Кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнамада белгілі болғандай, биыл екінші тоқсанда құрылыстан басқа барлық салада дайын өнімге сұраныс артқан. Cату көрсеткішінің орташа рентабельділігі жалпы экономикада 23,8%-ға дейін өсті. Мұндай өсім барлық салада бар. Мәселен, ең жоғары рентабельділік тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында (38,5%), ал ең төмені ауыл шаруашылығында (14,0%) байқалды.
Сауалнамаға тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік пен қоймада сақтау салаларындағы 2,7 мыңнан астам кәсіпорын қатысты. Екінші тоқсанда тау-кен өндіру өнеркәсібінде, көлік пен қоймада сақтауда, сондай-ақ ауыл шаруашылығында шикізат пен материал бағасының өсімі баяулаған. Мұндай құбылыс тау-кен өндіру өнеркәсібі мен құрылыстағы дайын өнім бағасынан да байқалды. Өңдеу өнеркәсібі мен сауданы есепке алмағанда, барлық салада өндіріс көлемі төмендеген. Үшінші тоқсанда ауыл шаруашылығын (біршама баяулауын) қоспағанда, кәсіпорындар өндіріс көлемі артады деп күтеді.
«Екінші тоқсанда көлік пен қоймада сақтау саласында ғана бәсекелестіктің маңыздылығы артты. Сауда нарықтық бәсекелестік мейлінше әсер ететін сала болып қалып отыр, мұнда кәсіпорындардың 40,9%-ы оның өз бизнесіне әсерін сезінеді. Өңдеу өнеркәсібінде мұндай кәсіпорындардың үлесі – 35,7%, көлік және қоймада сақтауда – 29,7%, ауыл шаруашылығында – 23,7%, құрылыста – 19,9%, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 14,6%», делінеді Ұлттық банк зерттеуінде.
Көптеген кәсіпорынның пікірі бойынша ел экономикасының жай-күйі бизнесті жүргізудегі негізгі кедергі болған.
«Бизнестегі бәсеке, сауда және өңдеу өнеркәсібіне әсер етеді. Көбінесе тау-кен өндіру өнеркәсібі кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы үшін – салық ауыртпалығының деңгейі мен білікті кадрлардың жетіспеушілігі, ал көлік және қоймада сақтау, құрылыс кәсіпорындары үшін экономиканың жай-күйі кедергі болып саналады. Келесі 12 айда барлық сала бойынша қаржыландыру негізінен бұрынғы көлемде сақталады, бұл ретте қаржыландырудың ең көп ұлғаюы көлік пен қоймада сақтауда жоспарланып отыр. Инвестициялардың ең көп қысқаруы – ауыл шаруашылығында, ал ең азы көлік пен қоймада сақтауда болмақ», деп мәлімдейді Ұлттық банк.
Шетелдік әріптестермен есеп айырысуда пайдаланылатын негізгі валюталар – рубль мен доллар.
«Екінші тоқсанда теңге бағамының рубльге қатысты өзгеруінің теріс әсері барлық саладағы кәсіпорындар үшін өсті. Теңге бағамының долларға қатысты өзгеруінің теріс әсері де тау-кен өндіру өнеркәсібінен, сондай-ақ көлік пен қоймада сақтаудан басқа барлық саладағы кәсіпорындар үшін артты. Саудадан басқа барлық салада банктік кредиттеу шарттары тиімсіз болған кәсіпорындар үлесі төмендеді. Кредиттеу шарттары қолайлы деңгейден жоғары болған кәсіпорындардың ең көп саны тау-кен өндіру өнеркәсібіне (16,0%), ал ең аз саны көлік және қоймада сақтау саласына (14,7%) тиесілі. Теңгемен алынған кредиттер бойынша ең жоғары пайыздық мөлшерлеме көлік және қоймада сақтау саласында (19,6%), ал шетел валютасында – тау-кен өндіру саласында (6,8%) байқалды. 2024 жылғы үшінші тоқсанда кредит алуға ниетті кәсіпорындардың ең көп үлесі өңдеу өнеркәсібіне (21,7%), ал ең аз үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібіне (11,4%) тиесілі», делінеді хабарламада.
Сонымен қатар жыл ортасына тақау құрылыстан басқа барлық салада дайын өнімге сұраныстың артқаны байқалды. Келесі тоқсанда барлық саладағы сұраныс жағдайы жақсарады деп күтіледі. Есепті кезеңде сату рентабельділігі барлық салада жоғарылады. Бұл көрсеткіш басқа салаларға қарағанда тау-кен өндіру өнеркәсібінде айтарлықтай жоғары. Қаржы жылын шығынмен жабуды жоспарлап отырған кәсіпорындардың үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібінде жоғары (11,0%) болып отыр. Қаржы жылын табыспен жабуды жоспарлап отырған кәсіпорындардың ішінде өңдеу өнеркәсібі (51,7%) және сауда (50,7%) салаларының бағалауы барынша жоғары. Қарастырылып отырған барлық салада жылды табыспен жабуды жоспарлайтын кәсіпорындар үлесі жылды шығынмен аяқтауды күтетіндердің үлесінен көп.
«Банк секторынан тыс, яғни жеткізушілермен, мердігерлермен, тапсырыс берушілермен, сатып алушылармен өзара есеп айырысу бойынша мерзімі өткен берешек жағдайы өзгерді. Екінші тоқсан нәтижелері бойынша орташа есеппен мерзімі өткен (90 күннен астам) дебиторлық және кредиторлық берешегі бар кәсіпорындар үлесі шамалы (тиісінше 23,9%-дан 23,1%-ға дейін және 21,0%-дан 19,7%-ға дейін) төмендеді. Көлік пен қоймада сақтаудан, сондай-ақ тау-кен өндіру өнеркәсібінен басқа барлық салада мерзімі өткен дебиторлық берешегі бар кәсіпорындар үлесі төмендеді», делінеді зерттеуде.