• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Энергетика 23 Тамыз, 2024

Аймақтың түрленуіне АЭС қалай әсер етеді?

124 рет
көрсетілді

Бірқатар мемлекет атом энергетикасын мақсатты түрде дамытуды мықтап қолға алған. Сол қатарда Түркия да бар. Мерсин провинциясында «Аккую Нуклеар» атом электр стансасы салынып жатқанын бұған дейін жазғанбыз. Құрылысқа ең жақын қала – Силифке. Ауқымды жоба басталғанға дейін негізінен ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлікпен айналысқан өлке тұрғындарының өміріне АЭС өзгеше әсер етті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны түлеп сала берді.

Инвестициялық тартымдылық артқан

Ауданда индуст­риялық аймақ құ­рыл­ған. Силифке қаласы маңындағы кәсіпорындардың ірі өнеркәсіптік клас­теріне айналған бұл индустриялық аймақта қазірдің өзінде 50 кәсіпорын бар. Олардың әл-қуатының шамамен 70-80%-ы «Аккую» АЭС жобасының қажеттіліктеріне жұмсалады. Бұл әрине, бүкіл облыстағы өнеркәсіптік және сауда кәсіпорындарының дамуына ықпал етеді.

Тұрақты тапсырыстың арқасында өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер белсенді дамып келеді. Мұны облыстың өндірістік, коммерциялық әлеуеті тұрғысынан оң бағалаған абзал. Енді Түркияның басқа аймақтарында АЭС салу жобалары жүзеге асатын болса, Силифкенің кәсіпорындары мен өнеркәсіпшілері ол жобаларда сұранысқа ие болатыны мәлім.

Силифке ауданы әкімдігінің басшысы Абдулла Асланердің айтуынша, аймақта АЭС құрылысы әсер етпейтін бірде-бір сала жоқ. Алып құрылыс басталғалы экономика, сауда және тұрғын үй секторында серпінді өсім байқалады. Анығында, «Аккую» АЭС жобасы іске асырыла басталғалы 20 мыңнан астам тұрғын үй салынған.

Дәл қазір АЭС құрылысы жобасында және онымен байланысты салаларда 50 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен.

«Жергілікті кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлеріміз бен қолөнершілеріміз соңғы жылдары табыс­тарын орта есеппен 3-4 есе арттырды. Жол инфрақұрылымы жақсарып, жаңарды. Ауданды жарып өткен республи­ка­лық маңызы бар автомагистралдағы туннельдердің құрылысын да жылдамдатып, ертерек пайдалануға берілуіне ықпал етті. Сондай-ақ өнеркәсіптің көптеген саласында өрлеу байқалады. Ненің өзгергенін қысқаша сипаттау мүмкін емес. Аудандағы 99 тарау тірліктің барлығы дерлік жақсы жағына өзгерді», дейді А.Асланер.

Аудан әкімінен АЭС құрылысын жергілікті халық қалай қабылдағаны туралы сұрадық.

«Мен бұл ауданды соңғы 3 жылдан бері ғана басқарып келемін. Сондықтан сол мерзімдегі жағдай туралы ғана айта аламын. Әріптестерімнің айтуынан білемін. АЭС құрылысына дейін бізде өте күшті оппозиция болған. Кейбір жергілікті тұрғындар бұл жобаны дұрыс қабылдамаған және оның осында жүзеге асуын қаламаған. Мен өз тарапымнан соңғы үш жылда өңірдің дамуы шынымен де қарқынды болды деп айта аламын. Жобаны тәуелсіз ұйымдар өте қатаң бақылайды және жоба бойынша барлық шешімді бірнеше тәуелсіз сарапшы мен реттеуші органдар келіседі. Қазір біздің азаматтар жобаның жүзеге асатынына, оның қауіпсіз әрі сенімді болатынына үлкен сенім артып отыр. Мұны Түркияның Синоп провинциясында қазіргі уақытта «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен келіссөз жүргізіп жатқан екінші АЭС-ті, сондай-ақ үшінші АЭС-ті салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырғаны да дәлелдейді», деді аудан басшысы.

Жергілікті халық тіршілігінің тамыршысындай болып жүрген Силифке қалалық Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Нұретдин Қайнар АЭС құры­лысы қарқын алғанда өңірдегі кәсіпкерлік те дамудың жаңа даңғылына түскенін айтты.

«Аккую АЭС жобасы белсенді құ­ры­лыс кезеңіне енгенде ұйымның – Силифке қаласы Сауда-өнеркәсіп палатасы мүшелерінің көбейгенін байқадық. Нақты санға жүгінсек, осы уақыт ара­лығында палата мүшелерінің саны 1 600 жаңа кәсіпорынға артты. Нәтижесінде, облыс экономикасы әртүрлі бағалау бойынша 40-тан 50%-ға дейін өсті», дейді.

Оның айтуынша, АЭС құрылысының бірден-бір кері әсері – басқа салаларда жұмыс күшінің тапшылығы орын алған. Себебі тұрғындар жалақысы жақсы құры­лыс алаңында жұмыс істегенді жөн көреді.

«Облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, өнеркәсіп орындарында, туризм мен қызмет көрсету салаларында жұмыс күшінің тапшылығы байқалады. Өйткені ауданда тұратын халықтың айтарлықтай бөлігі тікелей АЭС жобасында немесе онымен байланысты кәсіпорындарда жұмыс істейді. Бұл ретте тек облыс тұрғындарын айтып отырған жоқпын. АЭС құрылысында жұмыс істеп, көп табыс табуға Түркияның басқа аймақтарынан да адамдар келіп жатыр», деді палата басшысы.

 

«Аккуюдегі» қазақ жастары

Қазір алты құрлықтың қай қиырына барсаң да алдыңнан қазақтың бір қара домалағы күлімдеп шыға келетіндей күнге жеттік. Түрік елінің төрінде, Жерорта теңізінің желкенді жиегінде орын тепкен әлемдегі ең ірі «Аккую Нуклеар» АЭС құрылысының бел ортасында да 1 200-ден астам жас отандасымыз бар екен. Олардың арасында сан алуан мамандық иелері бар. Көңіл күйі көтеріңкі, өз ісіне нық сенімді бұл жас­тарды көргенде көзің тояды, сөйлесе кетсең құныға тыңдайсың. Қазақстан азаматтарының арасында құрылысшы мен лаборанттан бастап энергетика және атом өнеркәсібі саласындағы опера­торлар мен сарапшыларға дейін бар екен. Сондай-ақ жобаға бухгалтерлік есеп, аудит және әкімшілік басқарумен айна­лысатын қазақ қызметкерлері тартылған. Бір қызығы, мұнда жұмыс істейтін көптеген қазақстандық жастар отбасы құрып, бала тәрбиелеп жатыр.

Сондай мамандардың бірі – «Аккую Нуклеар» АЭС-нің құрылысты бақылау құжаттамасы бағытын басқаратын Назугум Ысқақова. Оның тобы 30-ға жуық қызметкерден тұрады. Назугуммен танысып, сөзге тарттық. Ол елдегі Қазақ авто­мо­биль-жол академиясын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойын­ша тәмамдаған. Құрылыс компания­ларында басшылық қызмет істеген тәжіри­бесі бар. АЭС-тегі тегеурінді жұмы­сының нәти­жесінде былтыр «Росатомның» Жыл адамы 2023» салалық тану бағ­дар­ламасы­ның лауреаты атанған. Оған қоса, «ВОО моделі бойынша АЭС құрылысын салушы» аталымында 2-орын иеленген.

«Мұндай кубокті алу – ірі корпора­ция­ның мыңдаған қызметкерінің арасында үздіктердің бірі болу деген сөз. Қазақстан азаматымын және осындай керемет марапатқа ие болдым. Әрине, таңғаларлық фактілер көп. Бұл сыйлық «атомдық Оскар» деп те аталады, сондықтан мен үшін бұл екі есе маңызды. Қазақстанның, соның ішінде медицина мен білім беру сияқты салалардың табысты дамуы үшін ядролық энергетика қажет. Ол аталған қажеттіліктерді қана­ғаттандыруға және көмірқышқыл газын азайтуға көмектеседі. Түркиядағы АЭС қызметкері ретінде елге оралып, туған жерімдегі атом өнеркәсібінде жұмысымды жалғастыруды қалаймын, армандаймын», дейді қаракөз.

«Аккую Нуклеар» АЭС-іне отбасымен Қарағандыдан келген Назугумның әріптесі Мәдина Әбілдинова да елде атом энергетикасын дамытудың келешегі зор екеніне сенімді. Ол май-газ тобының хи­миялық талдауы бойынша зертхана­шы болып жұмыс істейді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекет­тік уни­верситетін «Бейорганикалық зат­тардың химиялық технологиясы» маман­дығы бойынша бітірген. Дәрежесі – техника ғылымдарының магистрі. Елде өз мамандығы бойынша бірнеше компания­да қызмет етіп, үлкен жетістікке жеткен.

«Біле білгенге, біздің бұл жерде алған іс-тәжірибеміз баға жетпес құндылық деу­ге болады. «Аккую Нуклеар» АЭС-інде жұмыс істеу маған өз елімде қолдануға бола­тын жаңа білім мен дағдыларды үйрен­уге, әріптестермен тәжірибе алмасу­ға мүмкіндік береді», деп тебіренді Мәдина.

Анадолы еліндегі АЭС-тің тағы бір мықты маманы – отандасымыз Мират Қадисов. Батыс Қазақстанда туып-өскен ол, Мәскеудің беделді оқу орын­дарында құқықтану мен экономика және қаржы бойынша бірнеше білім алып, «Газпромда» ішкі аудиттке қатыс­ты жетекші қызметтер атқарған. 2019 жылдан бері «Аккую Нуклеар» АЭС-інде Ішкі бақылау және аудит сарапшы – Аудиторлық жұмыс тобының басшысы лауазымында қызмет етіп жүр. Қызмет еткен жерінің бәрінде марапат алған. АЭС-ке жеке сіңірген үлкен еңбегі үшін Құрмет грамотасын алған. Отбасылы. Балалары Аккуюда өсіп жатыр.

«Елдің дамуы үшін, медицина, білім-ғылым болсын, тағы басқа әр саланың еркін өркендеуіне энергия қажет. Ол көп және сапалы болуы керек. Сонымен қатар табиғатты қорғап, экологияны қалыпты сақтап, тазарту үшін денсаулық пен адам өміріне зиян келтіретін шығарындылары жоқ АЭС-тің болғаны маңызды. Дәл осы энергия көзі көмірқышқыл және парник­тік газды азайтуға мүмкіндік береді. Түр­киядағы АЭС құрылысын аяқтағаннан кейін өз отанымда атом саласын дамытуға үлес қосқым келеді», деді М.Қадисов.

Аккуюде отандас жас мамандардың кәсібилігі жоғары бағаланып отыр. Ел-жұрттан жырақта жүрген жас мамандар кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, еліндегі атом энергетикасын дамытуға өз үлесін қосу мақсатымен туған жерге оралуға дайындалып жүр. Олардың әлемдегі ең өршіл энергетикалық жобаның бірінде қызмет етуі Қазақстанның жаһандық бастамаларға қатысуының жоғары әлеуеті мен маңыздылығын көрсетеді.

Айта кету керек, мұндағы АЭС құры­лы­сына 11 елден 34 мың адам тартылған.

 

Жергілікті фермерлер жетістігі

Мерсин провинциясы Түркияның ауыл шаруашылығы экспортында маңыз­ды рөл атқарады. Органикалық және сапалы өнімдер өндіру жағынан бұл өңір Түр­кия эко­номикасында ерекше орын алады.

«Аккую Нуклеар» АЭС-ін жобалау кезінде экологиялық қауіпсіздікке және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге ерекше назар аударылды. Сондықтан жергілікті фермерлер АЭС құрылысын қолдады. Себебі өңір энергиямен қамтамасыз ету мәселелеріне жиі тап болып отырады. Әсіресе қыс айларында электр жары­ғының үзілуі электр қуаты мен жылудың жетіспеушілігіне әкеліп соғады.

Банан және цитрус өсіретін фермерлер Мұстафа Гезер мен Фикрие Сактың ай­туын­ша, АЭС құрылысы басталғалы бері жаңа өнімдерге сұраныс едәуір артқан.

2022 жылы Силифкеде «Solagron» компаниясы жергілікті жеміс-жидектерден слайстар өндіретін кәсіпорын құрды. Өнді­ріс жемістерді толық циклмен өңдеу­ді, оның ішінде жаңа күйінен орауға дейін­гі кезеңдерді қамтиды. Цитрус жеміс­терінің етінен кептірілген жемістер, ал қабығынан косметикалық және фармацевтикалық өнеркәсіпке арналған май жасалады. Компанияның бас директоры Танер Шонел кәсіпорынмен таныстырып, АЭС-ке қатысты өз пікірін білдірді.

«Қазір кәсіпорынға келіп тұрған электр тоғы тұрақсыз. Сондықтан үнемі тоқ үзілген сәтте іске қосылатын тоқ өндіру­ші қо­сымша қондырғы ұстап отырамыз. Өйт­кені кәсіпорынның маңызды құрылғы­лары бір сәтке де тоқтамауы керек. Олай бол­ған жағдайда орны толмас шығынға ұры­нуы­мыз ықтимал. Сондықтан тұрақты энер­гетика базасына зәруміз. Енді АЭС іске қо­сылып, энергиямен қамтамасыз ету тұрақ­талғаннан кейін біз өндірісті кеңейтуді және жаңа пайдалы тауарларды ұсынуды жоспарлап отырмыз», деді бас директор.

Іске қосылған соң «Аккую Нуклеар» АЭС-і өңірді энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешіп қана қоймай, жергілікті ауыл шаруашылығы мен өндірістің өркен жайып, экономиканың одан әрі дамуына катализатор болары анық.