• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өндіріс 20 Тамыз, 2024

Құпия кәсіпорынның мұрагері

105 рет
көрсетілді

Петропавл қаласында бір кезде КСРО әскери-өнеркәсіптік кешенінің бес бірдей алып зауыты болғанын бұрын да жазғанбыз. Олардың бәрі Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылдары ішіндегі құрал-жабдығымен, аса қажетті мамандарымен бірге, құпия­ үшін түрлі нөмірмен аталып, Ресей қалаларынан біздің қалаға көшірілген. Соның бірі Калинин атындағы құпия зауыт еді. Бұл зауыттың құпиялылығы сонда, ол – электр қуатын изоляциялайтын құрал-жабдықтар шығарады.

Мәселен, сүңгуір қайық жабдықтарын изоляциялауға тек осы зауыттың кабельдері қолданылады екен. Сүңгуір қайық дегеннің өзі электр қуатынан бір сәт те айырмай, адамның жүрегі сияқты тынымсыз жұмыс істеп тұрады ғой. Сондайда кабельдер қалай қызбасын? Құрал-жабдықтары тіпті қол тигізбей ыситын көрінеді. Оған тек сапасы өте жоғары кабельдер ғана шыдас береді. Ал олар біздің Петропавлда жасалған.

90-жылдардың басындағы экономикалық дағдарыс кезінде осы зауыттың да барлық құрал-жабдығы мен шикізаттық материалдары талан-таражға түсті. 

Әскери зауыт болғандықтан бақылау да аз болған сияқты, әйтеуір көп дүниелері Ресейге тасылып әкетілгені анық. Міне, осы зауыттың сілеміне «Изолит» кәсіпорыны ие болып қалған. 1992 жылдың 9 қаңтарында «Изолит» ЖШС жұмысын бастайды. Содан бергі 32 жылда «Изолит» Петропавлдағы жүз адамдай адам нәпақасын айыратын шағын кәсіпорынға айналды. 2017 жылдың қараша айынан бастап бас директор қызметін Александр Бебешко атқарып келеді.

Өнімдері кәсіби мамандарға болмаса, жалпақ көпшілікке танымал емес. Өнеркәсіпке қолданылатын маталар, электризоляциялық маталар, шыныволокнадан жасалатын изоляторлар, слюдалар, лактар, желімді бояулар, меканиттер шикізат ретінде қолданылып, электризоляциялық дайын өнімдер жасалады. Олардың қатарында тұрмыста жиі қолданылатын изолентадан бастап электризоляциялық жұқа материалдар, жоғары вольтті электрмашиналарына арналған изоляциялық орауыштар, машинаның коллекторына арналған шырмауықтар, қағазға шайыр сіңіріліп, престелген материалдар, үнемі қысымда болатын темір материалдардың арасына салынатын изоляциялық сақиналар секілді 60 шақты өнім түрі бар.

Кәсіпорын 2023 жылдың қорытын­дысы бойынша бюджетке 80 млн теңгедей салық төледі. Оның өнімдерін «Қазақстан темір жолы», Ресейдің және басқа мемлекеттердің теміржол мекемелері тұтынады. Алыс шетелдердің арасында Қытай мен Үндістан кәсіп­керлері петропавлдық зауыт өнімдеріне мұқтаж­дық білдіріп отыр. Қорғаныс кәсіпорындары «Изолит» шығаратын «Аргоф-ЭП» атты электризоляциялық эмальды үлкен сұраныспен алады. Бұл – эпоксидті шайырдан жасалып, арнаулы орындарда ғана қолданылатын электризоляциялық өнім.

«Үнемі сұраныста болып, клиент­тердің көңілінен шығып отыру үшін өнімдердің сапасы өте жоғары болуы керек. Сондықтан мұнда өнім сапасына қатты көңіл бөлініп, олардың мемлекеттік стандартқа сәйкестігі түрлі өлшегіш құралдармен жіті тексеріледі. Жарамай қалған материалдар бірден жойылады. Бізде әр күні технологтердің жұмысына бақылау жасалады. Техника­лық бақылау қызметкерлеріне талап күшті. Жабдықтаушылар, маркето­логтерге да қатаң талаптар қоямыз», дейді бас директор Александр Бебешко.

Компания 2020 жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының шеңберінде берілетін «Іскер» арнайы сыйлығын алды. Бұған дейін ол Президент тағайындаған «Парыз» сыйлығының «Экологияны тазартуға қосқан үлесі үшін» аталымын жеңіп алған еді. «Изолит» ЖШС кәсіпкерлер палатасымен де, жергілікті әкімдікпен де тығыз байланыс орнатып, барлық мемлекеттік және қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып отырады.

«Біз болашаққа үлкен сеніммен қарап, кәсіпорнымыздың дамып, қызметкерлеріміздің және еліміздің жақсы тұрмысқа жетуі жолында аянбай қызмет етеміз», дейді Александр Бебешко.

 

ПЕТРОПАВЛ