• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 19 Тамыз, 2024

Алматылық дәрігерлер құрсақішілік үш ота жасады

87 рет
көрсетілді

Алматыдағы балалар кардиохирургиясы және перинатология орталығында құрсақтағы ұрыққа операция сәтті жасалды. Мұндай операция туа бітті болатын патологияны түзетіп, сәбидің дүниеге дені сау болып келуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық дәрігерлері Минск республикалық ғылыми-тәжірибелік «Ана мен бала» орталығы феталды медицина бөлімшесінің меңгерушісімен бірге Алматы қаласы, Алматы және Ақмола облыстарынан келген үш жүкті әйелге ота жасады. Отаны жасау аясында мына жұмыстар атқарылды:

- Фето-фетальды трансфузия синдромынан (ФФТС) асқынатын көпұрықты жүктілік кезіндегі баланың жолдасы анастомозының лазерлі коагуляциясы. Бұл әдіс ұрықтар арасындағы тамырлардың патологиялық бірігуін жоюға әсер етіп, қатты асқынудың алдын алады және егіздердің екеуінің де өмірін сақтайды.

- Шарана сұйықтығы патологиясы болған жағдайдағы амниоредукция және амниоинфузия. Бұл процедуралар ұрықтың дамуына қолайлы жағдай туғыза және асқыну қаупін азайта отырып шарана сұйықтығы мөлшерін реттеуге көмектеседі.

- Ұрықтың бүйрек патологиясы болғанда қуықты дренаждау. Бұл ота ұрықтың несеп айдау жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және оның дұрыс даму мүмкіндігін жақсарта отырып бүйрек жетіспеушілігі асқынуының алдын алады.  Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, барлық операция сәтті жасалған. Қазір науқастардың жағдайы тұрақты. Олардың жүктілік кезіндегі денсаулығын мамандар ұдайы бақылап, ұрықтың одан әрі дұрыс дамуын қамтамасыз етеді.Бұл оталар Денсаулық сақтау министрлігінің «Фетальды медицина» жобасының аясында жасалды. Енді еліміздегі әйелдер әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары технологиялы көмек алып, дүниеге дені сау бала әкеле алады. Аталған жоба озық медициналық технологияларға қолжетімділікті ұлғайтуға және Қазақстандағы жүкті әйелдердің босанар алдындағы көмек деңгейін жақсартуға бағытталған.