2011 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігінде «Қазақ су шаруашылығы» («Қазсушар») атты республикалық маңызы бар су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстау, пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысатын мемлекеттік кәсіпорын құрылды. Бұл Үкіметтің 2011 жылғы 28 ақпандағы №196 қаулысына сәйкес Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындары мен республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының еншілес мемлекеттік кәсіпорындарын қосу жолымен жасақталды. 2024 жылы оның құрамына «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ қосылды.
Кәсіпорын қызметінің негізгі мақсаты – өзінің қарамағындағы гидротехникалық құрылыстар мен кешенді суқоймаларын, магистралдық су құбырлары мен өзге де су шаруашылығы нысандарын ұстау, пайдалану және қалпына келтіру. Мұның барлық облыс орталығында және республикалық бағыныстағы қалаларда филиалдары бар.
Кейінгі жылдарда «Қазсушардың» экономикалық ахуалы қиындығы туралы бірнеше рет жазылды. Соның ішінде былтыр қазан айында біздің басылымда жарияланған мақалада кәсіпорынның халықаралық қаржы ұйымдары алдындағы қарызы 100 млрд теңгеден асқаны жазылған еді. Мақалада «Қазсушардың» Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарындағы филиалдары суармалы жерлердің инфрақұрылымын қалпына келтіру жобаларына Еуропа қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) 60,9 млрд теңге және Ислам даму банкінен (ИДБ) 53,2 млрд теңге қарыз алып, оның 40%-ы ғана пайдаланылғаны айтылған. Қалғаны агрегациялық желілерді қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама жиынтығының (ЖСҚ) дұрыс алынбауына байланысты игерілмей қалған екен.
Осы орайда «Қазсушардың» Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының ахуалын білмек болып, оның директоры Шұғайып Ибатуллинге жолыққан едік.
«Біздің негізгі қызметіміз – суқоймалары бар Сергеев, Петропавл және Ғ.Мүсірепов ауданындағы Шарық су тораптарын пайдалану және гидротехникалық құрылғылармен Есіл өзені ағысын реттеп, Солтүстік Қазақстан және ішінара Қостанай мен Ақмола облыстарына су баруын қамтамасыз ету. Сонымен қатар Ресейдің Түмен облысын кепілдендірілген ағыспен қамтамасыз етеміз», деді ол.
Сондай-ақ филиал Солтүстік Қазақстан суқоймалары мен өзен суы ағысын реттеу арқылы шаруашылықтарды, тұрғындарды ауызсумен қамтуға, өнеркәсіпті сумен жабдықтауға және суармалы жерлерге су беруге, балық шаруашылығы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жауапты. Бұған қоса экологиялық және санитарлық су жіберуді жүзеге асырады. Филиалдың «Есіл су», «Қызылжар су» «СевКазЭнерго» (ПЖЭО-2), т.б. аса ірі су пайдаланушылары бар. Оларға топтық құбырлар арқылы су жеткізіледі.
Есілдің биылғы ерекше тасқынынан бүкіл ел хабардар. 693 млн текше метр су сақтай алатын қоймасы бар Сергеев суқоймасынан асқан тасқын судың биіктігі күннен-күнге көтеріліп, ақыры 4 метр 25 см рекордтық көрсеткішке жетті. Осы кезде ағыспен келген алып сеңдер бөгетті қиратып, су жайылып, алдымен Сергеев қаласын, сосын алыс-жақын ауылдарды басып қалмас па екен деген қауіп төнді. Әйтеуір 1969 жылы Мәскеудің Я.Жук атындағы жобалау-зерттеу институтының жобасымен салынған нысан сыр берген жоқ. Ал Сергеевтен 173 шақырым қашықтықта, төмен орналасқан, сыйымдылығы 24,5 млн текше метр Петропавл суқоймасы 1973 жылы салынған. Мұнда өзен ағынын реттеу 3 қақпа және төменгі су ағызу арқылы жүзеге асырылады. Су деңгейінің мұндағы ең биік нүктесі 16 сәуірде 97,9 метрге жетті.
Осылардың үстінен гүрілдеп, сарқырап жатқан ағысты қарап тұруға да әркімнің жүрегі дауаламайтын. Ал Шұғайып Нәсіполлаұлының су тасқыны уақытында үнемі екі суқоймасының басында жүргенін көрдік. Ол тасқын су әлі қайтпаған тұста Петропавлға іссапармен келген Президентке де суқоймаларының техникалық ахуалы туралы баяндаған жалғыз маман болды.
«Сергеев суқоймасы наурыздың 29-ынан бастап тез тола бастады. Қай межеге жетіп тоқтар екен деп күнде алаңдаумен болдық. Ең биік шыңы 9 сәуірде тіркелді. Осы кезеңде суқоймасындағы су деңгейі 142,5 метрге көтеріліп, бөгеттен асқан биіктік 4,25 метрге жетіп, екі күн бойы қайтпай тұрып алды. Қоймадағы судың көлемі 1261,8 млн текше метрге жетіп, жобалық көлемнен 182% асты. Тасқын судың мұндай көлемі мен көрсеткіштері оның салыну сәтінен бастап тіркелген емес. Ал Петропавл суқоймасында шағын көлемді болғандықтан, су тасқынының еркін өтуі үшін кедергілері алынып тасталады. Су торабын пайдалану қағидаларына сәйкес секундына 600 текше метрден аса су айдаған ағыс кезінде барлық қақпасы көтеріліп, ағын транзиттік режімде өтеді. Биылғы тасқында осы суқоймасының жобалық көлемінен 360 есе артық су өтті», дейді Ш.Ибатуллин.
Тасқыннан кейін гидротехникалық құрылыстарға комиссиялық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, «Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалының Сергеев және Петропавл су тораптары қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды. Бұлардың қауіпсіз жұмыс істеуі үшін барлық қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр, су тораптары келесі су тасқынын өткізуге дайын.
«Қазір Сергеев пен Петропавл су тораптары қанағаттанарлық жағдайда, штаттық режімде жұмыс істейді. Ал Шарық өзеніндегі су торабымыз «апаттық» жағдайда. 2016 жылдан бастап бұл торап транзиттік режімде ғана жұмыс істейді», деді филиал директоры.
Солтүстік Қазақстан облысы