• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 28 Тамыз, 2024

Еселі еңбектің нәтижесі

46 рет
көрсетілді

Ерте көктемнен кетпен-күрегін алып, егін еккен аудан диқандарының ала жаздай төккен тері өтеліп, қарқынды еңбектің нәтижесінде Алматы облысы Балқаш ауданында арпа-бидай ору жұмысы өз мерзімінде толық аяқталды.

«Аудан көлемінде биылға 28 570,6 гектар суармалы жерге егін егілген болса, оның 6 696,9 гектарына күріш, 6 144,8 гектарына арпа-бидай, қал­ған егістік алқапқа көпжылдық шөп егілген. Бүгінде аудан диқандары арпа-бидай егілген егіс алқаптарындағы ору жұмыстарын толық аяқтады», дейді Балқаш аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Дархан Төлеубек.

Егіні бітік шыққан шаруашы­лық­­тар­дың бірі – «Агрофирма Бірлік». Бұл серіктестіктің диқандары жұмы­ла жұмыс істеп, сапалы өнім алудың көшбасынан көрінді. Серіктестік­тің 1 360 гектар суармалы жеріне егіл­ген бидай осы күні толық басты­рылып, жиналған. Әр гектардан орташа түсім 25,0 центнер­ден айналды.

Жауапты науқанға шаруашы­лық бойынша 9 «Енисей – 1200», 3 «ҮТО» комбайндары және 12 «МТЗ – 1221», 2 «ҮТО» тіркемелі тракторлары жұ­мыл­дырылған. Механизатор Алмас Амангелді бастаған диқаншылар өскен өнімді төкпей-шашпай шығынсыз жинап алу жолында тыңғылықты жұмыс істеді. «Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанды баласындай сүйеді» деген. Ең бастысы, ауыспалы егіс ал­қабының ережесі сақталса, құнарлы топыраққа сіңірілген дәнді-дақыл мол өнім береді», дейді «Агрофирма Бірлік» серіктестігі директорының орынбасары Аршын Жақыпов.

Дала жұмыстары аясында бар­­­лық агротехникалық іс-шара өткізілді. Арпа-бидай жинау жұмысы бойынша 6 144,8 гектар алқап толық бастырылып, 10 446 тонна өнім алынды. Орташа түсім әр гектарға 17 центнерден айналды. Жоңышқа ору жұмыстары бойынша екінші орылым аяқталды. Барлығы 88 200 тонна мал азығы дайын­далды.

 

Алматы облысы,

Балқаш ауданы