Абай күні жыл өткен сайын жаңғырып, жаңа сипатта тойланып келеді. Әсіресе бұл мерекенің жастар арасында маңызы арта түсті. Соның бір дәлелі – елордада өткен «Dombyra party» атты әдеби-сазды кеш. Онда хакімнің әндері шырқалып, өлеңдері оқылды. Жобаның көңіл сүйінер ерекшелігі, ақын шығармашылығына қатысты челлендж 10 тамыздан бастап әр апта сайын жалғасып отырады. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Сарыарқа ауданы әкімдігінің ыждағатымен жасалған бұл іс-шара ерке Есілдің жағасында, ашық аспан астында ұйымдастырылды.
Өз кезегінде басқарма басшысы Сәкен Есіркеп мерекенің ауқымы кеңейе беретінін айтып, қатысушыларға алғысын білдірді. «Абай күні – алты Алаштың рухани мерекесі. Ол бірнеше күнге жалғасып, халық арасында насихатталып жатса, елдігіміздің айғағы. Ал бүгінгі домбыра думанының басты қатысушылары – жастар. Олардың қайрат-қуаты, жасампаз ойы мерекеге жалпыхалықтық сипат беретіні даусыз. Сондықтан рухани тамырдан ажырамаған өскелең ұрпаққа біздің тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетіледі», деді ол.
Сахнада Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері, Ұлытау, Маңғыстау, Абай туған Семей топырағынан келген қала қонақтары ән айтып, өлең оқыды. Кеш барысында жаңбыр жауып кетсе де, халық міз баққан жоқ. Керісінше, Абай рухымен тыныстап, Астананың аспанын одан сайын арайландырды.
«Хакім рухы арқылы көптен бері үзіліп қалған «Dombyra party» жанданды. Халық өте жылы қабылдады. Көрермендер арасынан әуесқой домбырашылар шығып, сахнада өз өнерін көрсетті. Ең бастысы, Абай атамыздың шығармалары жастар үнімен жаңғырды», дейді кеш жүргізушісі Алмас Алтай.
Айта кетейік, келесі домбыра-думан 24 тамыз күні өтеді.