Сенат депутаты Мұрат Қадырбек Арыс қаласы мәслихатының депутаттарымен кездесті. Кездесу кезінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, Сенат жұмысының өткен сессиядағы қорытындылары, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін қабылданған заңдардың маңызы талқыланды.
Сондай-ақ сенатор «Мега-Агат» көлік-логистикалық орталығының құрылыс барысымен танысты. Парламент депутаты кәсіпорын іске қосылған кезде жүздеген жұмыс орны ашылатынын және елдің экспорттық әлеуетін жақсартуға оң ықпалын тигізетінін атап өтті.
Мұрат Қадырбек қарттар мен зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа да арнайы барды. Сонымен қатар Түлкібас аудандық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Іс-шараға қатысушылар ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және аудан орталығын абаттандыруды қаржыландыру мәселелеріне тоқталды. Сенатор барлық мәселе алдағы уақытта тиісті мемлекеттік органдармен бірге қаралатынын айтып, өткен сессияда Парламент қабылдаған заңдардың негізгі басымдықтарын атап өтті.
«Қазіргі таңда қоғамды алаңдатқан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, лудомания мен буллингке қарсы күрес сияқты өзекті мәселелердің алдын алу үшін арнайы заңдар қабылданды. Осы және басқа да нормалар елімізді дамытуға, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз», деді Мұрат Қадырбек.
Сенатор Төле би аудандық мәслихатының активімен және депутаттарымен кездесуде қоғамдық бақылау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, масс-медиа және мемлекеттік сатып алу туралы заңдарға кеңінен тоқталып өтті. Жиында Палатаның қарауына келіп түскен заңдар шешім қабылдау алдында мәслихат депутаттарымен, сарапшылармен бірге жан-жақты талқыланып, зерделенетіні де сөз болды.