• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Тамыз, 2024

Ауызсу жүйесі жаңартылады

46 рет
көрсетілді

Бұрын аудан орталығы болған Шелек ауылы халқының саны 35 мыңға жуықтаған. Былтыр қазан айынан бері 124 шақырым орталықтандырылған абоненттік су құбырларын қосқанда, барлығы 270 шақырымды құрайтын ауызсу жүйесін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Еңбекшіқазақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ тапсырысымен жүзеге асып жатқан жобаның құны – 5 187 746 теңгені құ­райды. Бұл жұмыстарды тиянақты атқаруды мердігер мекеме – «Ай-Су Мелиорация» ЖШС өз міндетіне алған.

Қазіргі уақытта 9 көшеде 20 арнайы техника, 55 адам тыңғылықты жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде, ұзындығы 130,4 шақырым орталықтандырылған және абоненттік құбырлар тартылып, 48,3 пайызға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілгені туралы Шелек ауылдық округінің әкімі Ай­дарбек Даутқұлов хабардар етті.

Шелек ауылында ұзынды­ғы 32 ша­қы­рым болатын орталық­тандырылған кәріз желілерін қайта жаңғырту және салу жұмыс­тарымен «Еламан» ЖШС айналысады. Басталғанына он жылға жуықтаған жобаға 2019 жылы тү­зетулер енгізіліп, мемлекеттік сарап­тама қорытын­дысы шы­ғарылған.

Бүгінде биологиялық тазалау стансасының құрылғылары орнатылып жатыр. Тазалау стансасына 2 тармақты электр желісі тар­тыл­ған. Былтыр ауыл ішінде тартылатын 22 ша­қырым кәріз жүйесінің (Қайыпов, Жібек жолы, Сыз­дықов, Розыбакиев, Таиров және Қа­былов көшелерімен) 10 шақырымы ғана қазылып салынған. Аталған көшелерге 179 құдық орнатылған.

Сондай-ақ Шелек ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз етуде ілгерілеу бар. Жеті жыл бұрын басталған газ тарту жұмысын «Apl construction» ЖШС жүргізеді. Ауылды то­лықтай қамтамасыз ету үшін 10 газ таратқыш салынуға тиіс. Соның сегізі орналастырылып, тағы бір газ таратқыштың құ­рылысы жүріп жатыр. Газ­дандыру жұмыстары 2026 жылы толығымен аяқталады.

 

Алматы облысы