Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Парижде жалауы желбіреген XVII Жазғы Паралимпиада ойындары аясындағы іс-шараларға қатысты. Францияға жұмыс сапары барысында Палата спикері ЮНЕСКО-ның Инклюзия жөніндегі конференциясында сөз сөйледі. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азулемен және Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен кездесті.
Конференция параспорттың инклюзия саласына беретін тың әсері және оны кеңінен қолдану мәселелеріне арналды. Қазақстан бочча федерациясының президенті іс-шараға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Паралимпиада ойындары қарсаңында осындай ауқымды жиын ұйымдастырғаны үшін ЮНЕСКО-ның басшылығы мен өкілдеріне алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол мұндай бастама ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдауға және осы алаңда инклюзия мәдениетін дәріптеудің келешегін талқылауға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Мәулен Әшімбаев бұл сала Қазақстанда кейінгі жылдарда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалардың басым бағыттарының біріне айналып, айрықша маңызға ие болғанын да атап өтті.
Конференцияда кешенді қолдауды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту мәселесіне баса мән берілді. Сенат төрағасы атап өткендей, бұл бағытта медициналық аспектілерге ғана басымдық беріп қоймай, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ оларға өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға, сапалы білім алуға, қоғам өміріне белсенді араласып, мемлекеттік басқару ісіне қатысуға толық жағдай жасау аса маңызды.
«Қазақстанда мемлекеттік саясатта инклюзивті тәсілдерді іске асыруға баса мән беріліп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жаңғыртулар әділеттілік қағидатына табан тірейді. Баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құрмай ол қағидатқа қол жеткізе алмаймыз. Біздің мақсатымыз – ерекше қажеттілігі бар азаматтар бетпе-бет келетін проблемаларды шешу жолында дәстүрлі қайырымдылықтың және медициналық қолдаудың аясынан шығу. Біз олардың қоғамға бейімделуіне және өмірден өз орындарын табуына жаңа серпін беретін тиімді экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз», деген Қазақстан бочча федерациясының президенті Қазақстан заңнамасындағы инклюзивті білім беруді дамытуға, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған өзгерістерге тоқталды.
Халықаралық конференция барысында БҰҰ-ның бас хатшысы Антонио Гутерриш, ЮНЕСКО-ның бас директоры Одри Азуле, Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс және тағы басқалар сөз сөйледі.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен кездесті. Тараптар паралимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Сұхбат кезінде Сенат төрағасы Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мен параспортты дамыту үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев паралимпиадалық спортты дамытуға және параспортшыларымызды жан-жақты қолдауға баса мән беріп келеді. Біздің елде 60 мыңға жуық азамат паралимпиадалық спорт түрлерімен шұғылданады. Олардың мыңға жуығы Ұлттық құрамаға мүше. Бүгінде Қазақстанда 19 паралимпиадалық спорт түрі қарқынды дамып отыр. Осы орайда біздің Халықаралық паралимпиада комитетімен серіктестігіміз елімізде паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту жолында айрықша мәнге ие» деп, Мәулен Әшімбаев Қазақстан бочча федерациясының қызметі туралы сөз қозғады.
Сонымен қатар Сенат төрағасы ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азулемен кездесті. Кездесу барысында Алматыда БҰҰ Өңірлік бюросымен жұмысты жандандыру, рухани дипломатияны ілгерілету, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және тағы басқа көпжоспарлы өзара іс-қимылды арттыру мәселелері әңгімеге арқау болды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен XVII Паралимпиада ойындарына Қазақстан делегациясын бастап келу – мен үшін зор мәртебе. Біздің елде параспорттың экожүйесін дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Қазақстан спорт және білім беру салаларындағы ауқымды саясат аясында параспортқа да басымдық беретін ұлттық стратегиялар әзірлеп жатыр. Біз ЮНЕСКО-ның баршаның спортқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Бұл ретте Fit for life sport – Өмір үшін спорт флагмандық бастамасын айрықша атап өткен жөн», деген Мәулен Әшімбаев нақты салалардағы ынтымақтастықтың маңызды екеніне назар аударды.
Одри Азуле өзара іс-қимылды арттыруға мүдделі екенін айтып, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен заңнамалық өзгерістердің тиімділігін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан паралимпиада құрамасы Парижде өтетін XVII Жазғы паралимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Дүбірлі дода 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарысқа 182 елден келген 4 400-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Олар барлығы 549 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Қазақстан ұлттық құрамасы бұл Ойындарға спорттың 9 түрінен 33 жолдама жеңіп алды. Нақты айтқанда, отандық атлеттер пара жеңіл атлетика, парапауэрлифтинг, паратаеквондо, пара үстел теннисі, паражүзу, парадзюдо, параканоэ, пара оқ ату және отырып ойнайтын волейболдан сынға түседі. Осы ретте қазақстандық параспортшылар пара үстел теннисі мен параканоэден Паралимпиадаға алғаш рет қатысып жатқанын айта кеткен жөн.