Жаңа оқу жылы жақындаған сайын оқушыны мектепке дайындау жұмыстары қыза түскен. Ата-ана мен ұстаздар үшін нағыз қарбалас шақ. Осы орайда әлеуметтік жағдайы әртүрлі санаттағы отбасылардың балаларына қолдау көрсететін «Мектепке жол» акциясы биыл да жалғасын тапты. Бұл іс-шарадан шалғайдағы ауылдардың оқушылары да шет қалмай, мейірімді де қайырымды жандардың қамқорлығын сезінуі қуантады. Солардың қатарында Кеген ауданының Тұйық орта мектебі мен оқушы саны жүзге жетпейтін Жалаулы орта мектептерінде жарқын істер жүзеге асып жатыр.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Сананы нарық билеген заманда жүрегі кең, жаны жомарт адамдардың бары жанды жадыратады, болашаққа үміт сыйлайды. «Бала қуанса, әлем қуанады» демекші, Жалаулы орта мектебінің директоры Айбол Тұрсынбекұлының ұйытқы болуымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы дәстүрлі жалғасын тапты. Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, оқуға ынталандыру. Осы тұста мектебімізге мейірім-шапағатын тигізіп жүрген атымтай жомарт азаматтарға, атап айтқанда ауданның ағарту саласына сүбелі еңбек сіңіріп, ұлағатты ұрпақ өсірген Әділхан Зықаев атамыздың қызы, «Ашадан» қоғамдық қорының төрағасы Лена Байсейітова мен ұлдары, экономика ғылымдарының докторы Булан Әділханұлы мен ауылшаруашылық саласының қызметкері, кәсіпкер Нұрлан Әділханұлына алғысымыз зор», дейді Жалаулы орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құралай Емінақынова.
Асқар тау әкенің парасаттылығымен қоса, кең пейілі мен ізгілікке толы із қалдыру сынды асыл қасиеттерін сіңірген ұрпақтары қайырымдылық жасауға асығып, Жалаулы ауылындағы ұядай мектептің оқушыларына «Мектепке жол» акциясы аясында 100 оқушыға мектеп формасы, спорттық киімдер мен аяқкиімдер, бастауыш сынып оқушыларына оқу құралдары мен мектеп сөмкесін, соған қоса 25 компьютерді сыйға тартқан.
Сондай-ақ былтыр мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер туған жерге туын тігіп, іздерінен ілескен іні-қарындастарын қуанту мақсатында мектептің 5 оқушысына «Балдәурен» жаздық лагеріне жолдама беріп, жомарттық жасағандығын атау ләзім.
Ынтымақ пен бірліктің, тынымсыз тірліктің ұйытқысына айналған Тұйық ауылында да ауыз толтырып айтарлық ізгі істер аз емес. Әсіресе алақандай ауылдың балаларына білім нәрін сіңіріп, үлкен өмірге қанат қақтырып отырған алтын ұя мектебіне қолұшын беріп, қамқорлық жасауды қалталы перзенттері ұмытпаған. Шалғайда орналасқан ауылдық мектептен білімді де білікті ұстаздардың шарапатымен мыңдаған шәкірт білім алып, қазіргі таңда әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Ауылдан алыстап кетсе де, тамыры ауылда жатқан қазақ баласы өздері түлеп ұшқан мектептеріне, сол жерде білім алып жатқан жас ұрпақтың сапалы білім алуына жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында қомақты үлес қосуды дәстүрге айналдырған.
«Бүгінде Тұйық орта мектебінде 186 оқушы саналы тәрбие, сапалы білім алуда. Биылғы жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 11 бала қабылданса, 18 оқушы 11-сыныпты бітіреді. Осы оқушылардың толыққанды білім алуына қажет материалдық-техникалық базаны жақсартуға кең пейіл кәсіпкерлер көмек көрсетіп, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып отыр. Атап айтар болсақ, 2023–2024 оқу жылында «BTS» ЖШС бас директоры Мағауия Қызайбайұлы мектепке математика кабинетін ашып берді. Кабинетті толықтай заманауи талапқа сай жабдықтап, жөндеу жұмыстарымен әрлендіріп, көрнекіліктер, дидактикалық материалдар және панельдік тақта, жиһаз, парта-орындықтармен толық қамтамасыз етті. Оқушылардың математика пәніне ынталандыру мақсатында 5–7 сынып оқушылар арасында жыл сайын «Қызайбай Ысқақұлы» атында олимпиада өткізуді жоспарлап, бірінші олимпиада қорытындысымен үздік танылған 3 оқушы ай сайын 25000 теңгеден жыл бойы стипендия алып отыр. Ал алдағы 2024–2025 оқу жылында «АрхИнжПроект» ЖШС жетекшісі Думан Абайұлы мектептің спорт залына қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етіп отыр», дейді Тұйық орта мектебінің директоры Меруерт Әубәкірқызы.
Иә, өндіріс ошағы жоқ, алдына салып баққан тай-тұяғын күнкөріс көзіне айналдырып отырған елді мекен тұрғындарына осындай уақытта қолұшын беріп, қамқорлық, мейірімділік таныту – азаматтық іс дер едік. «Мейірімділік – жүректен» жобасы бойынша ауданның бірқатар мектебінде демеушілердің көмегімен оқушыларды құрал-жабдықпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасты. Бұл орайда, мектеп мұғалімдерінің де өз қалталарынан қаржы жинап, әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларына қамқорлық көрсетіп отырған үлкен жүрек иелері екенін айрықша атау орынды.
Атап айтсақ, І.Жұмағұлов, С.Серкебаев, К.Нұрпейісов атындағы, Бөлексаз, Ақсай, Талды, Бескөл, Қарабұлақ ауылдарындағы орта мектептерде мұғалімдердің және жеке демеушілердің көмегімен мектеп жасындағы балаларға спорттық киімдер, мектеп формасы, оқу құралдары алынған. Тасашы орта мектебі жанындағы интернатта оқитын 54 балаға жеке кәсіпкер Аяулым Бауыржанқызы 216 000 теңгеге оқу құралдарын сатып алып қойған. Сондай-ақ Майлы Орманов мектебінің оқушысына да жеке кәсіпкер қолұшын беріп, керек-жарақпен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар жақсылық жасауға асыққан мектеп түлектері А.Нүсіпбеков атындағы орта мектептің 25 оқушысына, Ж.Ермегияев атындағы орта мектептің 15 оқушысына, Қарқара орта мектебінде 1-сыныпқа келетін 17 балаға мектеп формасы мен оқу-құралдарын алып қуантқан.
Жалпы, Кеген ауданы бойынша 1 балаға шаққандағы 43 407 теңгеден бөлінген мемлекеттік жәрдем 880 оқушының ата-анасының есепшотына аударылып, оған мектеп формалары алынған.
Алматы облысы,
Кеген ауданы