Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеге мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясындағы шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында екі ел басшылары стратегиялық серіктестік пен экономикалық байланыстарды нығайтатын бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.
Көпжақты серіктестіктің берік негізі
Душанбеге мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қасри Миллат» сарайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қарсы алды. Ресми іс-шара кезінде Мемлекет басшысының құрметіне зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Мұнан соң Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Ақ залға өтіп, шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты серіктестігінің берік негізі саналатын жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулерге баса мән беретінін айтты.
– Ең алдымен, ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бастап көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Біз алға қарай жылжуымыз керек. Бұл сапар ынтымақтастығымызды дамытуға тың серпін беруді көздейді. Бүгін Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылады. Меніңше, бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы орайда бірқатар өзекті мәселе бойынша мазмұнды пікір алмасамыз деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Эмомали Рахмон екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәжікстанға қош келдіңіз! Елімізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымыз. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін беретініне сенімдімін. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастығымыз қарқынды дамып келеді. Сізбен екі ел ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен келешегін, сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға әзірмін, – деді Тәжікстан Президенті.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары салаларындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Тәжікстан экономикасын дамытуға тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асырудың келешегі қарастырылды.
ІТ саласындағы тиімді байланыс
Шағын құрамда өткен келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға Электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық туралы есеп берілді.
Президенттерге биыл екі елдің мамандары Интернет-ресурстардың бірыңғай платформасы мен SmartBridge жүйелерінің негізгі компоненттерін Тәжікстан серверлерінде сәтті орналастырғаны жөнінде баяндалды.
Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Тәжікстанның Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігінің директоры Мирзо Хуршед тәжік мамандарының арнайы оқу курсынан өткенін жеткізді. Қазір Тәжікстанның мемлекеттік органдарына арналған сайттарды әзірлеу жұмыстары қолға алынып, IT-шешімдерді интеграциялау ісі егжей-тегжей пысықталып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері жайында мәлімет берілді. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең келешегі зор бағытының бірі болмақ.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөз
Мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы кездесуінен кейін ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мемлекеттік сапардың басты мақсаты достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-тәжік қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеруді көздейтін ортақ мұратқа сай келетінін айтты. Осы орайда Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарттың айрықша маңызына назар аударды.
– Аталған тарихи құжат көкжиегімізді кеңейтіп, көпжақты байланыстарымызды одан әрі нығайтудың негізін қалайды. Одақтастық қатынастарды дамыту жолындағы бірлескен әрекетіміз тұтас Орталық Азия өңірінің орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті Эмомали Шарипович, қазақ-тәжік ықпалдастығын кеңейтуге елеулі үлес қосқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Шуақты Душанбе қаласына келген сайын зор қуанышқа бөленемін. Әрдайым оң өзгерістерге куә боламын. Сіздің еліңізде жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларды ерекше ықыласпен бақылаймыз, жетістіктеріңізге куә болып отырмыз. Достас әрі одақтас ел ретінде бұған шын ниетімізбен қуанамыз,– деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ-тәжік ынтымақтастығы барлық бағытта қарыштап дамып келе жатқанын айтты.
– Шын мәнінде, алдыңғы кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың бәрі дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр және екі ел үкіметтерінің бақылауында тұр. Мұны өзім де қадағалап отырмын. Өткен айда премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қатысушылар екіжақты ықпалдастық тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Менің ойымша, бұған елдеріміздің әлеуеті жетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы, атап айтқанда, Душанбенің орталығында қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының ескерткіш-бюстін орнатқаны үшін тәжік тарапына алғыс айтып, мұндай іс-шаралар ортақ рухани-мәдени құндылықтарымызды байыта түсетініне назар аударды.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою ұзақмерзімді перспективада мемлекетаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретінін айтты.
– Бұл халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай келеді деп сенемін. Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазақстанның мәдениет күндері, Қазақ киносының күндері өтеді. Екі елдің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, әйелдер мен жастар, кәсіпкерлер бас қосады. Мұның бәрі қос мемлекет пен халықтың достығы берік, бір-біріне жақын екенін әрі ынтымақтастығымыз нығайып келе жатқанын көрсетеді, – деді Эмомали Рахмон.
Кездесу барысында агроөнеркәсіп, су-энергетика, көлік-транзит салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың негізгі басымдықтары мен міндеттері айқындалды. Тараптар бірлескен жобаларды іске қосуға, сондай-ақ бизнеске қолайлы жағдай жасауға баса мән беруге уағдаласты.
Сонымен қатар келіссөздер кезінде цифрландыру, білім беру және ғарыш технологияларын пайдалану бағыттары бойынша өзара тиімді серіктестік аясын кеңейтудің мүмкіндіктері қарастырылды.
Бірлескен мәлімдеменің берері мол
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап бірлескен мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы қонақжайлылық танытқаны үшін Президент Эмомали Рахмонға шынайы ризашылығын білдіріп, бауырлас Тәжікстан еліне жасаған мемлекеттік сапарына ерекше мән беретінін атап өтті.
– Бұл сапар өзара құрметке, сенімге және жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген қазақ-тәжік қатынастарының дәйекті түрде нығаюына тың серпін береді. Тәжікстан – сенімді досымыз әрі уақыт тезінен өткен одақтасымыз. Екі елді ортақ тарих, мәдениет және рухани құндылықтар байланыстырады. Біз барлық деңгейде тығыз әрі өзара сенімге құрылған саяси диалог орнаттық. Бірлескен күш-жігер арқылы нағыз достық пен тілеулестік рухында ортақ келешектің негізін қалап келеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекетаралық байланысы одақтастық қатынастар деңгейіне шыққанын айтты.
– Жаңа ғана біз құрметті Эмомали Шариповичпен Қазақстан мен Тәжікстанның арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойдық. Бұл – екіжақты ықпалдастықтың мүлдем жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айғақтайтын тарихи құжат. Бұдан былай бауырлас халықтар біздің одақтас елдер екенімізді нық сеніммен айта алады. Осы орайда көреген саясаты және қазақ-тәжік қатынасын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін бауырлас тәжік елінің көшбасшысы Эмомали Шарипович Рахмонға зор ризашылығымды білдіргім келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент келіссөз барысында қос тарап бауырлас халықтарды бір-біріне жақындастыруға, қазақ-тәжік қатынасын жан-жақты нығайтуға ұмтылатынын тағы да растағанын жеткізді.
– Елдеріміз арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Мұны үлкен ықыласпен атап өттік. Өзара тиімді әрі жан-жақты серіктестікті арттыру үшін алдағы уақытта да барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық. Екіжақты сауда-саттық мәселесіне айрықша назар аударылды. Соңғы бес жылда елдеріміз арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы екі еседен артық өсім көрсетіп, 1 миллиард доллардан асып түсті. Биылғы алты айдың қорытындысы да ойдағыдай, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өзара сауда-саттықты одан әрі дамытуға екі елдің мол мүмкіндігі бар деп санайды. Мәселен, Қазақстан Тәжікстанға жалпы құны 200 миллион доллар болатын 85 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Тәжікстан тарапы да Қазақстанға экспорт көлемін арттыру үшін айтарлықтай ресурсқа ие.
– Біз жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту және елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын тежейтін кедергілерді кезең-кезеңімен жою, көлік-логистика саласындағы серіктестікті арттыру жөнінде келісімге келдік. Экономикалық кооперацияны күшейту үшін екі ел үкіметтеріне 2027 жылға дейін өзара тауар айналымын ұлғайту туралы жол картасын қабылдауды жеделдету жөнінде тапсырма бердік. Келешекте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізуге, тіпті одан асыруға мүдделіміз. Тауар айналымын арттыруға агроөнеркәсіп секторы айтарлықтай үлес қоса алады. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша елдеріміздің бірі-біріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 12 пайызға ұлғайып, бұл бағыттағы сауда айналымы 300 миллион долларға жуықтады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар ұн тарту өнеркәсібін дамыту, өсімдік майын, кондитерлік және мал шаруашылығы өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласқан. Президент қазіргі кезде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру және экономиканың басқа да салаларында бірқатар ауқымды жоба әзірленіп жатқанын айтты.
– Душанбеге сапарымның қарсаңында қазақ-тәжік бизнес форумы өтті. Оның шеңберінде бірқатар коммерциялық келісімшартқа қол қойылды. 1 миллиард доллардан астам сомаға келісімдер жасалды. Осыған байланысты біз Эмомали Шариповичпен бірге қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыру туралы тапсырма бердік. IT-секторындағы ынтымақтастық екі мемлекет үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады. Еліміз мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және IT-технологияларды дамыту бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластық аясында тәжік тарапына Электрондық үкімет платформасының цифрлық шешімдерін бердік. Қазіргі кезде KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің ұйымдастыруымен тәжік мамандары еліміздің озық IT-мектептерінде білім алып жатыр. Мұндай тәжірибе алмасу IT-мамандарымыздың біліктілігін арттыруға оң септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Қос халықты жақындастыратын маңызды іс-шаралар
Сонымен қатар брифингте көлік-транзит және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жан-жақты талқыланғаны айтылды.
– Біз Орталық Азияның трансшекаралық өзендерінің ресурсын рационалды пайдалану үшін өзара үйлесімді жұмысты жалғастыру жөнінде уағдаластық. Қазақстан су-энергетика саласындағы міндеттемелерді орындағаны, нақтырақ айтқанда, елімізге су жеткізуге байланысты шешімді уақтылы қабылдағаны үшін тәжік тарапына алғыс айтады. Бұл – біз үшін өте маңызды. Өз кезегінде еліміз «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режіміне қатысты үшжақты хаттамада көрсетілген барлық міндеттемені орындайды. Аталған бағытта конструктивті ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту келіссөздерге арқау болғанын жеткізді.
– Өткен жылы Қазақстан қалаларында Тәжікстанның мәдениет күндері мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі табысты өтті. Бұл жолғы сапар аясында Душанбе, Худжанд және Бохтар қалаларында қос халықтың арасын жақындата түсуді көздейтін маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар жастар арасындағы байланысты жандандыруға, әсіресе, білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге екі тарап та мүдделі екенін растадық. Сапар қарсаңында екі ел жастарының, ғалымдары мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан форум сәтті өтті. Қазақстан өңірдегі елдер ішінде Тәжікстаннан келетін студенттерге ең көп білім грантын бөледі. Біз білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Тәжікстанның мамандарын даярлауға және тәжік әскери-техникалық мамандарын оқытуға қосымша мүмкіндіктер қарастырамыз. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.Осими атындағы Тәжік техникалық университетінде бірлескен ақпараттық технологиялар факультетінің ашылуын құптаймыз. Мұндай жаңалықтардың мән-мағынасы зор әрі халықтарымыз мұны ерекше ықыласпен қабылдары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын атап өтті.
Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүргізген келіссөздердің қорытындысына көңілі толатынын жеткізіп, екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады.
– Бүгінгі өзара сенімге құрылған келіссөздер барысында біз тұрақты саяси диалогті одан әрі қолдауға дайын екенімізді тағы да растадық. Осының негізінде қазақ-тәжік байланыстарының құқықтық базасын айтарлықтай нығайтатын бірқатар маңызды құжат бекітілді. Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды. Мұның тарихи мәні зор екенін атап өткім келеді. Бұл маңызды құжат екі елдің ынтымақтастығы жылнамасының жаңа парағын ашады және стратегиялық серіктестігіміздің мығым іргетасы болады, – деді Тәжікстан Президенті.
«Кохи Борбадта» өткен гала-концерт
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндеріне арналған салтанатты концертті тамашалады.
«Кохи Борбад» сарайында өткен гала-концертте Қазақстан мен Тәжікстанның өнер майталмандары, соның ішінде «Astana ballet» балет труппасы мен симфониялық оркестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры, Hassak этнофольк тобы және тағы да басқа шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Сахнада қос халықтың танымал музыкалық шығармалары мен әлемдік классика репертуарынан үзінділер орындалып, хореографиялық композициялар ұсынылды. Бауырлас тәжік халқы Димаш Құдайберген, Айгүл Үлкенбаева, Темірлан Бейсембай (Ratovich), «El Voice» тобы, Фарух Тохтамуратов (Adam) сияқты мәдениет қайраткерлерінің өнерін тамашалады. Қазақстанның мәдениет күндері аясында Душанбе, Худжанд және Бохтар қалаларында мәдениетаралық байланыстарды кеңейтуді көздейтін бірқатар маңызды іс-шара өтеді.
Осы аптада Әбілқасым Фирдауси атындағы мәдениет және демалыс саябағында қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының ескерткіш-бюсті салтанатты түрде ашылды. Бұдан бөлек, Ұлттық музейдегі бірегей жәдігерлерден жасақталған қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің көрмесі және отандық кинематографтар түсірген фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды.