• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Энергетика 17 Тамыз, 2024

АЭС – «жасыл» энергия көзі

215 рет
көрсетілді

Алдағы күз айларының бірінде елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыхалықтық референдум өтпек. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің бола­шағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпы­ұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын», деді. Референдумның нақты күнін Мемлекет басшысы Үкімет белгі­лей­тінін айтқан еді.

Елімізге АЭС салу қанша­лықты қажет? Оның халық үшін маңызды­лығы неде? Қауіпсіздігі қалай болады? Қазіргі таңда халықтың көкейінде АЭС-ке қатысты осындай сан сауал тұрғаны рас. 2021 жылдан бері пікірталас тудырып жүрген АЭС мәселесі аталған референдумнан кейін нақты шешімін табары анық.

Қазіргі таңда өзектілігі артып отырған атом электр стансасына қатысты Алматы қала­сындағы «АлматыБасЖоспар» ғылы­ми зерттеу институтының ғимара­тында он тоғызыншы жария талқылау өтті. Сала мамандары, сарапшылар, эколог­тер, мемлекеттік және азаматтық сектор өкілдері қатысқан іс-шара барысында атом саласын дамытудың өзекті мәселелері мен АЭС салу мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.

Іс-шараны ұйымдастырушы әрі модераторы Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Жапаров ашты. Басқосу кезінде энергетика саласының қазіргі жағдайы, ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі атом энергетикасының рөлі, оның қоршаған ортаға әсері мен әлеуметтік қырлары кеңінен сөз болды.

Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева еліміздегі атом электр стансасын салуға күмәнмен қарайтын жұртшылықтың оның нақты эко­номикалық пайдасынан ха­бар­сыздығын, қазіргі күні ішінара сезіліп жүрген энергия тапшылығы мен оған тәуел­діліктен арылу үшін АЭС-тің қа­жеттілігін жиын­ға қатысу­шы­ларға барынша түсін­діріп өтті.

«Өткен жылы Үлкен аулында болдым. Осы елді мекенде алғашқы қоғам­дық талқылау өтіп, жергілікті халықтың пікірі тыңдалды. Тұрғындар атом электр стансасының құрылысын біраз жылдан бері күтіп отыр. Ал атом энергетикасына келсек, оны әлемдегі ең дамыған мемлекеттер қолданатын «жасыл» технологиялар дер едім», дейді Бану Нұрғазиева.

Кейінгі кездері елімізде энер­гияға деген сұраныстың артуы уақыт өткен сайын артпаса, азай­май отыр. Өйткені табиғи өсім мен экономиканың дамуы энер­гияға деген тұтынушылықты ұл­ғайтып, жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші нысандардың тозуы өзге энергия көздерін табуды керек етіп тұрғаны рас.

Жария талқылау кезінде со­ны­мен қатар көпшіліктің кө­кейінде жүрген су мәселесі де тал­қыланып, бұл тұрғыдан «Қазақ­стандық атом электр стансалары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин халық арасында АЭС-тің Балқаш көліне кері әсері туралы алыпқашпа сөздің қисынсыз екенін, атом электр стансасына қажетті су мөлшері көл бетіндегі табиғи буланудың 0,3 пайызымен бірдей деңгейде тұрғанын айтып өтті.

«1979 жылы Три-мил-Айленд АЭС-інде, 1986 жылы Чернобыльдегі АЭС-те болған жарылыс бүкіл саланы түбе­гейлі қайта қарауға мәжбүр етті. Атал­ған оқиғалардан кейін қауіпсіздік мәсе­лелері бірінші орынға қойылып, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған атом электр стансаларын жаңғыртуға және реактор қондырғыларының жобаларына елеулі өзгерістер әкелді. Нәтижесінде, техникалық-эко­номика­­лық көрсеткіштері жақ­сартылған реак­торлардың үшінші буы­ны пайда болды», дейді Ұлттық ядро­лық ор­та­­лықтың бас директоры Ерлан Батырбеков.

Бүгінде еліміздің атом өнер­кәсібін­де 20 мыңнан аса адам жұмыс істесе, оның ішінде 15 мыңы негізгі өндірістік персоналды құрайды.

Ондаған жыл бойы табысты іс­терімен танылған Ұлттық яд­ро­лық орталық пен Ядролық физика институтында атом электр стансасының қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету әлемдік дең­гейде қа­рас­тырылып жүр. Мәселен, отан­дық мамандар Жапония мен Фран­ция секілді елдерде инно­ва­ция­лық атом электр стансалары жобаларына қаты­сып келеді.

Осы ретте Ядролық физика инс­титутының басшысы Саябек Сахиев Қа­зақ­станда салынуы мүмкін атом реак­торына ұқсас реактор аталған инс­титуттың базасында көп жыл бойы жұмыс істейтіндігін, бір кездері институт жанында 3 мыңға жуық адам болса, бүгіндері 15 мыңнан асып отыр­ғанын жеткізді. Институт мамандары 50 тұрғынға арнайы сенсорлар таратып, нәтижесінде, ешқандай маңызды өзгерістер тіркелмегендігін айтып өтті. Сарапшылар «АЭС құрылысына қарсы болсақ, онда еліміз энергетика саласында еш нәтижеге қол жеткізе алмайды» деген ойда.

Еліміздің еңбек сіңірген энергетигі Бақытжан Жақсалиев: «Еліміздің қол­да­ныстағы энергетикалық кешендері мем­ле­кетті электр энергиямен толық қамтамасыз етпейді, электр энер­гия­сы­ның тұрақты өндірісі ғана қазіргі қа­жет­тіліктерді қана­ғат­тандырып отыр. Сонымен қатар атом электр стансасының жобасын іске асыру тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендетуге әкелетін эко­логиялық таза энергия құру­дың алғашқы қадамы», деген пікірін білдірді.

Сарапшылар «Атом энергетикасы – электр энергиясының тұрақты көзін қамтамасыз етуші ғана емес, эко­номиканың сабақтас сала­ларын дамытудағы қуатты ката­лизаторы» деген ойларын да ашық айтып отыр. Олардың пікірі АЭС үзіліссіз толық қуатта жұмыс істейтін тұрақты және сенімді энергия көзі дегенге саяды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, алғашқы атом электр стансалары отыз жылға есептелгенімен, әлі де елу жыл көлемінде сенімді жұмыс істеп отырғандығын, кейінгі 3+ буынды стансалар алпыс жылға қолданысқа енсе, жиыр­ма жылға кепілді ұзарту мүм­кіндігі бар көрінеді. Тіпті 9 балға дейін сейсмикалық тұрақ­тылығы да қарастырылған.

«Елімізде сақтандырғыш ретінде жұмыс істейтін пас­сивті қауіпсіздік жүйелері қолда­ны­ла­ды. Егер келеңсіз жағдай туын­даса, онда реактор жай ажыра­тылып, адамның қатысуын талап етпестен қауіпсіз күйге ауыстырылады. Қазіргі таңда жаңа қауіпсіздік жүйелері әзірленіп жатыр. Соның арқасында атом стан­сасының құрылысы айтар­лықтай қымбаттаған. Өйткені қа­уіп­сіздікті қамтамасыз етуге көп қаражат жұмсалады», дей­ді Қазақстан ядролық физика инс­титутының бөлім басшысы Сергей Кислицын.

АЭС елдің электр энергетика­сын­да тұрақты, үздіксіз жұ­мыс істейін энергия көзі болса, жел энергиясы желге, күн энер­гия­сы күнге тәуелді. Ал атом электр стансасы тұрақты тиім­ділікпен жұмыс істеп, 100 жыл бойы желдің күшіне, күн бел­сенді­лігіне тәуелді емес энергия алудың тұрақты әдісі деуге болады. Мұндай энергия көздері – экономиканың негізі, ықпалы да зор.

Тәуелсіз сарапшы Телман Шуриевтің айтуынша, АЭС салудың экономикалық тиімді тұстары құрылыс кезеңінде 8 мың адамға дейін, ал пайдалану кезеңінде 2 мыңға дейін білікті маман жұмыспен қамтамасыз етіліп, экономиканың аралас салаларында 10-нан аса жұмыс орнын құрады. Ядролық мамандықтар бойынша шамамен 300 адамды немесе АЭС өнеркәсіптік-өндірістік қызметкерлердің 20 пайызын құрайды. Сарапшы жергілікті өнеркәсіп пен импортты алмастыратын өндірістер дамып, инвестициялық тартым­дылықты ұлғайтуда, өңір мен елдің ғылыми-техникалық жоға­ры білікті кадрлар әлеуетін арт­тыру­ға мүмкіндіктің бар екенін жеткізді.

«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС ақпарында АЭС құрылысы бүкіл жұмыс істеп тұрған уақыт ішінде салық түсімдері 2,5-3,0 млрд-тан аса соманы құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында жергілікті бизнесті қолдау шамамен 2,5-3,5 млрд долларды құрайтыны айтылған. Бұл қаржы ел экономикасын көтеруге ықпал етері сөзсіз.

Сондай-ақ АЭС салу өте қым­бат жоба әрі оны жүзеге асы­руға көп уақыт кетеді деген пікірлер де жоқ емес. Алайда Қазақ­стан ядролық физика инсти­­тутының бөлім басшысы Сергей Кислицын: «Егер ұзақ мерзіммен салыстыратын болсақ, бір электр стансасына 20 жыл көлемінде күніне қаншама тонна шикізат кетсе, АЭС құрылысы соншалықты қымбат жоба емес екенін байқаймыз. Әрине, мұнда бірреттік инвестициялар аса үлкен, бірақ уран отыны көмірден әлдеқайда арзан болып тұр­ғанда, ұзақмерзімді жоспарда бейбіт атомды пайдалану тиімдірек», дейді.