• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 22 Тамыз, 2024

Шарқұдықтағы шекара бекеті

55 рет
көрсетілді

Шекарашы күні мерекесінде ҰҚК Шекара қыз­меті Алматы облысы бойынша де­пар­та­ментінің учаскесінде су жаңа шекара бекеті ашылды.

Кеген ауданының Мыңжылқы елді мекеніндегі теңіз дең­гейі­нен екі мыңнан астам метр биіктіктегі Шарқұдық шатқалында өткен рәсімге департамент басшысы, полковник Әлібек Каюпов, аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков қатысып, заманауи модульдің лентасын қиды.

«Шекараны нығайтуға арналған жол картасы – 2024» бағдарламасы аясында шекарашыларға пайдалануға берілген модульде барлығы қарастырылған. Жеке құрам­ның жатын жайы, жуынуға арнал­ған орын, ас дайындап, тамақтанатын бөл­меге дейін бар. Сондай-ақ аптап ыс­тықтан қорғану үшін бөлмелер сал­қын­датқышпен қамтамасыз етілген. Осыған дейін барлау-із кесу топтары өздерінің ел шебіндегі аптаға созылатын қызметтерін далалық шатырларда өткізетін. Ал таулы өңірдің ауа райы құбылмалы, жауын-шашын көп болатыны белгілі. Сондықтан шекарашыларға қолдарынан келген көмектерін аямайтын жергілікті әкімдік мұндай заманауи модульдердің санын алдағы уақытта да көбейтуді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, ел шебінде тұрған шекара бөлімшелерінің ғимараттарын жаңарту, офицерлерге арнап, қызметтік пә­терлер салу да жол картасы аясындағы ауқым­ды жоспарлардың қатарына кіреді.

Еліміздің Әнұранымен ашылған іс-шараның алғашқы сөз тізгіні департамент басшысы, полковник Ә.Каюповқа берілді.

«Модульдік кешен шекарашылардың көктем айынан басталып, күз аяқталғанға дейін созылатын қызметтеріне арнал­ған. Бұл бастама, алдағы уақытта де­пар­та­менттің барлық аумағында осындай шекаралық бекеттер іске қосылады», деген Әлібек Амангелдіұлы осындай мүмкіндікті бірінші болып иеленген «Аманжол» шекара бөлімшесінің бар­лау-із кесу тобын Шекарашы күні мере­кесімен құттықтап, қызметтеріне қырағылық пен табыс тіледі.

Осыдан кейін департамент басшысы бастаған қонақтар заманауи үлгідегі жаңа шекара бекетінің ішін аралап көрді.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің учаскесінде ше­кара шебінде құқық бұзған 300-ге тарта адам ұсталған. Олардың ішінде мем­лекеттік шекараны немесе шекара ре­жімін бұзушылар, бақылау-өткізу бекет­терінің режімін бұзушылар көп кездеседі.

Қазіргі таңда қазақ-қырғыз шекарасы бойынша мемлекеттік шекараны бұзған 8 пәкістандық азаматқа қатысты тергеп-тексеру іс-шаралары өтіп жатыр. Шекара аймағына келу тәртібін бұзған 250-ден астам азамат әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалады.

 

Алматы облысы