• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Тамыз, 2024

Қыстың қамын жаз ойла

128 рет
көрсетілді

Өңір қазір көктемгі тасқында зардап шеккен нысандарды толық қалпына келтіріп жатыр. Соның ішінде қалаға су айдайтын «Қызылжар су» ЖШС-ның істен шыққан бірінші көтерілімінің сорғы стансасын толық қалпына келтіру жұмыстары қызу қолға алынды. Осы стансаны құр қалпына келтіріп, жаңалап, жаңғыртуға «Kazminerals» компаниясы қаражат құйған. Компания көтергі сорғысына осы заманғы, еуропалық құрылғы орнатуды көздейді.

«Мыс өндіретін компанияға аймақ тұрғындары дән риза. Президенттің шақыруымен компания тасқыннан зардап шеккендерге 481 пәтер алып беру үшін 8,5 млрд теңге қарастырды. Сондай-ақ жаңа 80 үйдің құрылысына 2,2 млрд теңге бөлді», дейді «Qyzyljar Asar» корпоративтік қорының жетекшісі Қанат Омаров.

Жаңадан тұрғызылатын көте­рі­лім стансасына электр қуатын үздіксіз жеткізіп тұратын 3,5 ша­қырымдық жерасты кабелі жер­гілікті бюджеттен бөлінетін қара­жат­қа тартылмақшы. Станса ай­наласындағы бөгетті де нығайту жоспарланған. Былтыр су ескі бө­гет­тен асып, алып сең стансаны талқандап кеткен. Енді оны барынша биік әрі берік қылып орнату қажеттігі туындады. Сондай-ақ Ойқалада қосымша сорғы стансасын орнату көзделген. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Жуырда сорғы стансасының құрылысын бақылауға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов барып,­ жыл аяғына дейін аяқталуы жоспар­лан­­ған нысанның қазіргі ахуалын көрді.

«Сорғы стансасын қалпына келтіру мен жаңғырту облыс орта­лығы тұрғындарын таза ауызсумен үзіліссіз қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Ал қосымша сорғы орнату – болашақта болуы мүмкін тас­қынның алдын алуға қажет», деді аймақ басшысы.

Петропавлдың қысқа дайынды­ғы­ның ең үлкен критерийі – қала мен облысты жылу және жарық­пен қамтамасыз ететін ЖЭО-2-нің сақадай сай болуы. Осы уа­қыт­қа дейін оның шулы дабырасы та­лай шығып, республика тұр­ғындарына танымал болған. Алдымен 2022 жылы наурызда түтін шығаратын 150 метрлік бір мұржасы ортан белінен құлады. Ол бір адамның өмірін қиып кетті. Қалпына кел­тіріле бастағанда қисайып өріліп бара жатқаны анықталып, түп-орнымен қайта құлатылды. Қазір іргетасынан қайта өріліп жатыр. Соған қарамастан былтырғы ауыр қыста басқа мұржалар сыр бермей, барлық қазандық қалыпты жұмыс істеп, ешқандай жаманшылыққа душар еткен жоқ. Солай десек те кәсіпорынның биылғы қысқа дайындығы Үкімет пен жергілікті биліктің назарында.

Өткен айда облысқа келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жылу беру маусымына дайындық барысымен танысу үшін алдымен осы ЖЭО-ға барды. Кәсіпорын жабдықтарының 57,3%-ға тозғаны, жылу желілерінің 77,5%-ға ескіргені ескеріліп, биыл облыс­та ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Петропавл ЖЭО-2-де ин­вестициялық және жөндеу науқаны шеңберінде акционерлер тарапынан 17,6 млрд теңгеге жұмыс атқару жоспарланған. 2027 жылға дейін 739 км электр же­лілері мен 240 қосалқы станса салу үшін жыл сайын 4 млрд тең­ге­ден бюджет қаражатын бөлу жоспарланған.

Облыстағы жылыту науқанына дайындықтың тағы бір үлкен қыры бар. Ол – болуы мүмкін өрттің ал­дын алу. Өздері от жағатын жеке­меншік тұрғын үйлердің жылыту пешінің қысқа дайындығы да үнемі бақылауда болуы керек. Әйтпесе тілсіз жаудың өріс алуы оп-оңай. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуына қарағанда, биыл 240 рет өрт шығып, 16 адамның өмірін жалмаған екен. Келтірілген шығын 85 млн теңгеден асқан.

«Сол өрттің 74%-ы жекеменшік тұрғын үй секторының үлесінде. Өрттің негізгі себебі – пеш жасау мен оны қолдануда және электр құралдарын орнату кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау», дейді ол.

Өрттің алдын алу үшін ТЖД қызметкерлері жыл басынан бері 103 мыңнан аса тұрғын өмір сүретін 49 мыңнан астам үйге тексеріс жүргізген. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі туралы 71 мың жадынама таратылыпты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы