға тартты.

 

Тұрғындар саны артқан

Сонымен қатар Президентке ел­­­ор­­даға іргелес орналасқан Қосшы қала­сы­ның инфрақұрылымдық даму жоспары таныстырылды.

Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасеновтің айтуынша, елді мекенге 2021 жылы облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін тұрғындар саны 110 мың адамға жеткен.

Жалпы, қаланың бас жоспары аясында 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй мен 45 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған.

Кейінгі екі жылда қалада үш мектеп пайдалануға берілді. Тағы бір мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш білім ошағын, сондай-ақ екі балабақша салу көзделген. Денсаулық сақтау саласында бір мемлекеттік емхана, мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында екі емхана жұмыс істейді.

Қала әкімі қазіргі кезде жекеменшік инвестиция есебінен жанында 1000 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 орындық көпбейінді аймақтық аурухана салынып жатқанын жеткізді. Жаңа ауруханада терапия, онкология, неврология және перзентхана бөлімшелері болады. Медициналық мекеме тек Қосшы халқына емес, жақын маңдағы аудандардың тұрғындарына да қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.

Биыл мамыр айында «Alan» денешы­нықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Кешенде балаларға және ересектерге арнал­ған бассейн, жаттығу және спорт залдары бар.

Ал Қосшы тұрғындарының игілігіне келесі жылы берілетін Қоғамдық мәдени-спорт орталығында интерактивті білім беру бөлімі, спорт залы, теннис, баскетбол, футбол, волейбол алаңдары, кинотеатр, көрме залы, кітапхана, дәрісхана, амфитеатр ашылады.

Мемлекет басшысы Қосшы қаласында құрылыс жұмыстары қарқын ала бастаға­нын ескере отырып, облыс әкіміне елді мекендегі инженерлік-коммуналдық инфра­құрылымды дамыту және газ құбы­рын тарту мәселелеріне айрықша мән беруді тапсырды.

 

Отандық өнеркәсіпті дамыту маңызды

Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Қосшы қаласында биыл іске қосылған «IL-TOV» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс алаңын аралап көрді.

Кәсіпорында құс етін терең өңдеп, тез дайындауға болатын түрлі тағам шығарылады. Шикізат облыстағы құс фабрикаларынан жеткізіледі. Жартылай фабрикаттар ішкі нарықта ғана сатыл­майды, сонымен қатар Еуразия эконо­микалық одағына мүше елдерге экспорт­талады.

«Qazaqstan Investment Corporation» қоры арқылы мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған жоба 85 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпорын директоры Михаил Шейнкман бұл өндірістік кешеннің бастапқы кезеңі екенін айтты. Келешекте қосымша 10 миллиард теңге инвестиция тартып, жылына 10–12 мың тонна өнім шығару үшін екінші өндіріс желісін іске қосу, сондай-ақ мұздатылған бірінші және екінші тағамдар өндіретін комбинат салу көзделіп отыр.

Президент отандық тамақ өнеркәсібін дамыту маңызды екеніне тоқталып, мұн­дай кәсіпорындарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

 

Бірлігі жарасқан ауыл

Президенттің өңірдегі жұмыс сапары Целиноград ауданындағы «Родина» ауылында жалғасты. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы Мәдениет үйін аралады.

Жалпы ауданы 1563 шаршы метрді құрайтын нысанда хореграфия және спорт залдары, дыбыс жазу студиясы мен үйірмелерге арналған кабинеттер бар. Мәдениет мекемесінің жанынан түрлі шығармашылық ұжым құрылған. Сонымен қатар бірнеше спорт үйірмесі жұмыс істейді. Оларға 400-ден астам ауыл тұрғыны қатысады.

Президентке «Родина» агрофирма­сының бас директоры Иван Сауэр серік­тестіктің ауылда іске асырып жат­қан әлеуметтік жобаларын таныстыр­ды. Был­тыр бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі аясында компания Родина ауылының игілігіне 791 миллион теңге қаржы бөлген.

Мемлекет басшысы Мәдениет үйі өнерпаздарының «Достық шуағы» композициясын тамашалап, ауыл тұрғындарымен жүздесті.

– Сіздермен кездескеніме қуаныш­тымын. Ауылға арнайы келдім. Құр­метті Иван Адамович Сауэрдің шаруашы­лығы жайында бұған дейін көп естіген болатынмын. Бірақ мұнда келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудың реті болмай жүр еді. Бұл – өте үлкен әрі барлық көрсеткіш бойынша үздік шаруашылық. Баршаңызға бақ-береке тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Роди­на ауылының «Наша родина» супермар­кетін, «Достық» саябағы мен жалпы орта білім беретін мектебін аралап көрді.

 

Жұмысы жемісті агрофирма

«Родина» агрофирмасының өндірістік нысандарымен танысқан Мемлекет басшысы агроқұрылымның №1 са­уын цехы мен сүт зауытына да барды. Мұнда «GEA» фирмасының «Елочка» қондырғысы орнатылған. Аталған құрыл­ғының көмегімен бір мезгілде 32 сиырды қатар саууға мүмкіндік бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр серіктестіктің сүт бағытын дамыту жоспары туралы баяндады. Со­нымен қатар жаңа сауын цехы салынып жатқанын жеткізді.

Бұдан соң Президент Родина ауы­лын­дағы сүт зауытын аралап көрді. Мем­лекет басшысына индустрияландыру бағ­дарламасы аясында іске қосылған нысан­дағы өндірістік процесс таныстырылды.

Заманауи қондырғылармен жабдық­талған әрі озық еуропалық технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорын тәулігіне 50 тонна сүт өндіреді. Сонымен қатар сүт өнімдерінің бірнеше түрін шығарады. Қазір мұнда 36 адам еңбек етеді.

Президент зауыт жұмысшыларымен әңгімелесіп, «Родина» агрофирмасының үлгілі шаруашылық екенін айтып, жүйе­лі жұмысты одан әрі жалғастыра беруге шақырды.

Жалпы, Ақмола облысында сүт өнім­­дерін шығаратын 15 кәсіпорын бар. Со­нымен қатар өңірде 7 тауарлы сүт фермасы салынып жатыр. Осы бағыттағы жобаларды қаржыландыруға 13,3 миллиард теңге бөлінген.