Алматы облысының Іле ауданындағы 9 жекеменшік балабақшаның құрылтайшылары қамауға алынды. Бір айдың ішінде 29 жекеменшік балабақша жабылып, мемлекетке 729,0 млн шығын келтіргені үшін тағы бірнеше құрылтайшының үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Бұл жөнінде Қонаев қаласында өткен тамыз кеңесінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді.
«Жекеменшік балабақшалар кәсіпкерлік субъектілерге тексеріс жүргізуге салынған мораторийді пайдаланып, мемлекеттік тапсырыспен бөлінген қаржыны жымқырған. Осы тұста бүгінгі тамыз кеңесінде көтеріліп отырған – білім жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу өте орынды және қажетті іс. Цифрлық технология көп жағдайда білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізері сөзсіз. Бүгінде цифрлық технологиялар басқармасы арқылы аталған жағдайлардың алдын алу, жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында барлық балабақшаға меншік түріне қарамастан «биометрия» автоматтандырылған жүйесі енгізіліп жатыр. Мұнда әр баланың балабақшаға келуі жекелей QR код арқылы табельге енгізіліп, есебі жүргізіліп отырады», деді өңір басшысы.
Жекеменшік балабақшалардағы тағы бір мәселе – тәрбиеші педагогтердің білімі мен біліктілігінің төмендігі. Қазіргі кезде жалпы республика бойынша жекеменшік балабақшаларда тәрбиешілер мен кіші қызметкерлердің өз ісіне жауапкершілігінің төмендігі, психологиялық тұрақсыздығы салдарынан балаларға қатысты түрлі жағдай тіркеліп жатыр. Сондай-ақ өңір басшысы жекеменшік балабақшаларға педагогтердің білімі мен жауапкершіліктерін көтеру бағытындағы жұмыстарды жүргізуді тапсырғанын атап айтты.
Алматы облысы