• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Энергетика 29 Тамыз, 2024

АЭС: Кәсіби көзқарас пен білікті маманға зәрулік

158 рет
көрсетілді

Қазақ жеріндегі тұңғыш АЭС-ті салуға ынталы әлеуетті компания­лар Астанада өз жобаларын таныс­тырып жатыр. «KazAtomExpo» көрмесінде айтулы мамандармен тілдесудің орайы келді. Көкейде сауал көп. Бірақ жауап жалғыз – АЭС бізге қажет. Бірақ осы жалқы жауаптың өзі тағы бірнеше сұрақ туындатады. Референдум оң нәтиже бере қалған күнде реакторларды кім салады? Қалай салады? Қай жерге салады? Қауіпсіздігіне кепілдікті кім береді?

АЭС артықшылықтары

Көрмеге қатысушылар қатарында Қытай Ұлттық ядролық корпорация­сы да (CNNC) бар. Вице-президент Чао Ганның айтуынша, Қытай тарапы Қазақстанға атом энергетикасын дамытуда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

«Қазір Қытайда жұмыс істеп тұрған 57 атом электр стансасы бар. 47 станса құрылыс сатысында тұр. Қытайлық АЭС алаңдарымен танысуға мүмкіндік бар. Қазақстан мен Қытай бұрыннан көрші болып келеді және Қытай АЭС құрылысы саласындағы өз білімімен бөлісе алар еді. Сондай-ақ бізде ядролық сала үшін тұрақты жеткізу тізбегі қалыптасқан және біз өз тарапымыздан үнемді, сенімді АЭС-ті дамытуға көмек көрсеткіміз келеді. Біздің бағдарламаларымыз ядролық саладағы кадрларды дамытуға, бо­лашақта Қазақстан өзінің АЭС-тің сенімді, білікті жұмысын қамтамасыз етуі үшін адами ресурстар мен құ­зыреттерді дамытуға бағытталған. Қазақстандық делегация Қытайда болып, құрылыс барысымен таныс­ты. Олар сондай-ақ тренингті, оқуды бақылау мүмкіндігіне де ие болды», деді Чао Ган.

Корпорация өкілі заманауи атом электр стансаларының кешенді қауіп­сіздік шаралары бар екенін айтып, соның ішінде ядролық қал­дықтарды қайта өңдеу әдістерінің арқасында тәуекелдері аз екенін атап өтті.

«Көбіне тәуекелдер ядролық қал­­дықтарды қайта өңдеуге, одан әрі не болатынына және қоршаған ор­таға қандай әсер ететініне қатысты мәселелермен байланысты. Қытайда қоршаған ортаға әсері жоқ деп сенімді түрде айта аламын, өйткені бірнеше онжылдық бойы шағын, орта және жоғары әсер ететін сынақтар жүр­гізілді. Қазір мұндай әсер бай­қал­­майды. Жалпы, атом электр стан­са­сының қызметі мен қауіпсіздік шаралары туралы жұртшылықты хабардар етудің маңызы зор. Ха­лықтың заманауи технологиялар мен процедуралар туралы хабардар болуы – қоғамда сенім мен түсі­ніс­тік қалыптастырудың негізгі фак­­­торы. Халықаралық қоғамдас­тық бұл мәселеде халықпен ашық бо­­луы қажет. Жоғарыда айтқаным­дай, Қы­­­тайда 57 белсенді атом электр стан­­сасы бар.  Әрине, бізде ядролық қалдық­тарды қайта өңдеуге арналған арнайы қондырғылар бар. Кәсіби қоғам­дастықпен ғана емес, халықпен де өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өткім келеді. Шын мәнінде, атом энергетикасы – жалғыз шешім емес, бірақ климаттың өзгеруінің негізгі шешімдерінің бірі», деді спикер.

 

Қолданылған ядролық отын – ресурс

Іс-шараның үзіліс сәтінде «Русатом – халықаралық желі» МК жеке меке­месінің бас директоры Вадим Титовты әңгімеге тарттық.

«Мен Қазақстан азаматта­рының біздің көптеген жо­ба­мызға өте бел­сенді қатысаты­нын және бүгінде олар атом электр стансасын салуға да, пай­далануға да дайын жо­ғары білікті маман екенін атап айтқым келеді. «Росатом» дайын АЭС-ті пайдалану ке­зінде қолдау көрсете алады. Пай­даланылған ядро­лық отын­­ды өңдеуге арнал­ған ше­шімдеріміз де бар. Қолда­ныл­ған ядролық отын ресурс болып саналады. Біз әріптес­терімізге пайдаланылған ядро­лық отын қауіпті емес, пайдалы болу үшін онымен не істеу керектігі туралы заманауи тиімді шешімдерді ұсынамыз. Әлбетте, қауіпсіздік талаптарына назар аударылады. Оны халықаралық ұйымдар реттейді. Мысалы, ІІІ+ буыны атом электр стансаларын бар­лық ықтимал сыртқы әсерлерден қорғайды. Инфрақұрылым – өте маңызды мәселе. Серіктеске не қажет екеніне байланысты біз толық көмек көрсетеміз. Ха­лықтың қолдауынсыз АЭС тиімді жұмыс істей алмайды. Сондықтан халық­тың барлық алуан топтарымен, өз пікірі, сұрақтары бар әрбір адаммен жұмыс істеу өте маңызды», деді В.Титов.

 

Кәсіби және құзыретті білімді дамыту өте маңызды

Франциялық «Assystem» компа­ния­­сына Қазақстанмен ядролық салада сенімді және ұзақмерзімді қарым-қатынас орнату маңызды болып тұр. Компания ядролық салада 60 жылдан аса жұмыс істейді, үлкен тәжірибеге ие.

«Біз тек Францияда ғана емес, бүкіл Еуропада, оның ішінде Ұлы­британияда жұмыс істейміз. Жоба­ларымыз Түркия мен Сауд Арабия­сында да жүзеге асырылып жатыр. «Аракам» жобасында KHNP компаниясымен ынтымақтасамыз. Қазір барлық төрт блок аяқталды. Сондай-ақ Чехия, Франция және Ұлыбританияда жобаларымызды жүзеге асырып жатырмыз», деді компанияның вице-президенті Гийом Пюраве.

Ол біздің ел үшін ядролық салада сенімді және ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатудың маңызына тағы тоқталды.

«Қазақстанға ең маңызды кеңес – ядролық салада қажетті құзыреттерді да­мыту. Кез келген АЭС-ті салу 10 жыл­­дан аса уақытты алады. Бірақ іске қосылғаннан кейін, 30, 40 немесе 50 жыл бойы жоғары білікті мамандар қажет болады. Сондықтан кәсіби және құзыретті білімді дамыту өте маңызды. Сонымен қатар АЭС құрылысына шамамен 20 мың қызметкерді тарту қажет. Көптеген ел алғаш рет АЭС салуды бастап, қиын­дықтарға тап болды. Қазақстан үшін басқа елдердің тәжірибесін зерттеу және ашықтықты қамтамасыз ету, халықпен диалог жүргізу, олардың мүмкіндік пен сын-қатерлер туралы хабарын арттыру аса маңызды. Бұл тұрақты дамуға әкеледі», деді компания өкілі.

 

Қоршаған ортаға қолайлы

«Байтақ» жасылдар партиясының аппарат жетекшісі Бекберген Керей саяси ұйымның ұстанымы халықтың АЭС-ке деген көзқарасы негізінде екенін мәлімдеді.

«Бүгінде атом энергиясына балама жоқ екенін білеміз. Сондық­тан бейбіт атом энергиясын таза және қауіпсіз көз деп танып, оның технологиялық үдерістерін дұ­рыс құруды және қауіпсіздікті қамтама­сыз етуді жолға қойғанымыз жөн. Оған қоса, импорттық электр энер­гия­сына тәуелділікті азайту және ұзақмерзімді келешекте энер­гетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуіміз қажет», деді ол.

Спикер бейбіт атомның эколо­гиялық артықшылықтарына да тоқ­талып өтті.

«Парниктік газ шыға­рындылары болмайды. АЭС жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруінің негізгі себептері саналатын көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Атом энергетикасы – сол шы­ға­рындыларды азайту және декарбонизациялауға қол жет­кізетін маңызды құрал. Екін­ші­ден, көмір электр стансаларынан айыр­машылығы – АЭС күкірт пен азот оксидтерін, қатты қалдық бөлшектерді, адам денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер ететін басқа ластаушы заттарды таратпайды», деді.

Сарапшы АЭС тиімділігін сараптай келе мынадай артықшылықтарды тізбелеп шықты.

АЭС бірдей қуаттағы күн және жел электр стансаларына қарағанда едәуір аз аумақты қамтиды. Бұл ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және басқа да мақсаттар үшін құнды жерлерді сақтауға мүмкіндік береді. АЭС құрылысы үлкен су қойма­ларын құруды және аумақтарды су басуды талап ететін гидроэлектростансалармен салыстырғанда табиғи ландшафтқа аз әсер етеді. АЭС орналасқан жерде ра­диоактивтік қалдықтардың өндірістік қызметін бақылайтын, оларды залалсыздандырып, жоятын әлемдік озық технологиялар жеткілікті. Қазіргі заманғы АЭС-тер жылу электр стансаларымен салыстырғанда суды тұтынуды едәуір төмендететін жабық сумен жабдықтау циклін қолданады. Кейбір өнеркәсіптік кәсіпорын­дар мен жылу электр стансалары­нан айырмашылығы – АЭС су объек­тілеріне зиянды заттарды таста- майды.

«АЭС-ті пайдалану кезінде судың қайтарымсыз шығыны көлдің табиғи булануынан болатын шығынмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болатыны анықталды. Вендорлар ұсынған дерекке сәйкес, екі блокты АЭС пайдаланудан судың қай­тарымсыз шығыны (булануы) жылына шамамен 63 млн текше метр­ді құрайды, бұл Балқаш көлі була­нуының 0,32 пайызына тең. Сарап­шылардың есебінше, Балқаш-Алакөл бассейнінің су ресурс­тарының көлемі 25,2 млрд текше метрді құ­райтын болса, онда АЭС аталған бассейн суына әсер етпейді. Демек бейбіт атомның таза энергияның қауіпсіз көзі екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз», деді сарапшы.

 

Маман даярлаудың маңызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техника факультетінің деканы Нұрзада Бейсен АЭС салатын болсақ, кадр мәселесінде тәуелсіз болуымыз керек дейді.

«Бұл тарапта кадр мәселесінде өзгелерге арқа сүйемеу маңызды. Өз мамандарымыз бен ғалымдарымызды даярлап, жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеу қажет. Бізде осыған қажетті барлық мүмкіндік бар. Бізде қос дипломдық бағдарламалар бар. Студенттеріміз Ресей, Жапония, Корея, Қытай университеттерінде оқиды. Жыл сайын осы бағдарламалар бойынша 10-15 студент білім алады. Сонымен қатар шәкірттеріміз Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) тәжірибеден өтеді. Соңғы жылдары жас ғалымдарға көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл – елдің академиялық деңгейін көтеру үшін маңызды қадам», деп түйіндеді сөзін факультет деканы.