Кез келген елдің әскери айбыны шекарасынан-ақ сезіліп тұруы керек. Шекарадағы қырағылық – қоңсы жатқан елге қабақ шыту емес, мемлекеттік тұтастықтың, ұлттық қауіпсіздіктің қамы. Сондықтан шекара шебінің берік болуы – аса маңызды әрі жауапты міндет. Ал бұл міндетті абыроймен, сақтықпен, асқан жауапкершілікпен атқару – шекарашылардың мойнындағы үлкен парыз.Осыдан 32 жыл бұрын, 18 тамыз күні Президент Жарлығымен Шекара әскерлері құрылды. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан АЛДАЖҰМАНОВПЕН сұхбаттасып, шекарамызды қорғау міндетінің қазіргі жай-күйі жайында әңгімелестік.
– Ерлан Ерғалиұлы, алдымен еліміздің мемлекеттік шекарасындағы қазіргі жағдайды және ведомствоның жетістіктері жайында айтып өтсеңіз.
– Мемлекеттік шекарада және шекаралық аумақтарда жағдай тұрақты әрі толық бақылауымызда. Бөлімшелер еліміздің шекарасын күзету және қорғау бағытында өздеріне жүктелген барлық міндетті бұлжытпай орындап отыр.
Қызметіміздің есепті кезеңдегі қорытындысына тоқталып өтсем, жыл басынан бері мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтудің 240 дерегі тіркеліп, оның ішінде 94 адам сотталды. Белгіленген режімдерді және көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 23 мың адам жауапқа тартылып, оларға жалпы сомасы 542 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Заңсыз көші-қонның 10 арнасының жолы кесілді. Мыңнан аса қару-жарақ пен оқ-дәрілердің, есірткі заттарының және өзге де тыйым салынған заттарды алып өтудің жолы кесілді. Одан бөлек, шекарадан жалпы сомасы 9,1 млрд теңгені құрайтын заңсыз валютаны, 18,1 млрд теңгені құрайтын тауарларды алып өтпекші болғандардың арам ойы іске аспай, қолға түсті. Сондай-ақ осы жылдың мамыр айында Түркістан облысындағы департаменттің әскери қызметшілері мемлекеттік шекара арқылы жалпы салмағы 775 кило тартатын героин есірткі затының рекордтық партиясын жасырын алып өтпекші болған қаскөйлерді құрықтады. Мемлекетке келтірілген залал 3 млрд теңге көлемін құрады.
– Әлемде болып жатқан геосаяси ахуалдың күрделене түсуі уақыт өткен сайын шекарашыларға қойылар қызметтік-жауынгерлік талаптарды барынша жетілдіруді қажет етіп келеді. Осы жайында не айтасыз?
– Біз қарбаласы көп, қиын шақта өмір сүріп жатырмыз. Бұл өз кезегінде шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті әрекеттерді талап ететіні анық. Сондықтан заманауи өзгерістер біздің жауынгерлік-қызметтік міндетімізге әрдайым түзетулер енгізіп отырады.
Қойылған тапсырмаларды тиімді орындау үшін шекарашылардың жұмысына қажетті жағдайлар жасау аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан да ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында шекараны жаңа үлгіде жабдықтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Шекара қызметін дамытудың негізгі бағыты ретінде техникалық бақылаудың инновациялық шешімдерін қолдаймыз. Яғни шекараны күзетуде техникалық құралдардың қолдануын қамтамасыз ететін «ақылды шекара» тұжырымдамасы да қырағы күзетке кіріскен.
Біз бүгінде мобильді және оптикалық-электрондық бақылау жүйелерін, ұшқышсыз әуе аппараттарын, прожекторлық және радиолокациялық стансаларды, сигнал беру және электрсигнал беру кешендерін, сондай-ақ азаматтардың, көлік құралдарымен жүктердің шекара арқылы қозғалысын бақылауға арналған автоматтандырылған жүйелерін қолданысқа енгізіп жатырмыз.
Жоғарыда айтылған шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «2024-2028 жылдары шекаралық қамтамасыз етудің» кешенді жоспарына енгізілген.
Жалпы алғанда, осы құжат аясында біз үш негізгі міндеттерді шешуді жоспарлап отырмыз. Яғни бұл – «ақылды шекара» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік шекараны қашықтан бақылау жүйесін салу, мобильді жүйенің материалдық-техникалық жабдықталуы, сондай-ақ саладағы инфрақұрылым құрылысын жүргізу және жаңарту.
Бұдан бөлек, шекарашылардың қызметтік жауынгерлік іс-әрекетін жақсартуға бағытталған іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Ол үшін шекаралық басқармаларда ұдайы кешенді оқу-жаттығу жиындары өткізіліп тұрады.
Тек биылдың өзінде шекарашылар «Шекара-2024», «Тосқауыл-2024», «Бекіре-2024», «Ақбөкен», «Ақпан-2024», «Наурыз-2024» және тағы басқа да шекара операцияларына қатысты. Сонымен қатар отандық шекарашылар жыл сайын еліміздің Қорғаныс министрлігі ұйымдастыратын жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына, арнаулы операциялар күштерінің оқу-жаттығуына қалмай қатысып келеді.
– Былтыр Үкімет өткізу бекеттерінде инфрақұрылымды дамытудың жол картасын бекіткен. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Иә, бүгінгі күні жол картасы аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе ауқымды жұмыстар жүргізіліп отыр. 2025 жылға дейін қазақ-ресей шекарасындағы 30 автомобильдік өткізу бекетін дамыту және шекара күзетіне арнайы жаңа техникалар сатып алу жоспары қарастырылып отыр. Аталған іс-шаралар оң әсерін беріп, мемлекеттік шекарадан көлік құралдарын өткізу жұмысының сапасын арттырады. Біздің және шетел азаматтарына шекарадан өту үдерісін барынша тездетіп, қолайлы жағдайлар қалыптастыруға ықпал ететініне сенімдімін.
– Қазіргі таңда Шекара қызметінде әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі қалай ұйымдастырылып жатыр, осы жөнінде кеңінен айтып өтсеңіз?
– Біздегі әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі азаматтық ұйымдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деңгейде. Әскери қызметшілер тегін әскери формалармен, медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Әскери қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне ай сайын тұрғын үй төлемдері төленеді, осы арқылы олар өздерінің жекеменшік баспанасын сатып ала алады. Қазіргі нарықтық өлшеммен қарағанда еңбекақымыз да жеткілікті және бәсекеге қабілетті.
Біздің қызметте жас сарбаздарға да қолайлы жағдайлар қарастырылған. Атап айтатын болсақ, мерзімді қызметін адал атқарып, жауынгерлік-қызметтік іс-әрекетте жоғары жетістіктерге жеткен сарбазға мемлекет тарапынан ЖОО-да тегін оқуға грант беріледі. Сонымен бірге сарбаздың өзі таңдаған оқу орнындағы әскери кафедраға емтихансыз түсуіне мүмкіндік беріледі.
– Ерлан Ерғалиұлы, Шекара қызметіндегілердің басым бөлігі – ерлер қауымы. Мұндай ортада, яғни табиғатынан ер азаматтар арасында қақтығыстар, жаға жыртысу жағдайлары болып тұратыны белгілі. Мұндай мәселелерді қалай реттеп, шешіп жатырсыздар?
– Иа, расымен де қызметте ондай жағымсыз жағдайлар болып тұрады. Әрине, біз ішкі моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға, дамытуға барынша тырысамыз. Шекара қызметінде тәрбие жұмыстарымен айналысатын арнайы бөлімше жұмыс істейді. Ұжымдағы тыныштықты, түсіністікті қамтамасыз ететін қалыпты жағдайды орнату бағытында халықаралық тәжірибелерді және сынақтан өткен өзіміздің әдістерді қолданамыз.
Мысалы, мерзімді қызметте үлкен және кіші шақырылым өкілдері әртүрлі бөлімшеде қызмет етеді. Яғни олар бірін-бірі сирек кездестіріп, анда-санда ғана жолдары түйіседі. Сонымен қатар қазіргі уақытта сарбаздардың туған өлкесінде немесе соған жақын аумақтарда қызмет ету мәселесіне аса мән беріп келеміз. Одан бөлек, сарбаздардың ата-аналарымен де белсенді жұмыс жүргізіліп отыр. Ата-аналар, туған-туыстары үшін ашық есік күндері ұйымдастырылып, сарбаздардың отбасымен бейнебайланыс арқылы да хабарласуына мүмкіндік берілген.
Тәрбие және әскери-патриоттық жұмыстар жоспары аясында ардагерлермен кездесіп, жеке құрамның қатысуымен жиналыстар өткізіліп, офицерлер құрамы жас сарбаздармен жеке сұхбат жүргізіп тұрады. Сарбаздардың әскери және құқықтық тәрбиесін жақсартумен айналысатын қызметкерлердің де штаты көбейтілді.
Шекарашылар өзіне жүктелген қызметінің, шенінің үлкен-кішісіне қарамай, туған жеріміздің сынық сүйем жерін қырағылықпен күзетіп, көздің қарашығындай қорғап отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»