Көптен бері қаржылық ортада талқыланып, бірқатар қарама-қайшы көзқарастың туындауына себеп болған жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) төмендету мәселесі ақыры шешімін тапты. Жақында ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы бірлескен қаулыны бекітті.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» ЖТСМ шекті мөлшерін төмендетуді көздейтін бірлескен қаулыны (2024 жылғы 16 тамыздағы №62 және 2024 жылғы 19 тамыздағы №45) қабылдады.
Бірлескен қаулы биыл 19 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын іске асыру үшін қабылданды.
Бірлескен қаулымен ЖТСМ-нің шекті мөлшерлері банктердің кредиті және микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиті бойынша мынадай мәндерге дейін төмендетілді:
Кепілсіз банктік қарыздар бойынша ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді; Кепілді банктік қарыздар бойынша ЖТСМ 40%-дан 35%-ға дейін төмендетілді; Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ – 25%; Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиті бойынша ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді.Заңмен 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін 50 айлық есептік көрсеткішке (184 600 теңге) дейінгі сомадағы микрокредиттерді реттеудің ерекше тәртібі жойылды. Бұған дейін осы микрокредиттер бойынша шекті ЖТСМ-ді шектеудің орнына кредит мерзіміне номиналды мөлшерлеменің шекті мөлшері күніне 1%-ға дейін, бірақ 45 күнде 20%-дан аспайтын мөлшерде белгіленді. Жылдық тиімді есептеуде бұл 339% және одан жоғары болған.
Осыған орай микрокредит бойынша бірлескен қаулымен 45 күнге дейін сыйақы мөлшерлемелері бойынша шектеулер қатаңдатылды:
Бір күндік номиналды мөлшерлеме 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендетілді; Шекті ЖТСМ 179%-дан аспайтын мөлшерде енгізілді.«Қарыз алушылардың борыш жүктемесін шектеудің қосымша шарасы ретінде мұндай микрокредиттердің шекті сомасы 50 АЕК-тен (184 600 теңге) 45 АЕК-ке (166 140 теңге) дейін төмендетілді. Бұл өзгерістер банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді төмендетуге мүмкіндік беріп, халықтың борыш жүктемесін және шамадан тыс кредит алуын азайтуға ықпал ететін болады», делінген агенттік хабарламасында.
Бұл өзгерістер халықтың қарыз ауыртпалығын жеңілдетуге әсерін тигізуге тиіс. Себебі жаңа өзгерістерге сәйкес азаматтар үстеме төлемді азырақ төлейтін болады. Микроқаржы шекті сомасының 50-ден 45 АЕК-ке дейін төмендетілуі де – жақсы жаңалық. Жаңа ережелер тиімді жұмыс істеуі үшін ескі қаулылардың күші жойылды. Сарапшылар енгізілген өзгерістер тұтынушылар құқығын қорғауды және жалпы қаржылық ахуалды жақсартуға көмектеседі деп үміттенеді.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова тұтынушылық несие бойынша мөлшерлеме банк, МҚҰ және онлайн-кредиторлар аралығында құбылып тұрады деген болатын. Бұл орайда ол несие алу шешімін әбден ойланып барып қабылдауға шақырады.