«Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккендердің баспана мәселесі толық шешілді» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Тамыздың 21-і күні Жымпиты жерінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржысына салынған 100 үйдің кілті баспана иелеріне салтанатты түрде табыс етілді. Осыдан аз ғана күн бұрын 14 үй берілген еді. Осылайша, Сырым ауданында барлығы 114 үй салынды. Атап айтсақ, Өлеңті ауылында – 40, Жымпитыда – 48, Бұлдырты ауылында – 25 және Көздіқара ауылында 1 үй пайдалануға берілді. Бұл биылғы су тасқынында табиғи апат себебінен адам тұруға жарамсыз деп танылған баспаналар болатын.
Зардап шегушілерді жарылқаған қорға риза болған тұрғындар Жымпиты ауылында пайда болған шағын ауданды «Қазақстан халқына» деп атауды ұйғарыпты.
Салтанатты іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев келіп, жаңа қоныс иелерін құттықтады.
«Президент тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры қиын-қыстау кезеңде отандастарымызға қол ұшын берді. Биыл еліміздің бірнеше өңірі алапат су тасқынынан зардап шекті. Сол кезде біздің қор еліміздің 5 өңірінде 20 елді мекенде 627 тұрғын үй салуға атсалысты. Бүгін міне, Сырым ауданында салынған жаңа үйлердің кілті табыс етілді. Біздің меценаттарымыздың, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің, құрылысшылар мен «Қазақстан халқына» қорының бірлескен жұмысының арқасында Сырым ауданында 114 жаңа үй салынды», дейді қоғамдық қор төрағасы Болат Жәмішев.
Өңірдегі төтенше жағдайдың зардабын жоюға қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Нариман Төреғалиев «Қазақстан халқына» қорына алғыс айтты.
«Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Осыған орай біз табиғи апатқа ұшыраған облыс тұрғындарының тиісті ақшалай өтемақысын уақтылы беріп, баспанамен толық қамту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұған меценаттар мен үкіметтік емес ұйымдар үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Бүгін ерекше көмегі үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына алғыс айтамын», деді Н.Төреғалиев.
Құрылыс алаңдарындағы қарбалас жұмыс аталған қор мен БҚО әкімдігі арасында меморандумға қол қойылғаннан кейін басталған еді. Әкімдік су басу қаупі жоқ аумақтан жаңа үй салу үшін жер телімдерін анықтап, бөлді. Сондай-ақ қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізді. Жаз бойы жергілікті қоғам белсенділері құрылыс жұмысының барысы мен сапасын бақылап, қадағалап отырды. Енді міне, 80 шаршыметрлік жаңа үйлер халықтың игілігіне беріліп отыр.
Батыс Қазақстан облысы