Әкелі-балалы токарьлар Сафоновтар әулетін тұрғылықты жері Новосельское селосының ғана емес, Атбасар аймағының халқы жақсы біледі. Абыройының асқақтауына, елдің шынайы құрметіне бөленуіне өз істерін тым жақсы меңгеруі себеп болып отыр. Әулеттің еңбек өтілі – 85 жыл.
Жалпақ жұртқа керекті, өзге өңірлерде қасқалдақтың қанындай қат мамандықты осыдан тұп-тура жарты ғасыр бұрын Леонид Сафонов бастаған. Токарь болуы да қызық. Өз айтуына қарағанда, бозбала шағында жүргізуші болуды армандапты. Қара жолдың бойында автокөлікпен ызғытып келе жатса... Қорабында ел ырысы. Тәмам жұрт жас жүргізушінің өнеріне көз салып, тәнті болып қарап тұратындай. Бұрымдылар «әне біздің Леонидті көрдіңдер ме, құстай ұшып барады ғой» деп қызығып қарап тұратындай. Несін айтасыз, ол тұста ел ішінде темір көлікті тізгіндеген жүргізушінің беделі сұмдық еді. Дәл мектеп бітірердің алдында зәуі бір себеппен кеңшардағы токарь цехына кірмесі бар ма? Қолқаны қабатын ащы түтін, бет қаритын ыстық леп бозбаланы босағада тоқтата алмаған. Қайта токарьдың қолындағы әлдебір жұмыр темірдің жонылып, кесіліп, кәдімгідей бөлшекке айналып бара жатқанын көргенде жан дүниесіне керемет әсер еткен. Бажайлап қарасаңыз, токарь емес, құтты сиқыршы тәрізді. Аңғарымпаз бозбала қарапайым адамның қолынан да мұндай құдірет келеді екен-ау деп таңғалған.
Келесі күні кеңшар басшыларына дәл осы цехқа жұмысқа қабылдау туралы өтініш жазды. Тура ертең мектеп бітірушілердің салтанатты кеші өтетін. Әлдебір құдіретті күш салтанатты кештің өтуін тостырмай, тіпті тағат таптырмай токарь цехына жетелеп тұрғандай. Кеш өткен күннің ертеңіне тура сол жерден табылды. Бұл 1973 жыл болатын. Әуелі көмекші. Кез келген кәсіпті үйрену үшін, үйреніп қана қоймай, шынайы шебер атану үшін адамның бойында өлшеусіз ынта-жігер болуы керек екен ғой. Шеберлік болмағанымен, ынтасы зор еді. Кез келген қиындықты бұзып-жарып өтетіндей алапат күшке ие еді.
Ықылас ауған соң тәжірибелі токарь Адам Бауэрдің айтқанын екі еткізген жоқ. Істің жайын үйретіп, бақайшақтап айтқан ақылын қағып алатын, санасына құйып алатын. Ал қалғанын шебер қолдары жүзеге асырып жатты. Шын мәнінде қапысыз шебер болуы үшін жалғыз токарьлық жетімсіз екен. Темірді жонудың, қалыптаудың қыр-сырын үйренді. Бірнеше мамандықты қоса меңгерді. Арасында механизаторлық курсты аяқтады. Көктемгі, күзгі науқандық жұмыс кезінде жұмысшы жетіспей жататын, әсіресе техника тілін білетін мамандар. Дәл осындай уақытта Леонид Сафонов диқандар ақық дән аялаған алқаптардан табылатын. Жұмыр жердің бетіне бар бейнетті өзімен бірге ала шығатын дән пісіп, қырмандар қызыл бидайға мелтектей толып, науқандық жұмыстар аяқталған соң үйреншікті цехына қайтып оралатын. Жаз бойы, күз бойы техника жөндеу.
Бүгінде Леонид Тимофеевич қызық бір оқиғаны еске алады. Бірде егістік алқапқа дәрі сеуіп жүрген АН-2 ұшағы сынып қалыпты. Әлдебір бөлшегі істен шыққан. Іздейтін уақыт жоқ. Қолқа салып келген әріптестердің өтінішін жерге қалдырмай, нар тәуекел деп іске кіріскен. Айнытпай түсіріпті. Құдды зауыттың өзінен шыққандай. Комбайн, трактордың қай бөлшегі болсын таныс. Ондайда іркілмес еді. Ал ұшақ өзгеше техника. Кейін елдегілер «ұшақ жөндеген Сафонов» деп көкке көтере мақтайтын еді. Мақтаса мақтағандай емес пе?
Токарьлар әулетінің көшбасшысы Леонид Тимофеевич осыдан бірнеше жыл бұрын зейнет демалысына шығып кетсе де, ауыл-аймақтың адамдары өтініш айта келеді. Ең жақсысы, ел алғысын арқалататын мамандығы тұйықталып қалған жоқ. Әке жолын қуатын, білгенін дамытып, білімін арттыратын ұрпағы бар. Ұлы Валентин 1993 жылы мектепті аяқтаған соң бірден әкесінің жанынан табылған. Әуелі токарьдың көмекшісі болып орналасты. Баласының бойындағы ынтаны көрген әке бар білгенін аяп қалған жоқ. Ұзақ жылдар бойы жинақтаған білігі мен тәжірибесін білмекке құмар баланың көкірегіне қотарып құйып берді. Әртүрлі сызбалармен жұмыс істеуді үйретті. Токарьлық мамандық емес, өнер екенін ұғындырды. Өзге сыныптастары өмірден өз орнын іздеп жатқанда Валентин үш бірдей мамандықты игеріп алды. 1990 жылдары шынайы шеберлік шыңына шықты. Бұл кезде жұмыс та бастан асып жататын. Валентин Сафоновтың айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығы құрылымдарының бар техникасының әбден тозығы жетіп тұрған. Жаңасын алуға қаражаты жоқ. Жаңа техника былай тұрсын, қосалқы бөлшектің өзі арман. Міне, осы кезде ат айнала алмайтын токарь цехы аузы-мұрнынан шығып жататын. Бәрі асығыс, науқандық жұмыс күйіп тұр. Әкесі тәрізді ел қамын жеген Валентин де ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін. Күнді түнге, түнді күнге ұластырып еңбек ететін. «Мен мына бөлшекті жасай алмаймын» деп бас тартқан жері және жоқ. Бірде шетелдік техниканың бейтаныс бөлшегін әкелген. Айналдырып көрді. Өлшеді. Не істеуге болатынын пайымдады. Бұрын жасап көрмеген соң тәуекел ете алмай тұр еді, өтініш айтушының «сен Сафонов емессің бе?» деген жалғыз ауыз сөзі қамшы болды. Бұл да Сафоновтар әулетінің он саусағынан өнер тамған шынайы шебер екенін дәлелдеуі керек екен. Сол атқа лайық болуы керек екен. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген емес пе, шын беріліп істесе, көк мұхиттың арғы бетіндегі шеберлердің жасағанын бұл да жасай алады екен.
Бүгінде Валентин Леонидович механизатор болып еңбек етеді. Алаңдайтын ештеңе жоқ, атасының, әкесінің еңбек жолын немересі Евгений жалғастырып келеді. Отбасылық еңбек тәжірибесін қалыптастырған, қалтқысыз шынайы шебер атанған атасының елу жыл еңбек ғұмыры өткен цехтағы станокта енді өзі тұр. Қостанайдағы колледжді бітіріп, автослесарь мамандығын игеріп келген Евгений осы цехтың ішіндегі бар құрылғының қыр-сырын біледі. Он жасынан бері осы жерде. Айтпақшы, Евгений оқу бітіріп оралған кезде серіктестік басшылары құшақ жая қарсы алған. Себеп, Сафоновтар әулетінің темірден түйін түйетін шебер екендерін жақсы білетін. Токарь станогі баз-баяғы қалпынан көп өзгере қойған жоқ. Евгенийдің ойынша алдағы уақытта жаңа заманғы технология, сандық жүйенің шешімі шеберлікті жетілдірмек. Сондықтан да ілкі замандағы толымды тәжірибені озық біліммен ұштағысы келеді. Оған машықты қоссаңыз, алынбас қамал жоқтай. Шын шеберлік машықпен келеді емес пе?
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы