• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәселе 27 Тамыз, 2024

Бұқар бабамыздың кесенесі тозып тұр

214 рет
көрсетілді

Жуықта жол түсіп, Бұқар жырау Қал­қа­манұлының кесенесіне бардық. Баянауланың оңтүстік-батыс бөлі­гіне қарай, Далба тауы­ның етегінде мәңгілікке дамылдаған бабамызға қол жайып, дұға жасай отырып, қазаққа ұлт бірлігі ауадай қажет еке­нін насихаттап өткен жыр­ларын еске түсірдік.

Баянауладан шыққан тарихи тұлғалардың көшін Бұқар жырау Қалқаманұлының ­бас­­­тап тұруы заңды­лық. Қа­зақ­тың ел болып қалып­та­су, мем­лекет ретінде толысу ке­зе­ңін­де әр сөзі көмейінен бірліктің ұйыт­қысындай ақтарылған жырау Тәуке, Болат хан, Абылай хан­дардың ақылшысы болды. Қа­зіргі тарихшылар баға бергендей, Бұқар жырау – аса ірі тарихи тұлға. Өз заманындағы көр­нек­ті қайраткерлер арасында ең ­көп жасағаны да, халық өміріндегі ­ірі оқиғаларға жиі қатысып, олар­ды өз шығармашылығы арқы­лы суреттеп, шығармаларын­да тарихи дәуірдің іздерін ең көп қалдырған да – Бұқар жырау Қалқаманұлы. Бір сөз­бен айтқанда, ол өз заманының ұлы идеологі, ханның ең сенімді адамы, кеңесшісі, ал халыққа әрі жырау, әрі батыр болып танылды.

Тарихшы Жамбыл Артық­баев: «Бұқар жырау ХVІІ ға­сырдың соңғы ширегінде, нақты айтсақ, 1683 жылы Жиделібай­сын аталатын Бұхар жерінде дүние­ге келді. Бұқар жыраудың руы – Арғынның үлкен бұтағы Мейрам сопыдан тарайтын Сү­йіндікпен еншілес Қар­жас. Қаржас ішін­де Алтынторы. Шежі­реде Алтынторыдан төрт ұл туады делін­ген – Жолымбет, Мәм­­бетәлі, Келімбет және Артық. Соң­ғы екеуі қалың Қар­жас Арқаға бір­жо­ла қоныс­танған­да, ескі қоныс Жиде­­лі­­­байсынды қи­май сон­да қалып қой­ған, Бұхарай-Шә­ріп­­тен күнгейге қа­рай Хиссар, Бал­жуан өлкелерін ме­кен­дей­ді. Осы күні қа­зақ­тан қалған Сүйіндік, Қуандық, Бегендік, Төртуыл, Үш ұл, Бұ­рындық, Шал, Май­рам, Шақай, Дәуіт де­ген аталар Лақай елі аталады», деп жазады.

Баянауылдық ар­да­гер педагог, өлке­танушы Қайриден Мұзафаров ерте­­ден жеткен ел сөзінде Бұқар жыраудың қа­зіргі Қара­ғанды облы­сындағы «Сұң­қар қия» аталатын жерде дүние­ге келгені айтылатынын жеткіз­ді. Бұқар жырау бабамыздың ке­сенесіне бастап апарған қа­рия 97 жасында өмірден өт­кен данышпан тектен-тек Далба та­уы­ның етегінен мәңгілік тыныс таппаған болар деп па­йым­дайды.

«Бұқар бабамыздың дү­ние­ге келген жеріне қатысты екі түрлі дерек бар. Баянаула сырт­қы округінің аға сұлтаны, би әрі шешен болған Мұса Шорманов жазған көне кітап­та Бұқар жырау туды делінетін «Жиделібайсын» деген атауға түсінік берілген. «Жиделі» – қазақтың жейде сөзінен, ал «байсын» – бай деген сөзден шыққан. Халқымызда «көйлегі көк болу», яғни тоқшылықта болу деген сөзі бар. Яғни Жиделі байсын атауы елдің көйлегі көк, тоқшылық­та, дәулетті болып өмір сүріп жатқанына қойылған. Ол қа­зіргі Ауғанстан мен Өзбекстан елдерінің аумағында болғанын кейінгі тарихшыларымыз айтып жүр ғой. Мұса Шорманұлы жазғандай, ол заман қазақтың керемет өмір сүрген кезеңі болған. Ал ел аузындағы екінші дерек, Бұқар бабамыздың Далба аумағында, қазіргі «Сұңқар қия» деп аталған жерде туғанын баяндайды. Ол жер кесенеден шамамен 60-70 шақырымдай жерде орналасқан. Жырау дүниеден өтерінде: «Мені дүниеден қайтқанда аманатқа сақтап, Әзіреті сұлтанға (Түркістанға) апарып қоймаңдар. Маған осы Сарыарқа даласының топырағы бұйырсын. Әйтпесе елдің құты қашады, ырысың кетеді. Менің кием осы Сарыарқаға ие болсын. Қазақтың ендігі Жиделібайсыны – осы жер» деуі де бекер емес», дейді өлкетанушы.

Кесене орналасқан жер – Далба тауының етегінде Бұқар бабаның ауылы болған. Әулие дүниеден өтер алдында Абылай хан мұнда арнайы келіп, қоштасып кеткен деген де аңыз бар. Негізі Қаржас руының Алтынторы тармағынан 7 әулие шыққан деседі. Оның ірі өкілі – Бұқар Қалқаманұлы болса, соңғысы – сүйегі Баянауылдың Мұса Шорман ауылында жат­қан Көшербай абыз. Ал жырау зиратының ел жадынан өшіп қалмауына ғұлама Мәшһүр Жүсіптің өзі себеп болған. 1927 жылы ол жанына Сармолланы алып, трашпеңкесіне отырады да, осы жерге келіп, қасиет иесінің қабірінің басына Баянауылдың гранит тасын қадап кеткен.

«Кеңес өкіметінің алғашқы жыл­дары бұл маңға жақын жер­де ұжымшар болған екен. Мәше­кең арбаға тиелген ауыр тас­ты­ көтеруге жәрдемдесетін ел азаматтарын ұзақ күтіп қалған­ға ұқсайды. Сонда жарықтық: «Әй, бар болғырлар, тезірек кел­сең­дерші. Мен өлсем, Бұқар баба­ларың елеусіз қала бере­ді. Мы­нау тасты құйрығыммен қа­шанғы басып отыра бере­мін», деп қарқ-қарқ күледі екен. Сөйткен белгітас 1993 жылға де­йін, яғни қазіргі кесенесі са­лынғанға дейін тұрыпты. Ал ба­сына жазуы бар тақтайша­ны алғаш орнатушы – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, руханият жанашыры Нағи Ахметұлы. 1973 жылы темірге ойылып жа­зылған тақтайшада: «Бұл жер­ге сөз зергері Бұқар жырау Қал­қаманұлы жерленген (1973 жыл)», делінген», деп атап өтті Қ.Мұзафаров.

1993 жылы тұр­ғызылған ке­сене қа­зақтың бас­киіміне ұқсас етіліп, кезінде бабамыз аңсап өткен үш жүздің бір­лігін сипаттайтын пі­шінде тұрғызылған. Биік­тігі 12 метрлік сәу­леттік ғимараттың мәр­мәр­мен өрілген ақ сұл­басы сонау алыстан көз тартады.

Шырақшы Сәбит Мұ­хановтың айтуын­ша, кесенеге тәу етіп ке­ліп жатқандар аз емес. Еліміздің түп­кір-түпкірінен, сонау Ресейден келіп, қа­сиет иесінен тілек тілей­тіндер бар. Кесене басын­да шырақшылар үйі, мұражай салынған. Бірақ алыстан ат арытып келетіндер үшін жайлы қонақүй жоқ.

Сонау 1993 жылы Кер­нейден кесенеге де­йін асфальтті грей­дер салынған екен. Ұзындығы 70 ша­қы­рымдай жол апа­лар­дың құрақ көрпе­сін­дей қы­рық жамау, ойқы-шойқы. Кейінгі 30 жыл­да күрделі жөндеу­дің бетін көрмегені байқалып-ақ тұр. Ал кесенеге Павлодар облысы жағынан, яғни Баянауыл тұ­сынан апаратын дала жолы тіпті сорақы. Небәрі 30 шақырымдық жолға жол таңдамайтын көліктің өзі бір сағаттан артық жүріп барады. Айналаның көбі сортаң, жаңбыр жауса, қарға адым жер жүрудің өзі мұңға айналады.

Жалпы, кесене басы мен ай­на­ласы көріктендіруді қажет­сі­ніп-ақ тұр. 350 шақырымдай қашықтықты басып өтіп, ба­ба­мыздың кесенесіне келгенде сұр­­қы қашқан аумақты көр­дік. Барлығы көнеріп кеткен, жа­ңартуды қажет етеді. Кесе­ненің орналасқан жері мен мұ­ражай, шырақшылар үйі Қа­рағанды облысының аумағында болғандықтан, бұл іске аталған өңір жауап берсе керек. Аумақ­тағы тазалыққа тағар мініміз жоқ. Тек бұл жерге мемлекет та­рапынан кешенді қамқорлық қажет екенін ұғындық.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы