Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Соған орай Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі білім беру ұйымдарының 2024-2025 оқу жылына дайындығын тексерді. Биылғы мамырда басталған мониторинг аясында жаңа мектептер құрылысы мен тасқыннан кейінгі аймақтардағы су басқан нысандарды қалпына келтіру, оқу кабинетін жабдықтау, ауыл мектептерін жаңғырту, оқулықтармен қамту және қауіпсіздік мәселелері қамтылды.
Мониторинг барысында еліміздің барлық мектебіндегі ағымдағы жөндеу жұмысы тәмамдалып, ал күрделі жөндеу жұмысы 280 білім мекемесінде жалғасып жатқаны анықталған. Сондай-ақ роботтехника, химия, биология, физика және STEAM-бағыттарға арналған 1383 пәндік кабинет сатып алу бойынша жұмыстар белсенді атқарылып жатыр.
Бүгінде білім беру ұйымдарының оқулықтармен қамтамасыз етілуі 90 пайызды құраған. Сондықтан білім басқармаларының басшыларына мектептерді оқулықтармен қамту бойынша жұмысты жеделдетіп, оны оқушыларға 25 тамызға дейін тарату тапсырылды.
«Біз мониторинг кезінде аймақтағы барлық мектептің жағдайы мен жаңа оқу жылына дайындығын мұқият тексердік. Басты мақсатымыз – оқушыларға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау. Жаңа оқу жылын жемісті бастау үшін жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырамыз», дейді Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауенов.
Айта кетейік, алдағы 1 қыркүйектен еліміздегі 7,9 мың білім ұйымында 3,9 млн оқушы білім алады. Соған байланысты Оқу-ағарту министрлігі аймақ әкімдіктеріне мектептерді іске қосу мерзімінің кешікпеуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды ұсынды.