«Егеменде» 31 қаңтар, 2015 жыл осы тақырыппен жарияланған мақалаға көптеген авторлар үн қосты. Түйе малының пайдасы, сүтінің емдік қасиеті туралы ғалымдарымыз, әріптестеріміз, қарапайым азаматтар өз пікірлерін білдірген екен. Бүгінде ғасырлық дертке айналған обыр ауруына шипа түйе сүтінің ақуызынан табылғанын оқымыстыларымыз айтудай айтып жатыр. Соның бір тобын жұртшылыққа ұсынып отырмыз. Бұл мәселеге мемлекеттен қолдау болар деп білеміз.
«Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде кейінгі кездері адам ағзасына өте қажетті емдік қасиеттерімен ежелден белгілі қазақ даласында қандастарымыз пайдаланып келе жатқан қымыз бен шұбат туралы жарияланып жүрген мақалалар еріксіз осы тақырыпқа қайта оралуға ой салды.
Газет бетінде жарияланған «Сусамырдың емі – шұбат немесе ғалым Мұсатілла Тоқанов диабеттен құтқарудың ғылыми негізін жасады» атты Бақтияр Тайжанның мақаласында көрсетілген мәліметтер әрине әлемдік деңгейде бет алып бара жатқан қант диабеті ауруын емдеудің бір жолы ғана екендігі сөзсіз.
Мұсатілла Тоқановпен көп жылдар бойы қоян-қолтық ғылым саласында бірге қызмет атқардық. Оның кандидаттық диссертациясына ғылыми жетекшілік жасадым. Мұсатілла Тоханұлы – ғылымға берілген нағыз ғалым азамат.
Жалпы, біз қымыз бен шұбат жөнінде әңгіме қозғағанда оның бір-бірінен артықшылығы мен кемшілігін іздеуіміз керек. Өйткені, атам қазақ қасиетті осы екі малдан алынатын сүт өнімдерінің адам үшін, адам ағзасы үшін қажеттілігін ерте заманнан білген, әрі оларды тиімді пайдаланған.
«Ерте заманнан бері ойсылқара тұқымын төрт түлік малдың қасиетті төресі», деп кие тұтқан қазақ халқы, түйе малында, одан алынатын өнім түрлерін де тиімді пайдалана білген. Түйе – мінсең, көшсең көлік. Саусаң сүт, оны өңдесең емдік қасиеті бар шұбат, балқаймақ, қырықсаң – теңдесі жоқ түбіт жүн мен шуда аласың, сойсаң – аузың толып ет жейсің.
Түйе малы – ғасырлар бойы таза ауада, далада шыңдалған, тіпті қора-жайды да көп қажет етпейтін, жылдың төрт мезгілінде жайылып-ақ жүріп, өзіне қажетті қоректі тауып жейтін жануар. Оның басқа мал түрлерінен айырмашылығы, табиғи жайылымда тез арада қоңдылығын көтеріп, өркештеріне 100 килограммнан аса май жинап – оны қатты қыста да, құрғақшылық жылдарында да, тіпті су тапшылығында да тиімді пайдалануында жатыр.
Түйе екі жылда бір рет боталайды. Сауын мерзімі – 15-18 айға созылады.
Түйе малының сүті мен сүт өнімдері жан-жақты зерттелгеніменен, ет өнімділігі, жүн, тері құрамы әлі толық зерделенбеген.
Түйе сүті мен шұбатының емдік қасиеттері атам заманнан белгілі. Шұбатты атам қазақ өкпе, асқазан ауруларымен қатар, түрлі созылмалы дерттерге, жалпы ағза әлсірегенде, әрі уланғанда емдік қасиеті жоғары мал өнімі ретінде пайдаланған.
Түйе сүті мен шұбатының емдік қасиеттеріне кейінгі кездері Қытай елінде қатты мән беруде. Тіпті, Қытайдың Алтай өңірінде түйе сүтінен ұнтақ жасайтын, түйе сүтін ұзақ мерзімде сақтайтын арнайы зауыт ашып, онымен елдің түйе өсірмейтін аймақтарын, оның ішінде Шанхай қаласын қамтамасыз етіп отыр.
Шындыққа келсек, түйе сүтінің, шұбаттың емдік қасиеттерін біле тұра, әлі оған тиянақты мән бермей келеміз. Шығыс ғұламасы Әбу Әли ибн Синаның көз жұмар сәтінде шәкірттері айналасын қаумалап: «Ұлы ұстаз! Сіз кетсеңіз қалың халқымыздың сырқатын кім емдейді» – деп қиналса керек. Сонда ғұлама: «Қиналмаңдар, анау жүрген түйе бар емес пе» – деген көрінеді. «Оны қайтеміз десе: Соның сүтін іше беріңдер» – депті данышпан (М.Омар, Түйе һәм шұбат кітабы, 2010 жыл, 43 бет).
Ал, осы түйе малының сүт бөлуі ерекше: онда ірі қара малындағыдай сүт жиналатын желін қалтасы болмайды. Түйе сауылмай тұрғанда, желін қалтасы бос, емшектерінің көлемі кішкене болады. Бұл құбылысты білмегендер «Інгенде сүт жоқ екен-ау» – деп қалуыда мүмкін. Алайда, түйені сауу кезінде оның желін қалтасы сүтке толып, емшектері екі есе өседі. Бұл құбылысты ғалымдар «Түйе желінінде сүт жиналуына желін қалтасы емес, сүт жолдарының қызметі жоғары рөл атқарады» деп дәлелдеген.
Жоғарыда көрсетілген түйе өнімдерінің қаншама емдік қасиеттерін, оны шөлді-шөлейтті аймақта тиімді өсіруге болатынын біле тұра халқымыздың дәстүрлі мал шаруашылығының бірі – түйе малына көп жылдар бойы көңіл бөлінбей келеді. Төрт түлік малдың төресі түйеге де бет бұратын кез келді.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары түйе саны біршама (126 мың бас) кемігенімен қазір халқымыздың шұбатқа деген сұранысының ұлғаюына байланысты оның саны 160 мың басқа жетті. Республиканың түйе шаруашылығы негізінен Оңтүстік-Батыс аймағында дамыған, әрі түйе санының 94,5 пайызы осы аймақта.
Қазақстанда көп тараған түйе тұқымы, ол қос өркешті қазақ түйесі. Оның үлесі жалпы түйе санының 85-87 пайызын құрайды. Кең-байтақ қазақ жерінің ауа райының, жайылымының өзгеше болуына байланысты қазақ түйесінің гені де әртүрлі. Қазақ бактриандары түйелердің аборигенді тұқымына жатады, екі өркешті түйелер тұқымдарының ішінде теңдесі жоқ.
Қазақ түйелері – бұл шағын, дене құрылымы тепе-тең, аяқтары қысқа, кең көкіректі келеді. Бұл тұқымның ішінде дене бітімімен және өнімділік сапаларымен ерекшеленетін орал-бөкейлік, қызылордалық және оңтүстік қазақстандық түрлері бар.
Қазақстанда қазақ бактриандарының, түркімен және қазақ дромедарларының таза тұқымдары, 17 түраралық гибридтері өсіріледі. Дегенмен, осы күнге дейін әртүрлі генотипті түйелердің генетикалық әлеуетінің ақпараттық банкі құрылмаған. Түйелердің ақпараттық банкі облыстардағы асыл тұқымды зауыттар мен фермалар арасындағы жануарлар қозғалысын қадағалауға мүмкіндік берер еді. Зерттеулердің бұл бағыты Қазақстанда да және де шекаралас мемлекеттерде де жаңалық болып табылады.
Түйе шаруашылығының бағдарламалық дамуының жеке салалық концепциясын қабылдау қажет. Өйткені, бұл сала Қазақстанның кең көлемді шөл және шөлейтті аймақтарын игеруге мүмкіндік береді және аймақтың бір қатар аудандарында сүт өндірудің жалғыз көзі болып табылады.
Түйе шаруашылығын дамытуды қамтамасыз ету үшін, біріншіден мемлекеттік ынталандыру жүйесі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің асыл тұқымды шаруашылықтарын қаржылай қолдауы арқылы асыл тұқымды қазақтың таза қанды қос өркешті түйесі, түрікмен аруаналары, олардың жоғары генерациялы будандарының элита және І класты топтарының санын көбейту; отандық және шетелдік ғалымдардың патенттелген жаңалықтарын ендіру арқылы түйенің отандық гендік қорының өнімділігін арттыру; Қазақстандағы түйе шаруашылығының отандық гендік қорының өнімдік және тұқымдық сапасын жақсарту; түйе шаруашылығы өнімдерін (сүт, ет, жүн және оларды өңдеуден алынатын өнімдері) өндіру, өңдеу, сақтау және сатудың инновациялық технологияларын тиімді пайдалану және Дүниежүзілік сауда ұйымы маркетингтік деректерін қолдану арқылы озық технологияларын жасау, жетілдіру және ендіру. Екіншіден, түйе шаруашылығының спорттық түрлерін, сол арқылы туристік кластерлерді дамыту; ИСО 9001-2000 халықаралық сапа және менеджмент стандартына сәйкес түйе сүтін өндіру, оларды өңдеудің кластерін жасау; түйе жүнін өндіру, өңдеудің жүннен басталып дайын өнімімен аяқталатын (мата, киім) циклді кластерін түзу; түйе шарушылығынан өндірілетін өнімдердің стандарттары мен сертификаттарын жасау, өнімдерді өндіру технологиясының халықаралық сапа стандарттарына өту.
Осы міндеттерді орындай алсақ, түйе шаруашылығын қалпына келтіреміз, оның емдік сүті түрлі дерттерден айығуға жәрдемдеседі.
Әбдірахман Омбаев,
Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
АЛМАТЫ.